Маңғыстау облысының биылғы он бір айдағы экономикалық-әлеуметтік дамуы туралы мәлімет те осы ойды нақтылай түседі.
Биыл негізгі макрокөрсеткіштердің оң нәтижесіне қол жеткізе алған өңірде өңдеу өнеркәсібі, туризм, көлік және логистика, шағын және орта бизнес, агроөнеркәсіп салалары дамудың негізгі бағыттары болып табылады. Бұл бағыттар аймақтың дамуында қозғаушы күш болса, ол бағыттардың өзін нығайту үшін өңірге инветиция тартудың маңызы зор. Мемлекет басшысының аймақ басшыларының алдына қойып отырған негізгі тапсырмаларының бірі де осы – инвестиция тарту. Бұл тұрғыда Маңғыстау облысында инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр дей аламыз, өйткені соңғы бес жылда облысқа 4 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылды.
Өңірде 2024-2026 жылдар ішінде экономиканың түрлі саласында құны 666 млрд теңгеге 42 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл 1 800 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, ал биыл 14 жоба іске қосылып, нәтижесінде 435 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды.
«Алдағы уақытта өңіріміздің барлық бағыттағы әлеуетін пайдалана отырып инвестициялық құны 27 трлн теңге болатын 8 ірі жобаны ашу жоспарланды. Әйгілі «SVEVIND» неміс-швед компаниялар тобы жылына 2 млн тонна жасыл сутегі өндіріп, өнімін экспортқа шығаратын жел мен күннен тоқ алып, жиналған энергияны жасыл сутегіге айналдыратын ірі зауыт салады. Елімізде теңдесі жоқ бұл жоба энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, әлеуметтік мәселелерді шешуге үлкен септігін тигізбек. Сондай-ақ жылына 4 млн тонна мұнай өндірілетін «Қаламқас-теңіз, Хазар, Әуезов» кен орындарын игеру де өңір экономикасына тың серпіліс беретін боламыз.
Аммиак-карбамид кешенінің құрылысы, Құбыр шығаратын зауыт, Жаңаөзен қаласында жаңа газ өңдеу зауыты, Каспий теңізі акваториясында кеме жасау верфі, сұйытылған табиғи газ өндіретін зауыт пен контейнерлік хаб салу сынды ірі жобаларды іске асыруды жоспарлап отырмыз. Бұл жобаларда құрылыс кезінде 8 мың, іске қосылғаннан кейін 4 мың тұрақты жұмыс орындары ашылады», деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
«Ашық аспан астындағы мұражай» атанған Маңғыстау өңірінде туризмді дамыту – басым бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, Маңғыстауда туризм саласын дамытудың кешенді жоспары жасалған. Аймақ басшысының айтуынша, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында өңірге шет елдер мен ел аймақтарынан 367 мың турист келіп 15,2 млрд теңгеге жуық қызмет көрсетілген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20% өсімге ие.
Өңірде туризмді дамыту үшін Ақтау қаласындағы «Жылы жағажай» аумағында инвестициялық құны 100 млрд теңге болатын 11 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл жобалардың бірқатары 2027 жылға дейін жоспарланған болса, биыл 8,5 млрд теңгеге 3 жоба іске қосылды. Сондай-ақ «Кендірлі» курорттық аймағының потенциалын одан әрі дамыту - Президент Жолдауында айтылған мәселе. Қазіргі таңда бас жоспары әзірленген курорттық аймақта Маңғыстау облысы басшылығының қолдауымен дәстүрлі жағажай мен экотуризмнен бөлек «ойын-сауық туризмі» сияқты қосымша бағытты дамыту қолға алынып жатыр.
Бүгінгі Маңғыстау автомобиль жолдарының сапасымен мақтана алады. Яғни, өңір жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарының 96%-ы жақсы жағдайда болуымен республика бойынша ілгері деңгейге ілікті. Бұл нәтижемен тоқтап қалмай, қазіргі таңда аймақта 215 шақырымды қамтитын 12 автомобиль жолын салу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бағзыда «Жібек жолының» ұлы даласы, кеше «тоғыз жолдың торабы» атанған Маңғыстаудың транзиттік әлеуеті әлі де зор. Жыл басынан бері Ақтау, Құрық порттары және Солтүстік терминал арқылы 6,8 млн тонна жүк тасымалданған, өткен жылмен салыстырғанда өсім 3,5 пайыз.
«Бүгінде жеке инвестор қаржысына Құрық портында «Саржа» көп функционалды теңіз терминалының құрылысы жүріп жатыр. Ақтауда ТМД елдерінде теңдесі жоқ, инвестициялық құны 1 млрд доллар тұратын ірі әуе хабын құру бастамасы Үкіметтен қолдау тапты. Әуе хабы іске асқанда Ақтау - Орталық Азиядағы әуе жүк тасымалының орталығына айналатын болады», деген Н.Қилыбай өңірдегі қоғамдық көліктерді жаңғырту мәселесіне тоқталды. Шындығында Ақтау көшелері ғана емес, аудан орталықтарының өзінде заманауи автобустар жолаушылар тасымалымен айналысып, бірнеше бағытқа автобус қатынасы жолға қойылды. Соның бірі – кеше ғана Бекет ата басына зиярат етушілерді тасымалдау үшін арнайы және алғаш рет жаңа бағыттың ашылуы тұрғындарды қуантты. Облыс әкімінің айтуынша, Ақтау қаласына 91 дана жолаушы автобусы сатып алынып, нәтижесінде қала автобусының паркі 100%-ға жаңартылды. Жақсы үрдісті жалғастырып сатып алынуы жоспарланған 120 автобустың 70-і облысқа жеткізілді, келер жылдың ақпан айында қалған 50 дана автобустың келуімен Маңғыстау облысының автобус паркі 97%-ға дейін жаңартылады.
Маңғыстаудағы маңызды салалардың бірі - ауыл шаруашылығы саласы.
«Биыл 34,5 млрд теңгеге жуық өнімі өндірілді. Оның ішінде мал шаруашылығында өнім шығару көлемі 31%-ға көбейді. Инвестиция көлемі 4 млрд теңге болатын азық-түлік сақтау қоймасы қолданысқа берілді.
Келер жылы құны 3,5 млрд теңге болатын жұмыртқа мен құс етін өндіретін кәсіпорын және жылыжай кешенін іске қосу жоспарланып отыр.
Қарақия ауданында пилоттық жоба ретінде 3300 түп зәйтүн ағашы егілді. Күткен нәтижеге қол жеткізсек, бұл жобаны одан әрі дамытуды жоспарлап отырмыз.
Жалпы мемлекеттік қолдаулар есебінен Маңғыстау облысы бойынша агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі жол картасына сәйкес, 2024-2026 жылдары 15 млрд теңгені құрайтын 10 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Бұл өз кезегінде ішкі нарықты біртіндеп жергілікті әрі табиғи өнімдермен толтыруға мүмкіндік береді. 2025 жылы Қытай Халық Республикасы инвесторларымен бірлесіп, Маңғыстау ауданында жалпы құны – 2,2 млрд теңгені құрайтын «Түйе сүтінің құрғақ ұнтағы зауытын салу» жобасын іске асыруды жоспарладық. Зауыт толық іске асқан жағдайда жылына 1 440 тонна түйе сүті өңделеді және 65 жаңа жұмыс орны құрылатын болады», деді әкім.
Маңғыстауда соңғы 30 жылдан бері тоқтап қалған балық шаруашылығының жанданатыны да тұрғындар үшін маңызды жаңалық. Қазіргі таңда аймақта балық өсірумен айналысатын 3 кәсіпорын биыл 11 айда 45,5 тонна бекіре тұқымдас және жайын балықтарын өсірді, 2025 жылы 286 тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Балық шаруашылығын қайта жаңғырту үшін бірқатар инвесторлар тартылып, Каспийден балық аулайтын заманауи кемелер сатып алынды, нәтижесінде 2025 жылы теңізден 20 мың тоннаға дейін балық аулау межеленді. Аталған шаруашылыққа қатысты 2025-2027 жылдары құны 12 млрд теңге болатын 8 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр.
Шағын және орта бизнестің өңір экономикасындағы үлесі жыл санап өсіп келеді. 2024 жылдың 1 желтоқсанына дейін шағын және орта кәсіпкерлік нысандары 1 трлн теңгенің өнімін шығарды және аталған сала бойынша147 400 адам жұмыспен қамтылды. Биыл кәсіпкерлікті қолдаудың бірыңғай кешенді бағдарламасы шеңберінде бөлінген 17,5 млрд теңгеге 1231 жобаға қолдау көрсетіліп, аталған бағдарламамен әлеуметтік кәсіпкерлердің 20 жобасына 100 миллион теңге көлемінде мемлекеттік грант берілді.
Маңғыстау облысындағы өзекті мәселенің бірі – инженерлік инфрақұрылымды дамыту, тұрақты жылумен қамту болса, бірі – ауыз су мәселесі.
«Ақтау қаласындағы инженерлік желілердің 82% тозған. Бұл мәселені шешу үшін биыл қаланың 25 шағын ауданында ұзындығы 919 шақырымды құрайтын инженерлік желілерге жаңғырту жұмыстары басталды. Жоспарға сәйкес жөндеудің 1-ші кезеңінде 2026 жылға дейін жалпы құны – 20 млрд теңгені құрайтын 19 жоба іске асырылады. Бүгінгі күні қаланың төменгі 6 шағын ауданында 60 шақырым су құбыры мен кәріз желілерін жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр, нәтижесінде тозу деңгейі 82-ден 73 пайызға түседі. Тұрақты жылумен қамту туралы айтар болсақ, облыстағы 790 шақырымды құрайтын жылу желілерінің 60%-ның тозығы жеткен. Мәселені шешу мақсатында 2024-2026 жылдары «МАЭК» мекемесіне тиісті 22 шақырым магистралдық жылу құбырын жаңарту үшін жоба жасақталып, биыл оның тең жартысы жаңартылды», деді облыс әкімі Н.Игілікұлы.
Ал ауыз су мәселесін кезең-кезеңімен шешу үшін 2025 жылға дейін қуаты 140,5 мың текше метрді құрайтын 10 жобаны жүзеге асыру жоспарланған және бұл жұмыстар Мемлекет басшысының жіті бақылауында тұр.
2024 жылы өңірдің білім беру жүйесін қаржыландыруға 211 млрд теңге қарастырылды. Соңғы 3 жылда өңірде оқушылар саны 17 мыңға артып, мектеп қажеттілігі пайда болды. Мәселені шешу бағытында биыл, 6 510 орындық 14 жекеменшік мектеп, 4 800 орындық 4 мемлекеттік мектеп ашылды, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 13 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Облысты дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары шеңберінде Мұнайлы ауданында 150 төсектік аудандық орталық аурухананың құрылысы, Жаңаөзен қаласының «Кендірлі» ауылында дәрігерлік амбулаториясының құрылысы аяқталып келеді және Шетпе, Тәжен, Құрық ауылдарында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін нысандар салынып жатыр, биыл облыстық жедел жәрдем станциясына 5 дана реанимобиль табысталды.
Маңғыстау облысының әкімі Н.Қилыбай өңірдегі өзекті мәселе саналатын ескі теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстарын Үкімет қолдағандығын, енді жөндеу-жаңғырту жұмыстары жүргізелітіндігін, нәтижесінде вокзал тәулігіне 2,5 мың жолаушыны қабылдай алатын әлеуетке ие болатындығын, сондай-ақ 2025 жылы Ақтау қаласы Түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде дайындықты жан-жақты жүргізіп жатқанын, аясында алуан маңызды іс-шаралардың өтетіндігін, ол іс-шаралар үшін жергілікті бюджеттен 2 млрд-тан астам қаржы қаралғанын жеткізді.
Маңғыстаудың болашағы үшін жоспарланған жарқын жобалар аз емес. Жуырда Үкіметте өткен Маңғыстау облысын дамытуға арналған жиында 2027 жылға дейін туристік кластерді дамытуға бағытталған 167 млрд теңгенің 14 ірі жобасын іске асыру жоспарланды. Өңірді, Ақтауды дамытуға, тұрғындардың әлеуметтік әлеуетін арттыруға қажетті жобалар үшін қуанамыз.
Маңғыстау облысы