Іс-шараны QyzPU ректоры, Президент жанындағы Әйелдер істері мен отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі Гүлмира Қанай ашты. Конференция тақырыбының өзектілігін айта отырып, ректор биыл 50 жыл толып отырған психология кафедрасының маңызына тоқталып өтті.
Жиын барысында ҰҒА академигі Зарема Шаукенова:
«Бүгінгі күні «психология» қоғам үшін аса маңызды және өзекті мамандыққа айналып отыр. Әсіресе, білікті мамандарды даярлау ерекше назар аударуды қажет етеді. Өткен жылы «Аманат» партиясы халыққа психологиялық көмек көрсетудің тиімді институтын құру мәселесіне ерекше назар аударды. Жыл бойы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің психология кафедрасының қолдауымен осы бағытта белсенді жұмыстар істеліп келеді. Конференцияға елімізден, сондай-ақ Эстония, Қырғызстан және Түркия елдерінен қатысқан мамандар бала тәрбиесі мен ата-аналармен жұмыс істеу саласындағы тәжірибесімен бөлісуі, салада туындап отырған бірқатар мәселелердің алдын алуға, шешімін табуға ықпал етеді. Іс-шара студенттер үшін де пайдалы ақпаратқа толы әрі болашақ маман иелері үшін мазмұнды тәжірибе алаңы болып отыр» деп атап өтті.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры, психология ғылымдарының докторы Хорлан Шерязданова университеттің психология кафедрасының отбасы психологиясын дамытуға қосқан үлесі мен тарихына тоқталды.
«Мен психология кафедрасында қызмет етіп келе жатқаныма 45 жыл болды. Психология мамандығы университеттің білім беру жүйесіне 1997 жылы қосылды. Сол уақыттан бері жоғары білікті психолог мамандарын даярлап келеді. Психология мамандарының өз кәсібіне деген сүйіспеншілігін арттыруға, сондай-ақ еліміз үшін жоғары дәрежелі мамандарды даярлауға өз үлесімізді қостық. Психология кафедрасы 50 жыл ішінде маңызды жұмыстар атқарды. Көптеген мемлекеттік жобаларға қатысып, оларды білім беру жүйесіне енгіздік. Бұл жетістіктер кафедраның кәсіби шеберлігі мен ұжымдық еңбегінің нәтижесі» дейді Хорлан Шерязданова.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда елімізге белгілі ғалымдар және шетелдік сарапшылар, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдері қатысып, отбасылық зорлық-зомбылықтың өзекті мәселелерін, себептері мен салдарын, алдын алу әдістерін талқылады.
Бұл шара отбасылық зорлық-зомбылық мәселесін теориялық тұрғыдан талқылап, оны шешудің заманауи әдістерін тәжірибелік деңгейде қарастыруға бағытталды. Конференция халықаралық тәжірибе алмасу мен қауіпсіз орта құруға, дағдарыстық жағдайлардың алдын алуға және сапалы психологиялық көмек жүйесін дамытуды мақсат етеді.
АЛМАТЫ