Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының ақпаратына сүйенсек, бұл жөнінде Алмалы ауылының тұрғыны хабар беріпті. Осыған байланысты инспекция мамандары елді мекен маңына жедел жетіп, қанатын талған құстың сыбырлақ аққудың жас дарағы екенін анықтады.
«Сыбырлақ аққуды табиғи ортасына жіберу үшін тексеру жүргізілді. Бұл жұмысты инспекцияның бас мамандары А.Маратұлы мен С.Мақу, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының орнитологы И.Бофонов атқарды. Тексеру қорытындысымен құста ешқандай жарақат та, басқа ауру түрі де болмады», деп хабарлады инспекцияның мамандары.
Дала құсын қорада ұстауға үйрету мүмкін емес. Сол себептен сыбырлақ аққу табиғи ортаға жіберілді.
Атырау облысы