Театр • 24 Желтоқсан, 2024

Театр тынысы: кәсіби сыншылар бағасы

166 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

«Қазақстан театр сыншылары» бірлестігі биыл алтыншы рет «Сыншылар жүлдесі» марапаттау кешін ұйымдастырды. Алғашқы жылы сахна шығар­машы­лығына сараптама жүргізген сыншылар бес аталым аясында ғана үздіктерді анықтаса, марапат саны биыл мейлінше еселене түскен. Үздіктерді іріктейтін мерей­лі дода шығармашылық өкілдерінің шабысына қанат бітіріп, шабытына дем беріп, жаңа белестерді бағын­дыруға мүмкіндік сыйлайтын мақсаты мен маңызын жыл сайын арттырып келеді. Дегенмен Қазақстандағы 70-тен аса театрдың 53-інің 2024 жылы атқарған жұмысын қорытындылап, өз тарапынан кәсіби бағасын берген сыншылардың да сахна шығармашылығы төңірегіндегі үрдіс пен үдерістер туралы, табысталған жүлдеге бай­ланысты туындап қалған кейбір сыни ой-пікір мен өкпе-назға орай айтатын өз уәж-пайымы бар.
«Театр сыншылары бірлестігінің» төрағасы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академия­сы­ның профессоры, өнертану кандидаты Анар ЕРКЕБАЙ, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академия­сының профессоры, өнертану докторы Бақыт НҰРПЕЙІС, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр және кино бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты Аманкелді МҰҚАН, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, өнертану кандидаты Меруерт ЖАҚСЫЛЫҚОВА, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академия­сының оқытушылары, өнертану магистрлері, Жансая ТҰРМАҒАНБЕТ пен Бейбіт ӘЛКЕЕВА басылым ұйым­дастырған дөңгелек үстелде жыл бойы атқарылған жұмыстың нәтижесін талдап, жүлденің бүгіні мен болашағына алаңдаушылығын білдірді.

Театр тынысы: кәсіби сыншылар бағасы

Сурет: afisha.ru

– Анар Сайымжанқызы, марапат­тау салтанаты өз деңгейінде өтті деп ой­­лайсыз ба? Осы орайда, жетекші ре­тінде бірлестіктің атқаратын басты мақ­саты мен міндеттеріне тоқтала кетсеңіз?

р

Анар ЕРКЕБАЙ: Жыл сыңын­да дәс­түрлі түрде өткізілетін «Қа­зақстан театр сыншылары бір­лестігінің» «Сыншылар жүлдесі» марапаттау кеші еліміздегі театр­ саласының ең үздік жетістіктерін дәріп­теп, шығармашылық қауым­дас­тыққа жаңа серпін беру мақ­са­тын­да ұйымдастырылды. «Қа­зақ­стан театр сыншылары бірлестігі» – театр өне­рінің сапасын арттыру, сыншылық мәдениетті дамыту және театр, сыншы мен кө­рермен арасындағы байланысты тереңдету мақсатында қызмет ететін маңызды ұйым. Бұл бір­лестік еліміздің театр өнеріндегі үздік жұмыстарды анықтауды бас­ты мақсат етіп қойған. Театр сыншыларының кәсіби деңге­йін көтеріп, отандық театрды халықара­лық аренада таныту – осы бірлестіктің негізгі бағыттарының бірі. «Сыншы­лар жүлдесі» сынды марапаттар арқылы өнерпаздарды қолдап, театр өнерінің даму жолына үлес қосып келеді. Мысалы, биылғы жылы біз, сыншылар 109 жаңа премьераны көріп, талқыладық. Осы қойылымдардың негізінде жыл үздік­тері анықталды.

Сондай-ақ біздің бас­ты­ жұ­мыс­ы­мыздың бірі – театрларға арнайы сауалнамалар жіберіп, мониторинг жүргізу. Осы сауал­на­малардың нәтижелері сахнада қысқаша көрсетіліп, толық нұсқасы театрлардың электрондық поштасы­­на жолданды. Биылғы мониторингке 70 театр­дың 53-і жауап берді. Осы сауалнамалардан алынған мәліметтерге сәй­кес 2024 жылы 262 премьера қойылып, оны 175 режиссер сахналаған, 124 суретші сценография мен костюмдерін жасаса, 90 маман хореографиямен айналыс­ты. Гастрольдік сапар бойынша ең жоға­ры пайызды М.Әуезов атындағы Ұлттық ­театр иеленді. Ал Ақмола облыстық орыс драма театры шетелдік фестивальдар­ға ең көп қатысқан театр болып шықты. ­Ең жиі қойылған шығармалар қатарын­да Б.Соқпақбаев пен А.П.Чеховтың туындылары тұр. Бұл сандық көрсеткіш­­тер театрлардың бағыты мен репертуар­лық саясатын, драматург, режиссер, суретші, композиторлардың арасында сұранысқа ие тұлғалар екенін көрсетеді. Жыл сайын өткізілетін мониторинг­тің нәти­желері қазір театртану саласын­да­ғы ғылыми зерттеулерде, магистрлік және докторлық диссертацияларда кеңі­нен қолданылып, ғылыми айналымға енгізіліп жатыр.

– Бұл жүлде жыл сайын театр са­ла­­сындағы үздіктерді анықтаудың тұ­рақ­ты дәстүріне айналады деп күтуге ­бола ма?

– Иә, біз бұл жұмысты тоқтат­пай жал­ғастыра береміз. Жылдан жылға театр­танушылармен қоян-қолтық жұмыc жасап жүрген театрлардың саны ар­тып келеді. Бірлестіктің мақ­саты – театр өне­рінің маңыздылы­ғын айқындап, сала мамандарын ынталандырудың зама­науи әрі көркем үлгісі деңгейіне көте­ру. Басты міндет – театрдың қоғамдағы орнын айшықтау, оның шығармашы­­лық әлеуетін арттыру және театр саласы­ның оң бағытын қалыптастыруға үле­сімізді қосу. Сонымен бірге бір жыл ішіндегі театр өнерінде болып жатқан жаңалықтарды, жаңа есімдерді анық­тап, жетістіктерін көпшілікке таныстыру. Біздің ойымызша, жыл соңында осындай қорытындылар жасау театр өнерінің қай бағытта дамып бара жатқаны туралы ойтамызыққа, сараптамалар құрғақ статистикадан бөлек, жаңа сапалық нәтижелерге бастайтын театр мамандарына ой салары сөзсіз.

– Жүлде иегерлерін таңдау барысында қандай критерийлер басты на­зарға алынады?

п

Бақыт НҰРПЕЙІС: Бірінші критерий, театр сыншылары бір жыл ішінде қойылған спектакльдерді сахнадан өз көздерімен көруі керек. Бүгінгі таңда республикамыздың көптеген театры өз премьераларына театр сыншыла­рын арнайы шақырып, талқылау ұйым­дастырады. Сонымен қоса, елімізде жы­лына бірнеше рет халықаралық, рес­­пуб­ликалық, аймақтық, театрішілік дең­гей­дегі театр фестивальдары өткі­зіледі. Бұған көбінесе кейінгі жылдары шыққан спек­такльдер қаты­сады. Осы фестивальдарда қазы­лар алқасының мүшесі болып қатысатын театртанушылар мін­детті түр­де Бірлестіктің ата­лымдарына ла­йық жұмыстарды бел­­гілеп отырады. Екін­ші критерий, республикамыздағы бар­лық кәсіби театрдың (мемлекеттік және тәуелсіз) жұмыстарын мүм­кіндігін­ше толық қамту; үшінші критерий, Қазақстан театрларының әлемдік театр кеңісті­гін­дегі даму, өркендеу контексіндегі ор­нын бағамдауда бір жыл ішінде жарыққа шыққан спектакльдердің көркемдік ерек­шеліктерін кәсіби саралау арқылы «Жыл қойылымы», «Жыл моно­спектаклі», «Жыл актері», «Жыл режиссері», тағы басқа жұ­мыс­тарды анықтау.

Жүлде иелерін таңдауда үміт­­керлердің кәсіби біліктілігі мен шеберліктері бас­ты назарға алы­на­ды. Сонымен қоса, әр­бір аталымға таңдаудың өзіндік талап­тары бар. Мысалы, «Жыл актері» аталымына ұсынылған актер­ мына кри­терийлер бойынша таң­дала­ды: түр­леніп, бейне жасау; рольдің жанр­лық ерек­шелігін ажырата білу; актер ойы­нын­дағы тілдің байлығы, дыбыстың анық­тығы; музыкалық-хореографиялық икем­ділігі; ырғақты сезінуі; оқиға же­лі­сін­дегі қимыл-қозғалыстары, іс-әрекеттері, ым-иша­ралары, ой-сезім айшықтары, жүріс-тұ­рыстарының өзара қабысуы; сахналық тар­тымдылығы (айқындылық, сах­надағы серік­тестерімен ортақ тіл табыса алуы, кө­рер­мендерді тарта білуі т.б.) болуы шарт.

– Сіздердің бағаларыңыз әділ әрі ашық болуы үшін қандай механизмдер қолданылады?

– Театр сыншылары бірлестігінің мүшелері жыл соңында жеке-жеке сауалнама толтырып, үздік деген жұмыс­тарды белгілейді. Одан кейін соның қорытындысы бойынша жиналыс өткі­зі­леді. Әрбір аталымға ұсынылған үміт­керлердің аты-жөнін іріктеу басталады. Мысалы, «Жыл актерін» таңдау үшін барлық сауалнамадағы жауаптар қара­лады. Солардың арасынан сах­на­дағы жұмыс­тары көрнекі шыққан он актер ірік­теліп, талқылау барысында бір актердің есімі анықталады. Бұл жұмыс бір айға дейін созылып, әр ата­лымға ұсынылатын өнер­паздардың жұмыстары талданады. Бірлестіктің бар­лық мүшесінің пікірлері тыңдалып, қорытынды ше­шім дауысқа салу нәти­жесі бойынша жүзеге асырылып, хаттамамамен бекітіледі.

– Театрлар тарапынан сіздер­дің жұ­мыстарыңызға деген қы­зығу­шы­лық пен қолдау қанша­лық­ты бай­қа­лады?

– Театр сыншылары – театрдың бір бөлшегі. Оның қоғамдағы рөлі актерлерден, режиссерлерден, драматургтер­ден кем емес. Бүгінгі таңда әлемдік театр­ өнерінде сыншылар театрдың тарихын жасап шығатын шежіреші-ғалым ғана емес, театрдың жұмысын насихат­тай­тын жарнамашыға да айналып­ кетті. Біздің мақсатымыз бір жыл ішінде респуб­лика­мыздың театр өнерінде қандай же­тістік­тер болғанын кеңінен насихаттау. Сондық­тан да, еліміздегі көпте­ген театр­ Театр ­сыншылар бірлесті­гі­нің жұмысына қолдау көрсетіп келеді. Олар жыл соңында бірлестік тарапынан жіберілген сауалнаманы толтырып береді. Әрине, кей­бір театрлар мұны толтырудан бас тартып, жыл қорытындысына қатыспайтынын ашық айтады. Мұндай жағдайда, біздің тарапымыздан оларға ешқандай реніш жоқ. Бірақ сауалнама толтырған театр ұжымының жұмысын аталымға ұсына алмаймыз.

Биыл Театр сыншылар бірлес­тігімен (бірлестік мүшелері Астана қаласында да бар) респуб­ликамыздың көптеген мемлекеттік театры мен тәуелсіз театр ұжымы қоян-қолтық жұмыс жасады. Соның нәтижесінде премьералар мен спектакльдер апталығы және фестиваль нәтижесіне қатысты театртанушылар тарапынан жазылған 30-ға жуық мақала баспасөз беттерінде жарық көрді.

– Осындай әр саланың үздік­терін даралап аталымдар беріп жатқанда, А.Грибоедовтың «Ақылдың азабы» комедиясының басты кейіпкері Чац­кийдің «А судьи кто?» деген бел­гілі сұрағы еске оралады. Театр сыншы­ларының ішінде өздерінің бүйрегі бұратын шығармашылық ұжым­дар, актерлер, режиссерлер бар дегендей. Эксперттік құрамға нақтырақ тоқталсаңыз?

ррп

Аманкелді МҰҚАН: Биыл біздің сарапшылар тобы – театр сыншыларынан құралған 16 маман жұмыс істеді. Биылғы өткізген іс-шараны ұйымдастыру, өткізу барысының бар салмақ-жүгін өздерінің мойнына алды. Олар: өнертану докторы Б.Нұрпейіс, өнертану кандидаттары С.Қабдиева, Г.Жұмасейітова, А.Ерке­бай, М.Жақсылықова, З.Исламбаева, А.Мұ­қан, PһD Н.Ескендіров, докторант­тар М.Ерғалиұлы, Ж.Тұрмағанбетова, магистранттар Ж.Ахметова, Н.Құрманға­лиева, А.Ахмет, Н.Жұмабай, Б.Әлкеева, Д.Айдынұлы, Р.Бақытбекқызы, Т.Болат­ұлы қатысты. Басты талап театр сыншылары көрген спек­такльдерін бағалап, талқы­ға салуы керек. Күнтізбелік 2024 жыл бойы жаңа қойылған спектакль­дер саны мониторинг сана­ғын­да кел­тірілгеннен артық болуы заңдылық. Биылдыққа көріп үл­гергеніміз, баға беріп сарапқа түскені – осылар. Біз олар­дың бәрін көріп шығуға, театрлардың бәрін түгелдей қамтуға материалдық, физикалық мүмкіндігіміз жоқ. Соған қарамастан, театртанушылардың ба­сым бөлігі Алматыда болған соң осын­дағы барлық театрды, облыстар шақыр­ған тұсаукесерлерді қалмай көруге ты­­рыс­тық. Астана қа­ласындағы, басқа өңірлерд­егі жаңа спектакльдердің бәрін көрме­сек те, осы қаладағы жеке­лен­­­ген әріптестердің жіберген са­рап­тама­лық пікірлеріне сүйендік, елімізде жиі өте­тін фестиваль бағдарламаларынан ой түйдік. Қызу талқылаулар мен пікір бөлісуден кейін алдымен үздіктердің қысқа тізімін, сол тізімнен оза шық­қан­дарды дара­лау­ға әр аталым­ бойын­ша дауысқа салдық. Сон­дықтан, қазы­­лар алқасының ішін­де жекеленген театр­­лардың жо­ғын жоқтайтындар­дан аулақ болуға тырыстық. Таза өнер жа­рысы, «мық­тылар жеңсін» дей­тін орта бол­­ғасын барынша адал бо­луға тырысты. Талапкерлердің, талант­ты сах­налық жұмыстардың көп­тігінен жүлде алмағандар ішінде марапатсыз кеткендері қаншама. Үздік ондыққа, бес­тікке, үштік­ке ілігудің өзін зор жетіс­тік санаған театр­дың еңбек­торы­ларының қуаныштарын оқығанда бұл жұмысымыздың бе­кер жасалып жат­пағанына қуа­насың.

Шорт тізімдегі әр аталым бойын­ша жа­риялаған үздіктерге дауыс беру кезінде біз­дің таңдауымызбен қиыс­пайтын көрсет­кіштерді де көрдік. Со­лай болғанына қуандық та. Жалпы, электронды дауыс беру әдісі бүгінде көп қолданылады. Бірақ сол жүлдеге ұсынылған номинанттың екі өкпесін өшіретін қолайсыз әрі әділ емес әдіс. Кімнің туысы, досы, топтық чаты, ауылдас, кластас, курстас, тағы басқа танысы көп болса, сол көп дауысқа ие. Біз ол көр­сеткішке малдана алмадық. Бұл біздің жар­намалық және қоғамдық пікірді бі­луге бағытталған жұмысымыздың бір парасы болатын. Сондықтан жо­ғары дауыс алған, бірақ аталып өт­пеген номинанттар реніштерін басқаны жөн.

– Мемлекет пен министрлік тара­пынан театр мамандарына табысталатын марапаттардан «Сыншы­лар жүлдесі» несімен ерекшеленеді? Бұл жүлде театр­ өнерінің қандай қыр­ларын те­реңірек ашады немесе көтерме­лей­ді?

прппппр

Меруерт ЖАҚСЫЛЫҚОВА: «Сын­шы­лар жүлдесі», негізінен, театрларды марапаттау үшін ғана құрылған жоқ. Бұл – оның екінші қызметі. Бас­тысы, театрлардың шығармашылық мони­торингін өткізу, яғни қай өнер ордасы немен шұғылданып, қалай тыныс­тап отыр? Бір театр екіншісінен не­сімен ерекшеленеді? Бір маусымда театрлар­дың репертуарлары немен толықты, қандай жетістіктері бар деген сауалдарға жауап алу мақсатында ұйымдастырылды. Бұл мәліметтердің басым көпшілігін театртанушы ретінде біз ғылыми зерттеулерге арқау етіп, олардың статистикасы бойынша тарихын жазуға қолданамыз. Сыншы болған соң арнайы шақыратын театрлар көп болады, кейде фестивальдарға барамыз. Көрген қойылымдарды саралап алған соң, олардың арасынан шеберлігі жағынан көзімізге түсіп, шығармашы­лық кемелдігі толысқан, озық спектакль­дерді немесе актерлерді, суретшілер мен режиссерлерді неге марапаттамасқа деген ой келеді. Бастапқыда «Сыншы­лар жүлдесінің» аталымдары да көп болған жоқ. Негізінен, актерлерді, режиссер­лерді, спек­такль­дерді марапат­тап жүрдік. Кейін­нен «Жылдың үздік актерлік ан­самблі», «Жылдың үздік жобасы» сын­ды театрлық үдерісте маңызды ата­лымдармен толықтырып келеміз.

Алты жастағы сәби іспетті тәй-тәй басып келе жатқан «Сыншылар жүл­десі» мем­лекет пен министрлік тарапы­нан қар­жыландырылмайды. Театр сыншы­лары­ның өз жүрек қалауымен беретін кәсіби бағалары деп есептеуге болады. Бас­ты артықшылығы да сонда, мұнда тек тәуелсіз кәсіби театр сыншылары дауыс береді. Жоғарыда айтқанымдай, елі­міздегі республикалық, облыстық және тәуелсіз театрлардың бір маусымда қойылған спектакльдерінің арасынан үздіктерді таңдап марапаттау үшін қолымыздан келгенше барлық өнер ұжы­мының шығармашылығын назардан тыс қалдырмауды мақсат тұттық.

Ал мемлекет тарапынан қаржылан­дырылатын жүлделерді кім таңдайды, сарапшылары кім екенін көпшілік біле бермейді. «Сыншылар жүлдесі» аты айтып тұрғандай, театр сыншыларының таңдауы болып табылады. Оның үстіне бұл жүлденің бір тиын да қаржылай қоры жоқ. Дипломы мен гүлшоқтары және театр қайраткерлерінің шалқар шабыты мен маңдай тері тамған сахнадағы адал еңбегін мойындауы.

Шынтуайтына келгенде, еліміз­дің бай­тақ жерінде тарыдай шашылып жат­қан театр ұжымдарында қызмет ете­тін қаншама өнер тұлғалары бар. Олар­­дың шығарм­ашы­лығы, тауқыметті ең­бе­гі ел назарында болғанымен, елеу­сіз қала­тын­дары да жоқ емес. «Бұлақ көр­сең, көзін аш» демекші, сыншылар өздері көрген спек­такльдерде жарқ етіп көзге түс­кен өнер­паздарды бағалайды.Театр қай­раткерлерінің қызметін дәріптеу, тарихта қалдыру аса қажетті де маңызды деп білеміз.

– «Сыншылар жүлдесі» аясында өтетін мерекелік іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына кім­­дер қолдау көрсетті? Қаржылық, тех­­ни­калық немесе басқа да ресурстық қиын­дық туындайтын жағдайда оларды шешудің қандай жолдары қарас­тырылады?

вв

Жансая ТҰРМАҒАНБЕТ: «Сын­шы­­лар жүлдесі» – басқа мара­пат, жүл­делер секілді қаржылай ынталандыру сый­лығымен емес, елі­міздегі кәсіби театр сыншыларының бағасымен ерек­ше­ленетіні белгілі. Бірлестік өз жұмы­сын мем­лекеттік, жеке мекемелердің құ­зырлы кө­мегінсіз, тіпті демеушілердің қар­жы­лай қолдауынсыз жүзеге асы­рып келеді. «Сын­шылар жүлдесі» марапаттау кеші­нің ұйымдастырылуы, бұл іс-шараның табысты жүзеге асуына қажет барлық жауап­кершілік те толықтай бір­лестік мүше­лерінің мойнында.

Қаржылық қолдаудың жоқты­ғына қа­ра­мастан, іс-шараның сапасын қамта­ма­­сыз ету үшін өтетін орындарға Алматы қала­сының бір­­қатар театрлары мен мәде­ни ме­кемелерімен келіссөздер негізінде қол жеткізе алдық. Осы ретте алғаш бас­та­ған кезде: «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының, Мемлекеттік қуыр­шақ театрының, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының, Респуб­лика­лық мемлекеттік акаде­миялық корей театрының және биыл үлкен сахнасын ұсынған Б.Ома­ров атындағы «Жас сахна» театры­ның басшылығына үлкен залын жалға ақысыз ұсынып, қолдау біл­діргені үшін ерекше алғы­сымызды білдіреміз. Техникалық жабдықтар да сол мекемелер тарапынан ұсынылды.

Кез келген іс-шараның (оның үстіне республикалық дең­гейде болса) толық ұйымдас­тыру шығындарының сме­тасы болжалды түрде аз болмай­ты­­­ны белгілі. Қаржылық қиын­дық пен ре­сурс тап­шы­лығына қара­мас­тан, іс-шараны ұйымдастырудың бар­лық жү­гін бірлестік мүшелері өз күш-жіге­рімен атқарды. Сондықтан, «Сын­шылар жүлдесінің» ұйымдас­тырылуы бірлестік мүшелерінің жанкешті еңбе­гін, олардың театр өнеріне деген шы­найы ықыласы мен адалдығын айқындайды.

– «Сыншылар жүлдесінің» үміт­керлері туралы әлеуметтік желіге ақпа­рат жарияланған соң, көрермендер арасында үл­кен қызығушылық пайда болды. Осы жүлдеге дауыс беру жүйе­сінің нәтижелерге әсері қандай деңгейде?

прр

Бейбіт ӘЛКЕЕВА: Атауы айтып тұр­ғандай, жүлдені және жеңімпаздарды жыл сайын тек кәсіби сыншылар анық­тайды. Қазіргі көзі ашық көрерменнің бәрі (билет барлық жерде Тикетон, т.т. электронды жүйемен саты­лады) әлеуметтік желіде отырға­нын ескеріп, өзіміздің зерттеу, сараптауымызды солардың көзі­мен де қарастырып көрдік. Әлеу­меттік желі театрдың тілеулес-кө­рермендермен кері байланыс орнатуға, өздерінің театрларына деген қызу қолдаушылығын оятуға көп көмектесті. Таңдау біздікі, сондықтан, театртануда тәжірибесі мол кәсіби мамандар ұсын­ған үміткерлер де (TOP 10) тек ­театр сын­шыларының дауыс беруі арқылы таңдалып алынды.

Үміткерлер жарияланған пост­тар­ды көппен бөлісіп, театр кеңістігіндегі жаңалықтар мен жоғары деңгейде жұ­мыс атқарған мамандарды тануы бұл біз­дің де бір мақсатымыздың орындал­ғаны болмақ. Себебі біздің мақсат тек «диплом табыстау» емес, сараптама жа­сау, театрлардың тыны­сын бағамдау, жаңа есімдер мен жаңаша бағыттарды наси­хаттау. Өзін-өзі қаржыландырып отыр­ған бірлестіктің жүлдесі қандай да бір фестиваль, форум, конкурс бағ­дар­ламаларындай халықтың дауыс бе­руі арқылы көрермен көзайымын анық­таудан тұрмайды. Бұл – театрлардың бір жылдық жұмыстарының қорытын­дысын көрсететін кәсіби, әділ және нақты мониторинг. Дәл осы бағытта бірлестік жұмыстары әр жыл сайын түрленіп, дамып отырады.

– Өнер шаңырақтары мен жекелеген шығармашылық өкілдерін шабыттандыратын «Сыншылар жүлдесі» ғұмырлы болсын!

 

Дөңгелек үстелді жүргізген –

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ