Сурет: ult.kz
Жақында Май, Ақтоғай аудандарында емдеу мекемелері ашылды. Бұл – «Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту» жалпыұлттық жобасын, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында бой көтерген жаңа медициналық мекемелер.
– Май ауданының Ақжар ауылындағы фельдшерлік пунктке 500-ден аса адам қарала алады. Жаңа құрал-жабдықтардың арқасында медициналық қызмет көрсету аясы кеңейді. Мекемеге ЭКГ жазуға арналған телекардиограф, дефибриллятор, тыныс алу жолдарының аспирациясына арналған электр сорғыш құрылғы, көктамырішілік инфузияға арналған шприцті инфузиялық сорғылар сатып алынды. Бұған қоса физиоемдеуде қолданылатын небулайзер, жоғарғы тыныс жолдарын, құлақ қуысын емдеуге арналған ультракүлгін сәулелендіргіш, БТЛ магниттік терапия аппараты да жаңартылды. Мұнда ем-шара, физиотерапия, пациенттерді қабылдауға, дәріханаға арналған төрт кабинет, күндізгі стационар бар, – деп хабарлады өңірлік денсаулық сақтау басқармасынан.
Ақжардағы ескі медициналық пункт 1985 жылы салынған. Ғимараты әбден ескіріп кеткені себепті емдеу нысанын жаңадан тұрғызуға шешім қабылданған. Құрылысына 137 млн теңге жұмсалды. Мұндай мүмкіндікке облыстағы ең шалғай ауылдың бірі – Шұға елді мекенінің халқы да ие болды. Жаңа мекеме 144 адамға қызмет көрсетеді. Құрылысына шамамен 138 млн теңге жұмсалған.
– Мердігер «Bays Group» ЖШС нысанды уақтылы салып шықты. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық бағдарламасы аясында мұндай медициналық пункт Шілікті ауылында да тұрғызылып жатыр. Шұғада мұның алдындағы медициналық пункт жалдамалы ғимаратта орналасқан еді. Жергілікті тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге қажет дефибриллятор, ЭКГ аппараты, физио жабдығы, басқа да қажетті құрал-жабдықтар жеткізілді. Сонымен қатар ем-шара, екпе салу кабинеттері жұмыс істейді, – дейді Ақтоғай аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Дархан Рамазанов.
Биыл Ақтоғай ауданына 5 дәрігер, 10 орта буынды медициналық қызметкер келді. Олар жергілікті медицинаның кадрлық әлеуетін күшейтіп, денсаулық сақтау саласындағы сапаны жақсарта түседі деген сенім зор.
Павлодар облысы