
Елордадан жол тартқан пойыз жүйткіген күйі Бурабайға барып бір-ақ тоқтайды. Туристік пойыз аптаның сейсенбі мен сәрсенбіден басқа күндері күн сайын қатынайды. Жаңа транспорт 574 жолаушыға арналған. Жайлы орындықтар «Комфорт +» еуропалық стандартына сәйкес жасалған.
Мемлекет басшысы елімізде туристік саланы дамыту бойынша күш-жігерді жандандыруды, жаңа маршруттар құрып, инфрақұрылымды жақсартуды тапсырған болатын. Бұл тұрғыда жайлы әрі заманауи көлік турист тартуда үлкен мәнге ие. Алғашқы сапарына шыққан бұл пойыз осы бағытта атқарылған жұмыстардың нәтижесі. Салатанатты шара барысында «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының трансформация және цифрландыру жөніндегі бірінші орынбасары Әнуар Ахметжанов ұлттық компания туризм саласын дамытуға үлкен мән беріп отырғаны жөнінде әңгімеледі.
«Биыл Алакөл туристік бағытында ондаған пойызды іске қостық. Ондағы вагондардың барлығы салқындатқыш, ауа баптағышпен қамтылған. Соның нәтижесінде биыл туристік орындарға баратын жолаушылар тарапынан бірде бір арыз-шағым болған жоқ. Одан бөлек, осы жылдың қараша айында Көлік және туризм комитеттерінің қолдауымен Алматы – Түркістан – Ташкент бағытында алғашқы туристік пойызды жолға шығардық. Бұл – теміржол мен туристік саланың бірігіп жасаған жобасы. Оның ерекшелігі сол – жолаушылар түнгі уақытта жол жүріп, күндіз көрікті жерлерді тамашалайды. Келесі жылдың 2 қаңтарынан бастап туристік пойыз қайтадан жолға шығып, толыққанды бес күндік тур ұйымдастырылады. Бұл жолы қалалар қатарына Самарқанд та қосылды. Осыған ұқсас пойыз Өзбекстан тарапынан бізге қарай бағыт алады. Көрші ел тұрғындарына да еліміздің мәдениетімен, көрікті жерлерімен танысуына мүмкіндік туады», дейді Әнуар Ахметжанов.
Алғашқы сапарына шыққан №7515/7516 туристік электр пойызы отандық «ЗИКСТО» зауытында өндірілген. Пойыз сапа мен қауіпсіздіктің барлық заманауи стандартына сай келеді. Жолаушылардың жайлылығы үшін пойызда микроклимат жүйесі, жылдам қуаттау үшін USB-розеткалар, ойын-сауық контентіне қолжетімді Wi-Fi желісі және велосипедтерге арналған бекіткіштер орнатылған. Мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арнайы көтергіштер мен арбаға арналған орындар қарастырылған. Электр пойыз 6 заманауи вагоннан тұрады. Жобаны «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қаржыландырды.
Туристік пойыздың дизайны Астананың көрікті жерлері мен Бурабайдың әсем табиғатын бейнелейді. Жобаны жүзеге асыру мақсатында «ҚТЖ» ҰК» АҚ, Көлік министрлігі, Туризм және спорт министрлігі, Астана мен Ақмола облысы әкімдіктері, сондай-ақ «Visit Aqmola» мен «Астана даму орталығы» ЖШС бірлесе жұмыс істеген.
Жаңа пойыздың билет құны «Нұрлы Жол» стансасынан – 2 770 теңге, «Астана» стансасынан – 2 548 теңге.