Қоғам • 24 Желтоқсан, 2024

«Ұлттық қор - балаларға»: Бағдарлама қалай іске асып жатыр

48 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Ұлттық қор - балаларға» жобасы іске қосылды. Өскелең ұрпақтың жарқын болашағын қамтамасыз етуге арналған бұл жоба бүгінде қалай іске асырылып келеді? Балалар пайдасын көріп отыр ма? Осы және өзге де сұрақтарға Egemen.kz жауап іздеп көрді.

«Ұлттық қор - балаларға»: Бағдарлама қалай іске асып жатыр

Коллаж: azattyq-ruhy.kz

Бағдарламаның мақсаты мен әрекет ету тетігі

Жылдың жағымды жаңалықтарының бірі «Ұлттық қор – балаларға» жобасының негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты қолдау және оларға ұлттық жинақ есебінен тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе білім алуға мүмкіндік беру. 

Жоба аясында балаларға бағдарламаға қатысқан әрбір жылы үшін жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың басында Ұлттық қордан инвестициялық кірісті қоса алғанда, нысаналы талаптар түріндегі қаражат есептеліп отырады. Бұл бала 18 жасқа толғанға дейін жалғасады.

Бала 18 жасқа толған жылы нысаналы жинақтарды тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе білім алу ақысын төлеу мақсатында пайдалану құқығына ие болады. 

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының қатысушылары ретінде қоса алғанда 01.01.2006 ж. бастап 31.12.2023 ж. туған Қазақстан Республикасының азаматтары болып есептелетін балалар тіркелді. Келесі жылдары туған балалар да автоматты түрде бағдарламаның қатысушысы болып бекітіледі.

Алғашқы нәтижелер

2024 жылдың 1 ақпанында Қазақстан азаматы болып есептелетін барлық бала үшін БЖЗҚ-ға Ұлттық қордан алғашқы қаржы аударылған. Сол кезде бағдарламаға қатысушылар саны 6 919 131 болған. Олардың ішінде биыл 18 жасқа толатын 304 815 бала бар еді. Оларға қаржы БЖЗҚ-да ашылатын нысаналы жинақтау шоттарына (НЖШ) түседі. Айта кетейік, ақшаны тұрғын үйге немесе білім алуға жұмсауға болады.

Бағдарлама іске қосылғаннан кейінгі 5 күн ішінде нысаналы жинақ төлемін алуға 30-дан астам өтінім түскен екен. Олар бойынша төлем жасалды.

2023 жыл үшін аударылған сома 100 АҚШ доллары 52 центті құраған. Жыл сайын бұл сома Ұлттық қор өсімі мен инвестициялық кіріс есебінен ұлғайып отыратынын айта кету керек.

Ұлттық қордың инвестициялық кірісі жылдық мәнде - 1,39 миллиард АҚШ доллары. Бұл Ұлттық қордың 18 жылдағы орташа жылдық кірісі. Қордың инвестициялық кірісінің 50% мөлшері – бұл 2024 жылы есептелетін нысаналы талаптар сомасы, яғни 695,5 миллион АҚШ доллары. 695,5 млн АҚШ доллары / 6 919 131 бала = әрқайсысына 100,52 АҚШ долларынан үлестірілген.

Бағдарламаға қатысу дерегін қалай тексеруге болады?  

БЖЗҚ балалар туралы барлық мәліметті «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорынан (ЖТМДҚ) алып отырады. Баланың бағдарламаға қатысу дерегі және оған есептелген нысаналы талаптар туралы ақпаратты кәмелетке толмаған баланың ата анасы немесе басқа заңды өкілдері арнайы құрылған kids.enpf.kz сайтынан баланың ЖСН бойынша тексере алады. Сондай-ақ әрбір балаға жасалған есептеулер туралы мәлімет egov.kz порталындағы «Жеке кабинетте» қолжетімді.

Кәмелетке толған азамат нысаналы жинақтарын enpf.kz сайтындағы «Жеке кабинетінде», БЖЗҚ ұялы қосымшасында немесе egov.kz порталында өз бетінше де тексере алады. 

«Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасы іске қосылған бірінші күні - 2024 жылдың 1 ақпанында kids.enpf.kz сайтына 2,7 миллионнан аса адам кірді. ЖСН бойынша шамамен 5,5 млн сұраныс өңделді.

2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша БЖЗҚ жалпы сомасы 199 323,1 АҚШ долларына 1992 өтінішті орындады. Оның ішінде тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында - 78 798,04 $ сомасына 788 өтініш, білім беру ақысын төлеу үшін - 120 525,06 $ сомасына 1204 өтініш орындалды.

БЖЗҚ деректеріне сәйкес, 1 шілдеге қарай тұрғын үй жағдайын жақсартуға және білім беру ақысын төлеуге 16,6 мың өтінім берілді, оның ішінде 13 мыңға жуығы жалпы сомасы $1,3 миллионға орындалды. Балаларға келесі қаражат есептеу 2025 жылдың ақпан айында жоспарланып отыр.

Қорытындылай келе, «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасы 2024 жылдың ең маңызды әлеуметтік жобаларының бірі екенін аңғарамыз. Аталмыш жобаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған. Президент жобаның маңызы туралы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында да айтып өткен.

«Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан, мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді», деген еді Президент.

Осылайша, аталған игі бастама арқылы ел болашағы - балалардың сапалы білім алуына және баспанамен қамтамасыз етілуіне жағдай жасалып отыр.