01 Мамыр, 2015

Көз алдымнан кетпейтін көріністер

596 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

2015-04-30-Кенжебаев

Кенжебаев Жүнісбек аға 1923 жылғы еді. Ол - анамның тұла бойы тұңғышы, мен сүт кенжесімін. Арамыз  – жиырма жеті жыл. Нағашы атам мен әжем  жалғыз қызынан туған Жүнісбек ағаны шешем босанысымен бауырына салыпты. Сондықтан фамилиясы нағашымның атында. Бұл сыр кейін ашылды ғой. Аға Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер болатын. Осы күндері Отан соғысы туралы кинолар жиі көрсетіліп, телеарналардың барлығында көзі тірі 92 жастағы соғыс ардагерлеріне сөз беріліп, ал барлық басылым беттерінде «Жеңіске -70 жыл» деген айдармен майдангерлер туралы естеліктер жарияланып жатыр. Осыларды көріп отырып:  «Біздің аға да майданға барды, мектепте ұстаздық етті, апыр-ай, аға туралы ешнәрсе айтылмай қалды-ау, өзім журналист бола жүріп» деп, қарадай кірпігімді сулап аламын. Аға туралы айтсам, балалық шағым мен 22-ге дейінгі жастық шағым қатар өріледі. Өйткені, ағаны танып-білуім осы аралықтан басталады. Пешенесіне жазылған  қысқа уақыттың бәрінде ауызда жүрді. Жүнісбек аға 1942 жылы 18 жасында Қызылорда облысы, Сырдария (қазіргі Шиелі) ауданы, Бірлестік ауылынан жиырмаға жуық өз қатарымен Ұлы Отан соғысына аттанады. Олар әскери дайындықтан өтіп, атқыштар дивизиясына қосылады. Сталинград түбіндегі шайқасқа қатысқан аға 1944 жылы  ауыр жарақат алып, госпитальға түседі. Зуылдаған оқтың бірі кеуденің жүрек маңынан тиіп, жауырыннан бір-ақ шыққан. Майданда ағаға дала госпиталы бар, қала госпиталы бар, барлығы 9 мәрте ота жасалған. «Ажал жоқ болса, амансың» деген сол, 1944 жылы ауылға бір қолсыз мүгедек болып оралған. Келісімен Шымкенттегі Н.Крупская атындағы педагогикалық институтқа оқуға түскен. Оны бітіріп, жоғары білімімен туған ауылы - Бірлестіктің жеті жылдық, кейіннен онжылдық мектебінде өзі дүниеден өткенше қазақ тілі мен әдебиетінен оқушыларға сабақ берді. Ағаның сол иығындағы оқ сынықтары 1954 жылдарға дейін жүріп, ақыры етімен бітіп кетіпті. Алайда, мына тағдырды айтсайшы. Соғыста оқ пен оттан, талай отадан аман қалған Жүнісбек аға 1972 жылы 49 жасында соқырішекке  жасалған жәй ғана операциядан қайтыс болды. Артында он үш жастан төмен үйелмелі-сүйелмелі қыздары қалды. Бейнетқор, жанкешті аға Жеңістің 30 жылдығына да жетпеді. Майданда кеудесіне тағып қайтқан Жауынгерлік Қызыл Ту, екінші дәрежелі «Даңқ» ордендері мен көптеген медальдары үшін ардагерлерге берілген жеңілдіктерді де пайдалана алған жоқ. Ағаның қайтыс болуы да көз алдымда сурет. Ауруханаға, палатасына кіргенімде аға биік керуеттің үстінде сандырақтап: «Петро! Петро!» деп, әлдекімді көмекке шақырғандай дауыстады. «Майдан шебі көз алдына келіп жатыр ма екен» деп ойладым. Маңдайынан шыпылдап суық тер шығып жатты. Оны орамалмен сүрттім. Жаспын ғой, ағаның өлім алдындағы соңғы сәт екенін қайдан сезейін... Бір уақытта мені енді көргендей: «Сені мұнда қалай жіберді?» деді ентіге. «Медбикелерге ақша бердім. Олар маған 15-ақ минут  уақыт берді, аға» дедім. Таңдайы кебірсігендей көрінді. Апарған жүзімнен ерніне салып сорғызғым келді. Қарасам, ентіккен демі үдеген сықылды. Жүзім сөлін керек етпеді. Басын шайқады. Жастығын сәл көтеріп, су ішкізгендей болдым. Уақыт өтіп кетті ме, медбике жетіп келді. Қолында ағаға салады-ау, инесі бар. «Шамалы бола тұрайыншы» дегенге қарамады. Палатадан тез шығуды талап етті. Есіктің алдына келе бере бұрылып: «Аға, мен тағы келем ғой» дегенмін. Ол маған  өткір жанарымен тесіліп қарағандай болды. Бұл менің ең соңғы көруім және ақырғы тілдесуім екен. Менен кейін бір сағаттан соң үзілген. ...Бала күннен  көргенім Жүнісбек ағаның сол қолы жоқ, семіп қалған. Семген қол кәстөмнің жеңіне емес, шалбарының ішіне салынады. Аға ылғи ықшам әрі жеңіл киінеді. Қолы жоқ болған соң киілген кәстөмнің бір жеңі қолапайсыз желпілдеп тұрады. Басына жазда кепка, қыста қолдан тігілген тымақ киеді. Шашы аса қалың емес. Өңі қараторы.  Көзі өткір. Бойы ортадан сұңғақ. Ширақ қимылдап, ширақ тұрады. Жаяу жүргенінде, қасына анау-мынау адам ентігіп ере алмайды немесе желіп жүреді. Соғыстан бұрын Жүнісбек аға, қазіргіше айтқанда, жігіттің сұлтаны болған. Өнердің барлық түрін шебер меңгерген. Домбырамен күй ойнап, әуелете ән салып, сырнай тартқан. Оған суырып салма ақындығы қосылып, ойын-тойдың көркіне айналған екен. Бұдан да басқа ер жігітке қатысты барлық өнерді білген. Тазы ұстап, қыранды түлкіге салған. Құралайды көзге атқан мергендігін 4-5 сынып оқып жүргенімде көзбен көрдім. Оқушылардың қысқы каникулы кезінде аға, қасына  баласындай аялаған қызыл тазысын ертіп, көрпе-төсегін, қажетті қару-жарақ пен ыдыс-аяғын алып, асай-мүсейімен шолақ қолымен аңға  шығады. Ауылдан 10-15 километр қашық жерге дайындаған қосы бар. Қоста бір өзі жатып, ақбөкен, қоян, қасқыр, түлкі аулап, оны аттың шанасына тиеп, біздің үйге алып келеді. Апам ақбөкендерді қой сойғандай жіліктеп, тұздап бақанға іледі. Аңдарды терісінен ажыратын, терілерін бір бөлек тұздайды. Кейін дайын болған терілерді Қанат жеңгем стансаға барып сатады. Өздерінің сол кездегі бизнестері. Неге екені белгісіз, аға мұндай аң аулау сапарына жалғыз барады, қасына ешкімді ертпейді. Бұл енді нағыз батырдың ісі ғой. Ал тұлпар баптап, бәйгеге қосуы, ақ тері шығып, көкпар тартысын қолдан бермеуін аңыз дерсің. Бұған да куәгер болдым. Нағашы жеңгемнің бірі Бижамал: «Төре қайным, қайтсем де көкпарды осы үйге әкелем деп кетті. Бауырсақ пісіремін, үйге жүріп көмектес» деп мені апамнан сұрап алады. Дүрілдеткен көкпар басталады. Қиқулаған шабандоздардың шабысы бірде алысқа ұзап, бірде жақындап, көрші наймандардың ауылына бет алады. Біраздан кейін  құйындай шаңдатқан ағаның көкбурылы көрінеді. Ат үстінде аға ентіккен күйі, умаждалған көкпарды жеңгейге лақтырып: -Ал, Бижамал, тезірек қуырдақ дайында! –дейді. Көңілді-ақ. Соңында бір топ көкпаршылар дабырлай әрі бір-бірімен дауласқан күйлері ауыздықтарын қарш-қарш шайнаған аттарынан түсе бастайды. Қуырдақ піскенше, ыстық бауырсақпен не шәй, не қымыз, айран ішеді. Көкпар әкелінген үй мәртебелі. Бижамал жеңгем домаланып жүріп ауылдағы қатын-қалаштарға мақтанып мәз. Көрші-қолаңдар, ауылдың басқа адамдары біртіндеп келіп, көкпар қуырдағынан ауыз тиеді. Жүнісбек аға керемет биолог та еді. Ташкенттен неше түрлі жеміс көшеттерін әкеліп өсіріп, оны бірімен бірін будандастырып, жаңа өнім түрін алуға әуесті болған. Мұны тілмен айтып жеткізу қиын. Жеміс өсіру, оны баптау ағаның ең сүйікті ісі деп те ойлайтынмын. Жеңгемнің айтуынша, «Осы ғылымнан, өз тәжірибемнан кітап жазамын» дейді екен. Өмірі болғанда жазар ма еді. Өйткені, ағаның Мичуриннің кітаптарын жинауы тегін емес-тін. Мектептің өзіне қатысты бау-бақша участогі болды. Мұның жұмысына жауапты біздің аға. Бір жылы осы учаскеде сәбіз, жоңышқа көп егілді. Артынша «жас төлшілер» клубы  ұйымдастырылып, тор ішінде қояндар өсірілді. Әр сыныпқа төлбасы бөлініп, біз соларды күткенбіз. Кейін білгендей, бұл істің бәріне мұрындық болған аға көрінеді. Ал ағаның өз үйінің алдында шеңгел аралас, қызыл жыңғылмен қоршалған  аумағы үлкен бақ болатын. Онда мәуесі майысқан тұт, қызыл жиде, қара жиде, қара өрік, сары өрік,  алқызыл шие, алмұрт, жүзімнің неше түрлісі, алманың да қысқы және жазғы сорттарының жемісі пісіп, жайнап тұрады. Әжем қораға бізді кіргізбей қорғаштайды. Көз алдымызда  пісіп тұрған жеміске сілекейіміз шұбырады. Ағаның ұлы Рысбектің айтумен ұрлық операциясын  ұйымдастырамыз. Ол өзінен екі жас үлкен Зағира екеумізге әжемнен кілт алуды тапсырады. Қыздар әжемнің сырқырай беретін аяғын, біреуміз белін уқалап ұйықтатып, көзі ілінді-ау дегенде, қамзолындағы кілтті алып, қораға кіреміз. Ар жағы түсінікті. Арамыздан  Рысбек таяқ жейді. Кейін білдік, әженің қорғаштауы ана жемістер әбден піскен соң ауылдың үлкендеріне шақырып ауыз тигізіп, алдымен құран оқытады екен. Жүнісбек аға өмірге құштар-тын. «Бірнәрсе істей алмадым-ау» деп налыған түрін көрмедім. Үнемі ыңылдап, ән айтып жүреді. Мектепте қызметтес болған мұғалімдер ортасында ақжарқын қалпы бәрімен әзілдесіп, әлденені айтып күлдіріп тұрғанын көретін едім. Үйінде де солай. Әжеме қалжыңдап отырады. Жеңгем отбасылық жұмыстан  шаршай ма, кейде мінез көрсетіп қалады. Өзі қыпшақтың көкмұрын руынан. Көкмұрындар туралы ел ішінде күлкілі жағдайлар болуы керек, аға: «Әй, Қанат, әне бір  көкмұрын апаң  бар еді ғой, соған ұқсап» дей бергенде, жаңа ғана торсаңдап отырған жеңгем ішек-сілесі қата күліп, жайнап сала беретіні бар. Мектепте мен оқитын үшінші сыныпқа Жүнісбек аға қазақ тілінен сабақ берді. Неге екені белгісіз, мені және өз балаларын жоғары бағадан үнемі шектейтін. Мен бір күні әкеме: - Көке, қанша беске айтсам да, ана Кенжебаев аға маған бес қоймайды, - дедім шағымданып. - Ә, сөйте ме Кенжебаев ағаң? Мына жаман шешеңнің інісі... кө-ре-міз, - дейді көкем сөзін созып. - Осыдан үйге келгенде, оның атына шөп салмай, аштан қаңтарып қояйын, қайтер екен... - деп кеңкілдей күледі. Ал шындығында, байқаймын, олай болмайды. Жүнісбек аға үйдің қасына келіп, атынан енді түсе бастады ма, әшейінде малдың жем-суына құран оқудан қолы босап, тұра қоймайтын көкем, орнынан дереу құрақ  ұшып түрегеледі. Ағаның жалғыз қолынан тізгінді ала: «Жүнісбекжан, жем салайын ба мынаған,  шөп берейін бе?» деп елпелектеп, атты жетектеп қораға алып кетеді. Апам да елпілдеп: «Жүнісбекжан, шәй ішесің бе, айран да бар, жұмыртқа қуырсам қайтеді, суға пісірейін бе?», -  дей қалады. Бұл сырды мен кейін түсіндім. Менің жетінші сыныпқа көшкен кезім. Көкем қатты ауырып, төсек тартып жатып қалды.  Төрт қанатты киіз үйдің етегі түрулі. Үйдің ішінде жиналған ағайындар көп. Тек Жүнісбек аға жоқ.Үш ай жазғы каникул кезінде аға тыным таппай, шопандар үшін «қызыл отау» деп аталатын көшпелі кітапханада жұмыс істейтін. Хабар жеткізілген болар, ағаны жұрт күтіп отыр. Нәдір молда көкеме қайта-қайта дем салады. Көкем тілге келе алмайды. Ыңқылы күшейді... Бір кезде үй сыртына атымен сатырлата шауып, Жүнісбек аға келді. Көкемнің екі жанары есік жаққа ауды. Ағаны көрді. «Келдің бе?» дегендей, жанарынан моншақ-моншақ жас төгілсін... Оны апам сақалына жеткізбей сүрткілеуде. Жүнісбек аға көкемнің еті қашып сыйдиған, әлсіз білегінен ұстай, еңкілдеп қоя берді. -Яшүкір! - деді дауысы қарлығыңқырап барынша естіртіп. - Кешір мені, кешір! Ия «әке» деп, ия «жезде» деп айта алмадым-ау уақытында... Яшүкір, кеш! Әке, кешірші мені! – деді. «Әке» деген сөзді құлағына тақап айтты. Көкем кеудесі жасқа жуылып, кемсеңдей берді. Қатты ыңқылы да әлсізденіп бара жатты... Сол жерде отырғандардың бәрі: «Шіркін-ай, қайтсін енді, туған әке мен бала ғой», - десті көздерінің ылғалын сүрткіштей. Мен дәл осы сәт киіз үйден сыртқа атып шықтым. «Аға шынында да біздің аға екен ғой», - дедім күбірлей,  көз жасыма ерік беріп. Арада  көп уақыт өтпей, әкем бақилық болды. Шындық пен сырдың жария болған осы сәті көз алдымда өшпейтін бір сурет. Біздің ауылда соғыстан мүгедек боп қайтқан майдангерлердің  бәрі көңілді жүретін. Үйі тура мектептің қасында, өзі мектепте қарауыл боп істейтін Сейітбек деген ағайдың екі аяғы жоқ, оның біреуі жасанды ағаш аяқ. Сол кісінің де қабағының қатып, шаршап  жүргенін көрген емеспіз. Үнемі көңілді жүреді. Оның да бала-шағасы көп. Анда-санда  мерекеде ішіп алғаны бірден білінеді. Өзінің бар даусымен: «Три танкиста, три веселый друга» деп орыс тілінде өлең айтады. Ауылдың барлық ер балалары соңына сапқа тізіледі. Ол жаңағы әнді барлық буынымен қайталап, оларға үйретеді. Арасында ағаш аяғын шолтаңдатып, балаларға соғысу техникасын көрсетеді. Олар болса мәз. Ал соғысқа қатысқан Пернеахмет Молдахметов ағаның тіпті екі қолы бірден жоқ. Тамақты кісінің қолымен ішеді. Біздің аға сияқты ол ағай да үнемі атпен жүреді. Атқа отырғызса болды, тізгінді тісімен тістеп, «құлаймын-ау» деп қорықпастан, кәдімгідей  дүсірлетіп шауып беретін. «Бұл Пернекең бәйгеге түссе шаң қаптырады», - деп аға оны көтермелейтін. Осы кісінің де ақсары өңінде бір әбіржушілік болсайшы. Сондай-ақ, әдебиеттен сабақ беретін Алашаев Шәкір ағай да жүзінен шуақ шашып күлімдеп жүретін еді. Біздің Бірлестік ауылының 1941-1945 жылдары соғысқа қатысқан майдангерлері  Тілеубаев Әбділда, Байжігітов Таңсықбай, ағайынды Есенбаев Кәрім мен Әлімбай, Дүйсенов Манасбай, өз ағаларым Кенжебаев Жүнісбек, Яшүкіров Мәкен Сұлутөбе ауылдық округінен 900-ге тарта соғыс майдангерлерінің есімдері 1985 жылдары ескерткіш монумент тасына қашалып жазылып, ауыл орталығында тұр. Аға өте балажан да еді. Дастархан басында отырса немесе газет-журналдар оқи қалса, үйіндегі барлық балалары үстіне өрмелеп, арқасына шығып, тізесіне жабысып, ағаның ойын алаң етеді. Әжем көрсе аналарға: «Әй, түсіңдер әкелеріңнің үстінен, түге!» дейді дауысын көтере. Тыңдайтын олар жоқ. Аға Зағираны – Жақан төре, Рысбекті - оң қолым,  Қамашты - сол қолым, қыздарын «Дариғашым, Микашым, Ләззатым, қанаттарым менің» деуден жалықпайтын. Балаларымен қайта жаны жадырай түсетін. Тек ең кенжесі Айгүлді  көре алмады... Қанат жеңгейдің де өмірі ұзақ болмай, ағадан кейін дүние салды. Ағаға ұқсап, ұлдары Рысбек пен Қамаш намысты болды. Әке-шешесінің жоқтығын білдірмей, қарындастарына барынша қамқорлық жасады. Оларды оқытты, құтты орындарына қондырды. Балалық шағымның куәгерлері болған Зағира мен Рысбек те ерте дүниеден озды. Адам тәубеге келмесе тағы болмайды. Қара шаңырақ баяғы өз орнында. Онда  Қамаш інім  мен Күлшәй келін өз немерелерін сүйіп отыр. Екеуі де аға жұмыс істеген мектепте ұстаз. Өріс Яшүкірқызы.