Елдегі кез келген адам дүниеге келіп, осы жердің азаматтығын алған күннен бастап құқықтары мен бостандықтарына ие болады. Олардан бұл құқықты ешкім айыра алмайды, заңдар және өзге де нормативтік-құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады. Қазақстан дамуының жаңа кезеңін анықтайтын қазіргі саяси-конституциялық реформалар барысында адам құқығы институттары да жаңа деңгейге көтеріліп жатыр.
Адам құқығы бала құқынан басталады. Әрбір халық, әр ұлт өз болашағын ұрпағымен тікелей байланыстырады. Кез келген мемлекет әлемдік қауымдастық мүшесі ретінде баланың әлеуметтік және құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету жеке мемлекеттің ғана емес, жаһандық маңызды міндеттердің қатарына жататынын жақсы біледі.
Тәуелсіз мемлекетімізде де балалар құқын қорғаудың халықаралық стандарттарына сәйкес тиісті құқықтық тетіктерді қамтамасыз ету саясаты іске асып жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деп балалар өмірінің сапасын жақсарту туралы ұдайы айтып келеді. Әр бастама балалар құқын қорғаудың бірыңғай ұлттық стратегиясын әзірлеу және іске асыруға бағытталып отыр. Ұлттық стратегиямыз жас ұрпақ өмірінің заңдық аясын кешенді бағалаудан туындайды. Соның ішінде құқықтық бастамалар озық әлемдік тәжірибе мен еліміздің тарихи, ұлттық, мәдени ерекшеліктері ескеріле отырып жасалады. Яғни мемлекетімізде халықаралық талаптарға сәйкес балалардың құқықтарын қорғау туралы ауқымды ұлттық заңнама қалыптасты және оның негізгі институттары құрылып, ауқымды істер атқарылып жатыр.
Қазақстан тәуелсіздік жылдарында бала құқын қорғауға бағытталған 15 халықаралық шартқа қосылды. Бала құқықтары туралы Конвенцияны 1994 жылғы 8 маусымда ратификациялау нәтижесінде оның толыққанды қатысушысына айналды. Асыл қазынамыз бала құқығын реттеудегі құқықтық жүйеміздің қайнар көздерінің бірі халықаралық нормативтік құжаттар екені анық. Бұл нормаларды ратификациялау, имплементациялау отандық құқық дамуының мазмұнына тікелей әсер етеді. Ал ішкі мемлекеттік заңнама туралы айтар болсақ, балалардың құқықтық жағдайы Ата заңымызда, «Неке және отбасы туралы» кодексте, «Бала құқықтары туралы», «Білім туралы» және басқа да бірқатар нормативтік-құқықтық актіде айқындалған.
Еліміздегі заң шығару үдерістері барысында балалар құқын қорғаудың мәні жаңа мазмұнға ие болып келеді. Мемлекет басшысының балалар құқын жан-жақты қорғау туралы тапсырмаларын іске асыру барысында кейінгі жылдың өзінде бірнеше заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бала құқықтары туралы конвенцияға хабарлар рәсіміне қатысты факультативтік хатттама ратификацияланды. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдары мемлекеттік отбасы саясатының құқықтық, әлеуметтік, институционалдық секілді тағы бірнеше негізін жетілдіруге сеп болды. Сонымен қатар ана мен бала құқықтарын қорғау, олардың өмірі мен денсаулығына қарсы бағытталған іс-әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту, балаға қарсы буллинг, кибербуллингке әкімшілік жауапкершілік енгізуге, сондай-ақ профилактикалық және реттеуші тетіктер кешенін белгілеуге бағытталды.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі ұғымын енгізу және оның өкілеттіктерін заңдық деңгейде бекітуді де атап өтуіміз керек. Қорғаншылық және қамқоршылық органдары штаты 500 адамнан 1 350-ге баланы қорғау жүйесін күшейтуге септігін тигізді. Құқық бұзушылыққа байланысты бірнеше әкімшілік жауапкершілік Қылмыстық кодекске ауыстырылды.
Қазір Парламентте: «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік наградалар, білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» маңызды заң қаралып жатыр. Құжатпен 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарын лицензиялау тәртібін енгізу қарастырылған. Бұл жаңашылдық балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді күшейтіп, балабақша жұмысының сапасын арттырады деп сенеміз. Тағы бір жаңашылдық – жекеменшік білім беру мекемелерінде оқып жүрген белгілі бір әлеуметтік санаттағы балаларға тамақтануға, оқулыққа, мектеп формасын алуға қаржы бөлуге жергілікті атқару органдарының құзыреті заңмен бекітілді.
Заңда жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қабылдайтын кәсіби отбасы институтын енгізу көзделіп отыр. Бұл – балалардың әлеуметтік тұрғыда өмірге бейімделуіне, отбасылық ортада тәлім-тәрбие алуды қамтамасыз ететін тетік. Дегенмен бақытты балалықтың шын ошағы – өз ата-анасы, отбасы. Бала тәрбиесіне келгенде мемлекеттік саясаттың қуаты отбасының шуағымен нақтыланады. Әрбір жас отбасын құруға үлкен жауапкершілікпен келу керек. Жаһандық үдеріспен қоғамда отбасының аралас, толық емес, моногамия, полигамия, нуклеар сияқты түрлері кездесе бастады. Ал дәстүрлі қазақ қоғамында ел алдындағы абыройдың бірден-бір көрінісі болатын үлгілі әулет пен қара шаңырақ, жарасымды жанұя ұғымдарының орны ерекше. Қашанда ынтымағы жарасқан, өзара тату-тәтті, үйлесімді отбасы қазақ қоғамының құты болған. Бірақ шайқалған шаңырақтар саны азаймай тұр. Ең жақсы көретін екі адамның екі жаққа кетуі бала психологиясына үлкен әсер етеді. Тән жарасы жазылар, жан жарасын қайтеміз? Үйдегі зорлық-зомбылық, адамның құқығына нұқсан келтіретін іс-әрекеттердің жиілеуі елдік мүддемізге сын.
Тәрбиелі бала – бағымыз, тәрбиесіз бала – сорымыз. Бұл үлкендерге тәрбиені өзімізден бастағанымыз жөн болатынын ұғындыра түседі. Ұяда дұрыс қанаттанбаған түзу ұша алмас. «Баланы мен таптым, мемлекет асырасын, мектеп тәрбиелесін» деп қол қусырып отырудың арты орны толмас зардапқа ұрындыруы ықтимал. Уақыт өте келе баланың бұрыс жолға түскеніне кімді кінәлаймыз? Сондықтан да неке-отбасы заңнамасының негіздері неке және отбасы, әке болу, ана мен бала институтын нығайтуға негізделген дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғау, сақтау, нығайту және ілгерілету қағидаттарымен толықтырылып
келеді.
Алда қабылданатын заңдар да технологиялық даму пен өмірдің жаңа талаптарына жауап бере алатындай болғаны жөн. Бала құқығын қорғауға арналған мәселелерді үздіксіз шешу үшін қоғамның, мемлекеттің, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың барлық саласының өзара бірлігі маңызды. Бұл үшін алғышарттар да бар. «Балалар құқығы туралы конвенция – халықаралық деңгейдегі балалар конституциясы» деп бекер айтылмаса керек. Сондықтан бала құқықтары – жоғары құндылық, оны құрметтеу, сақтау және қорғау баршамыздың ортақ міндетіміз. Өзара тығыз байланыс қана балалардың мүддесі мен құқықтарын қорғауға мүмкіндік бере алмақ.
Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,
Парламент Сенатының депутаты