
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі
Биыл Мемлекет басшысының қатысуымен алғаш рет мәслихаттардың республикалық форумы өтті.
Жиын маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдауға бүкіл Қазақстан қоғамын жұмылдырудың тағы бір тиімді тетігіне айналды. Ауқымды іс-шара саяси партиялардан, бір мандатты округтерден сайланған мәслихат депутаттарын, сондай-ақ Үкімет мүшелерін алғаш рет бір алаңда бас қосуына сеп болды. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бұл бастаманы орталықтан өңірлерге дейінгі биліктің барлық тармағы арасындағы жалпыхалықтық диалогтың жаңа форматы екенін атап өтті.
«Әлеуметтік әділдік орнатуға бағытталған конституциялық нормалар биыл толық іске асырыла бастады. Қабылдаған заңдардың нәтижесін қазірдің өзінде көріп отырмыз. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы мен қолды болған капиталды қайтару туралы заң – осыған айқын дәлел. Жыл басынан бері балалардың жинақтаушы шоттарына алғашқы кіріс түсіп, заңсыз шығарылған активтерге елде әлеуметтік нысандар салына бастады», деді Ерлан Қошанов.
Осы саяси маусымда қоғамның дертіне айналған түйткілді мәселелерді шешу үшін Мәжіліс бірқатар заң қабылдады. Ойын бизнесі туралы заң, сол сияқты вейпке тыйым салу туралы нормалардың іске асып отырғанын атап өткен жөн.
Біз есірткіге қатысты қылмыстар үшін жазалаудың сараланған тәсілі жөніндегі Президенттің тікелей тапсырмасын заңнамалық деңгейде орындадық.
«Заң арқылы біз есірткі өндіру мен тарату арасындағы жауапкершіліктің ара-жігін ажыраттық. Сонымен қатар, есірткі өндіруді ең ауыр қылмыстарға теңестіріп, ол үшін жауапкершілікті мейлінше күшейттік. Осылайша, есірткі тұтыну сияқты белең алған дертке депутаттар тарапынан тағы бір тосқауыл қойылды. Халықаралық қоғамдастық отбасындағы және тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы заңға жоғары баға берді. Бұл заңды Біріккен Ұлттар Ұйымы «гендерлік зорлық-зомбылықты жою жолында жасалған қадам» деп атап, Астанаға алғысын білдірді», деді Мәжіліс төрағасы.
Сессия барысында мәжілісмендер жаңа экономикалық саясаттың заңнамалық негізін қалау жұмысын да басты назарға алып, жаңа Бюджет кодексін қабылдады. Олар сол арқылы бюджет қаражатына деген көзқарасты түбегейлі өзгертуді көздейді.
«Бюджет заңнамасының негізгі қағидаты – қаражатты ұтымды, үнемді игеру және нақты қажеттілікке бағыттау. Депутаттардың ұсынысы бойынша мемлекетттік сектор қаражаты енді толығымен Парламент бақылауында болады. Сонымен бірге Бюджет кодексі арқылы біз аймақтарға көбірек дербестік беріп отырмыз. Бірқатар түсімдерді республикалық деңгейден жергілікті деңгейге беру жөніндегі шаралар да көзделген. Сондай-ақ аудан әкімдерінің өкілеттігін кеңейту үшін шағын және орта бизнестен алынатын корпоративтік табыс салығы мен жеке табыс салығы облыстық деңгейден аудандық деңгейге беріледі. Мұның бәрі келешекте жергілікті жерлерде ресурстарды тиімді игеруге ықпал етеді», деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс жылдың соңғы жалпы отырысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен Түркістанға ерекше мәртебе беруге бағытталған заңды да қабылдап үлгерді. Мұндай мәртебе жергілікті мәселелерді анағұрлым тиімді шешуге, инвестиция тартуға мүмкіндік беріп, өңір экономикасының одан әрі дамуына септігін тигізбек.