
Фото: primeminister.kz
Еліміздегі ең ұзын көпірдің ашылуына Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов қатысты.
Айта кетейік, бұл жоба көлік қатынасына қатысты көп жылғы мәселені шешуге бағытталған. Көпір алты ауданды – Күршім, Үлкен Нарын, Марқакөл, Қатонқарағай, Тарбағатай және Зайсан аудандарын байланыстырып тұр.
Екі жолақты автомобиль көпірінің ұзындығы 1316 метрді құрайды. Көпір тәулігіне 80 мыңға дейін көлік өткізе алады, өткелге 18 шақырым жаңа жол тартылған. Жоба озық инженерлік технологияларды қолдана отырып, барлық сапа стандарттарына сәйкес жүзеге асырылған.
Шығыс Қазақстан - маңызды көлік дәліздері өтетін стратегиялық аймақ. Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір логистикалық бағыттарды жақсартып, шекаралас елдермен үздіксіз байланысты қамтамасыз етеді. Одан бөлек, жаңа көпір өңір тұрғындарының ыңғайына қарай бой түзегенін де айта кету керек. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов те айта кеткен.
«Жаңа көпір Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында салынды. Аймақта тұрғындар 50 жыл бойы жазда не пароммен, қыста тікелей не мұз үстімен жүргенін білесіздер. Құрылыстың салынуын жергілікті тұрғындар ұзақ күтті», деген еді Премьер-министр.
Бүгінде жаңа құрылыстың игілігін көріп жүрген аймақ тұрғындары көпір су қоймасының екі жағындағы елді мекендер арасындағы көлік қатынасын едәуір жақсартқанын, бұл көліктердің жеңіл қатынауын қамтамасыз еткенін, тауарлар қозғалысын жеделдеткенін, қызметтерге қолжетімділік артқанын, сондай-ақ облыстың туристік әлеуеті едәуір ашылғанын алға тартып отыр.
Айта кететіні, көпірдің құрылысына, жалпы, жобаның іске асырылуына тек Қазақстан мамандары тартылған екен. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік берген. Премьер-министр алдағы уақытта да мұндай ірі жобаларды жүзеге асыру барысында отандық мамандар мен мердігер компанияларды тартуға ерекше назар аударылатынын алға тартқан.
«Әрі жұмыс беріп әрі инфрақұрылымдық байланыс пен дамуды қамтамасыз ететін мегажобалар көп болуы керек. Сырттан ешкімді тартпай-ақ, біздің өз құзыретіміз де жеткілікті. Осындай республикалық маңызы бар ірі жобаларды жүзеге асыруды жалғастырамыз», деді Олжас Бектенов.
Шығыс өңірі қазба байлыққа бай екені белгілі. Жаңа көпір сол байлықты игеруге мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта да туризмнің жандануына жағдай жасап, аймақтың қайта түлеуіне сеп болады деген сенімдеміз.