Фото:primeminister.kz
Құтқару қызметтері іздестіру жұмыстарын аяқтағаны хабарланды. Қайғылы оқиғадан 38 адам ажал құшты, 29 адам ауруханаға жеткізілді. Барлық зардап шеккендер тексеріліп, қажетті көмек көрсетілді.
Осы орайда Олжас Бектенов авиациялық қауіпсіздікті күшейту бойынша бірқатар тапсырма жүктеді.
«Бұл қайғылы оқиға бізге де ұшу қауіпсіздігі бойынша белгілі бір шаралар қабылдау керектігін көрсетеді. Ең алдымен, жоспардан тыс тексеру жүргізіп, әуежайлар мен әуе кемелерінің техникалық жай-күйін ерекше бақылауға алу қажет. Өткізілетін іс-шаралар шеңберінде біздің авиакомпаниялардың әуе кемелері экипаждарының біліктілігін, рұқсатын және құзыреттілігін екі рет тексеру қажет. Әуе оқиғаларына жедел ден қою мақсатында авариялық-құтқару жұмыстарының тетігін жетілдіру және мүдделі мемлекеттік органдардың үйлестірілген жұмысын қамтамасыз ету қажет. Бұл жағдайдан болашақта бұған жол бермеу үшін нақты ұсыныстар жасай отырып дұрыс қорытынды жасау керек», деді Премьер-министр.
Естеріңізге сала кетейік, 25 желтоқсан күні жергілікті уақыт бойынша сағат 11:30-да Бакуден (Әзербайжан) Грозныйға (Ресей) ұшқан Әзербайжан әуе жолдарының ұшағы Ақтаудан үш шақырым жерде апатқа ұшырады. Жолаушылар ұшағы қалың тұман салдарынан Грозныйға қона алмай, әуелі Махачкалаға, кейін Ақтауға бағыт алған еді.