
Оқиға орнына алдымен жеткен «МРЭК» кешенінің қызметкерлері мен куә болған жергілікті тұрғындар тірі қалған жолаушыларды ұшақ қирандысынан шығару жұмысын дереу бастап кетті. Олар арнайы орган қызметкерлері келгенше, 15 адамды ұшақтан шығарып үлгерді. Артынша жеткен Төтенше жағдай, жедел жәрдем қызметкерлері шұғыл іске кірісті.
Өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай оқиға орнына барып, облыс әкімінің төрағалығымен жедел штаб құрылды. Апат орнында ТЖД, ІІД, жергілікті әкімдік құтқару жұмысына қажетті жағдайдың барлығын жасауға жұмылдырылды. ТЖМ-ның 52 қызметкері мен 11 техникасы әуе кемесінен шыққан өртті сөндірді.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, жедел жәрдемге 1-дәрежелі шақырту түскен соң оқиға орнына жедел жәрдемнің 22 бригадасы, медициналық апат орталығы мекемесінен 6 бригада, 4-дәрежедегі 2 жедел бригада бірден жетті. Маңғыстау облыстық орталық ауруханасы хирургиялық, травмотологиялық бағытта 30 орын, реанимациялық бағытта 10 орын дайындап үлгерді. Облыстық балалар ауруханасы қосымша 20 орын, жансақтау бөлімінен 20 орын дайындаса, «Нейрон», «Софимед», «Ясин-Атамекен» жекеменшік клиникалары барлығы 60 орын, жансақтау бөлімінен 26 орын ұсынды. Астана қаласынан көмек келіп жеткенше, Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансердің реаниматолог дәрігері мен 2 медбикесі де оқиға орнында жаралыларға шұғыл көмек көрсетті. Оқиға орнында барлық төтенше жағдайлар қызметтері, криминалист-сарапшылар, прокуратура органдары төтенше жағдай режімінде жұмыс істеді. Жалпы, операцияға азаматтық қорғау қызметінің жеке құрамынан 701 адам, 82 бірлік техника жұмылды.
– Барлық зардап шегушілердің саны – 29. Олардың 27-і облыстық ауруханаға жеткізілген болса, қазіргі таңда 11 жолаушы ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр, – деді Б.Ізбасаров.
Соңғы деректер бойынша, апаттан 32 адам аман қалып, қалғандары қаза тапқан. Аман қалғандар арасында екі экипаж мүшесі, екі стюардесса бар.
Ұшақ апатына байланысты Маңғыстау облысына Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған үкіметтік комиссия мен Бакуден Әзербайжанның Төтенше жағдайлар министрі бастаған арнайы құрылған комиссия мүшелері, сондай-ақ санитарлық авиация желісі бойынша Астана қаласынан Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығының, жетекші республикалық орталықтардың жоғары білікті мамандары, Әзербайжан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен ТЖМ арнайы кеңесі, санавиация бригадасы келді. Комиссия мүшелері штаб отырысын өткізді, ауруханаға жеткізілген зардап шеккендерге барып шықты.
Тергеу органдары 2 пациенттің жеке басын анықтауға қатысты жұмыс жүргізді. Олардың біреуі Әзербайжан азаматы екені анықталды. Барлық зардап шеккендермен, олардың туыстарымен психологтер тобы жұмыс істеп жатыр. 26 желтоқсан күні Ресей Федерациясының ТЖМ орталық аппаратының санитарлық авиация бортында Ресейдің 9 азаматы эвакуацияланды.
Ақтау ауруханаларындағы 20 науқастың жағдайы қатаң бақылауда, 5 адам Маңғыстау облыстық ауруханада, 1 адам Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Маңғыстау облыстық ауруханасынан 2 пациент травматология бөлімшесіне ауыстырылды.
Облыс әкімі Н.Қилыбай бастаған жергілікті билік, маңғыстаулық тұрғындар ұшақ апатынан зардап шеккендерге жұмыла көмек көрсетті. Жергілікті халық Әзербайжан елшілігі алдына гүл шоқтарын қойып, қан орталығында қан тапсыруға кезекке тұрды.
Қазіргі таңда облыста Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр. Ұшақ апатының себебін алдағы уақытта арнайы орындар анықтайды.
Маңғыстау облысы