
фото gov.kz
FIRST Global Challenge – жыл сайын әртүрлі елдерде өтетін олимпиадалық үлгідегі жаһандық робототехника чемпионаты. Бұл чемпионатқа әлемнің түкпір-түкпірінен 200-ге жуық елдің талантты жастары қатысады.
2022 жылы чемпионат Женевада өтті. Жарыс көмірқышқыл газымен күрес тақырыбын қамтыды. Осы жарыста қазақстандық оқушылар жеңіске жетті. Біздің оқушылар 167 елдің жасөспірімдерімен сынға түсіп, ең көп ұпай жинады. Еліміздің намысын ұлттық құрама атынан 15 пен 17 жас аралығындағы 5 оқушы қорғады. Оқушыларымыз 3 күн ішінде 16 ойын өткізіп, ешқайсысынан жеңілмей, ұпай саны бойынша рекорд орнатты. Чемпионаттағы бірінші орыннан бөлек, қазақстандық команда басқа елдердің командаларына көрсеткен «Айрықша қолдауы үшін» Al-Khwarizmi алтын медалін, сондай-ақ роботты жасаудағы тамаша инженерлік шешімдері үшін JUDGES AWARD арнайы сыйлығын жеңіп алды. Жеңіс оқушыларға әлемнің жетекші университеттеріне түсуге мүмкіндік берді.
Ал 2023 жылы Сингапурда өткен әлем чемпионатына Қазақстан құрама командасында Алматы қаласындағы ФМБ НЗМ оқушылары Нұрислам Тұрғынбай, Нұрсұлтан Жанзақов, Сергей Гапонов, Дәмелі Шаймерденова және Иманәлі Көксал болды. Ұлттық құраманың бапкерлері - Бекзат Іңкәров пен Нұрдәулет Досмағамбет қатысты.
«Біз Сингапурға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 200 оқушының ішінен ұлттық кезеңде іріктелген мықты команданы алып келдік. Біздің команданың алдында өткен жылғы Женевадағы тарихи жеңісті қайталау міндеті тұрды және олар мұны ойдағыдай орындады, ұпай саны бойынша әлемдік рекорд орнатты. Бұдан басқа, командамыз халықаралық ынтымақтастық үшін төрешілердің марапаттарына ие болды, бұл біз үшін үлкен мақтаныш. Қазақстандағы робототехника жыл сайын халықаралық брендке айналып келеді», деп бөлісті USTEM Foundation қоғамдық қорының жетекшісі Асылбек Мырзахметов.
2024 жылы Грецияда өткен бірінші Global Challenge әлем чемпионатында қазақстандық қатысушылар Grand Challenge Award номинациясында алтын медальды жеңіп алды. Сонымен қатар, Эйнштейн атындағы First Global International Excellence; Ерекше инженерлік әзірлемелері үшін Robots Skills Challenge күміс жүлдесіне ие болды. Команда құрамына Алматыдағы физика-математика мектебі, Назарбаев зияткерлік мектебі оқушылары: Досжан Дайран, Ердәулет Тургенбаев, Әлфия Байжақып, Нұржан Көкеев және Қадылбек Дастан енген.
Бұл жетістік олардың қажырлы еңбегін ғана емес, сонымен бірге олардың елдегі алған жоғары білім мен қолдауын көрсетеді. Мектеп оқушыларының жеңісі қазақстандықтардың өскелең ұрпағы үшін ғылым мен техникада жаңа биіктерге ұмтылуда үлгі болмақ.
«Тағы да жарыс рекордын жаңартып, алтын медаль жеңіп алғанымызға қуаныштымыз. Әлемде бірде-бір ел екі дүркін чемпион болмаған. Біз үшінші жыл қатарынан жеңіске жетіп жатырмыз. Ұлттық құраманың құрамы осы жылдар ішінде бірде-бір рет қайталанбады. Яғни ел намысын үш жылда үш түрлі команда қорғағанын атап өткіміз келеді», деді ұлттық құраманың жаттықтырушысы Асылбек Мырзахметов.
Жаттықтырушының айтуынша еліміздің құрамасы 40-тан астам команданың арасында ұлттық іріктеуден өткен. Балалар әлемдік кезеңге 1,5 ай бойы дайындалып, күн сайын роботтың жұмысын жетілдіріп отырған. Олимпиадада команда азық-түлік мәселесін шешуге бағытталған жобаны ұсынған. Робот әртүрлі түсті шарлар түрінде су мен энергияның имитациясын жүзеге асырды. Оқушылар оларды арнайы индикаторлары бар контейнерге апаратын және жинайтын роботқа беріп отырған.
Елімізде робототехниканы меңгерген жастардың көбейіп келе жатқаны қуантарлық жағдай. Бүгінде бұл технологиягны дамыту елдің инновациялары мен экономикалық дамуы үшін үлкен мүмкіндік ұсынады. Робототехниканы дамытуға университеттердің, ғылыми орталықтардың және жас кәсіпкерлердің белсенді қатысуы, сондай-ақ мемлекеттік қолдау және халықаралық әріптестерді тарту саланың одан әрі өсуіне ықпал етеді.