Сурет: primeminister.kz
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі мәселелері қаралды. Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және жасөспірімдер арасындағы қылмысқа, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл, құқық бұзушылық профилактикасы саласында түсіндіру жұмыстары бойынша қабылданып жатқан іс-шараларға ерекше назар аударылды.
Премьер-министр қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жұмыстың маңыздылығын атап өтті.
«Президент заң мен тәртіп мемлекет пен қоғамның ең басты қағидатына айналуы керектігін айқындап берді. Бұл – Мемлекет басшысы саясатының басты негіздерінің бірі. Президенттің бұл тапсырмасын бұлжытпай іске асыру – барлық мемлекеттік органның, ең алдымен, құқық қорғау құрылымдарының міндеті. Полиция кез-келген, тіпті кішігірім құқық бұзушылықтарға бірден ден қоюға тиіс. Бұл – құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің бірден-бір жолы», деп атап өтті О.Бектенов.
Мемлекет басшысы бекіткен 2024–2028 жылдарға арналған қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасын іске асыру барысы қаралды. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов биыл 28 іс-шараның орындалғанын баяндады. Мәселен, Ұрлыққа қарсы іс-қимыл бойынша әзірленген бағдарлама олардың санын 29%-ға қысқартуға және қылмыстардың ашылу деңгейін 54,4%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бойынша салалық бөлімшелер құрылды. Енді отбасылық жанжалдарға шақырылған кезде жәбірленушілер туралы сауалнама толтырылады, 1 мың қасақана зәбір көрсетуші анықталып, оларға психокоррекциялық жұмыс жүргізіліп жатыр. Өз кезегінде есепке алынғандарға қатысты электронды бақылау құралдарын қолдану қылмыстың қайталану қаупін 13%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.
Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және жасөспірімдер арасындағы қылмысқа қарсы іс-қимыл шаралары туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың баяндамасы тыңдалды. 2013 жылдан бері кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 55%-ға азайған. Еліміздің мектептерінде бұзақылыққа қарсы 2 бағдарлама – KiVa және отандық ДосболLike әзірлемесі іске қосылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша психологиялық қызметтің бірыңғай жүйесі әзірленді: бүгінде еліміздің барлық өңірінде 20 Қолдау орталығы жұмыс істейді. Биылғы 1 қыркүйектен бастап «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы іске қосылды. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында жеке қауіпсіздік бойынша сабақтар өткізіледі.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек киберқылмысқа қарсы іс-қимылдың кешенді жұмысы шеңберінде 2024 жылы дербес деректерге қолжетімділікті бақылау мемлекеттік қызметі енгізілгенін айтты. eGov жүйесіндегі СТОП-несие функциясы іске қосылды, ол қарыздарды онлайн ресімдеуден бас тартуға мүмкіндік береді. Аталған функцияны бүгінде 1,4 млн-нан астам азамат пайдаланып үлгерді. Сонымен қатар ұялы байланыс арқылы алаяқтыққа қарсы күресу алгоритмдерін әзірлеу бойынша жұмыс тобы құрылды.
Сондай-ақ Жамбыл және Атырау облыстарының әкімдері тыңдалды. Олар «Бейнебақылау жүйелерімен жаппай қамту» жобалары, уақытша бейімдеу орталықтарын ашу, басқа да жобалар аясындағы жұмысты күшейту қажеттігін айтты.
«Біздің мақсатымыз – қылмыстың алдын алудың біртұтас жүйесін құру. Тұжырымдаманы іске асыру барысында үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктерді белсенді тарту қажет. Азаматтардың қауіпсіздік деңгейі біздің бірлескен жұмысымыздың тиімділігіне байланысты. ІІМ-нің есептерінен елімізде күн сайын ауыр қылмыстар, оның ішінде кісі өлтіру оқиғаларының орын алып отырғанын көріп жүрмін. Адам өліміне әкелетін жазатайым оқиғалардың көпшілігі мас күйінде болады. Биыл бұзақылық пен бандитизмге байланысты ел ішін шулатқан бірқатар оқиға орын алды. Жергілікті полиция қызметкерлері қауіп-қатерді анықтап, тұрғындар арасында алдын ала профилактикалық жұмыстар жүргізуге тиіс», деп атап өтті Премьер-министр. Мәдениет және ақпарат министрлігіне мұндай жағдайларға дер кезінде ден қоюды, БАҚ пен әлеуметтік желілерде азаматтарды объективті түрде хабардар етуді тапсырды.
Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасын сапалы жүзеге асыру бойынша бірқатар тапсырма берді.