Фото: farabi.university
«Таза Қазақстан» акциясы: 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдама бекітілді
Биыл наурыз-қараша айлары аралығында ұйымдастырылған акция 5,83 млн-нан астам адамның басын біріктірді, жаппай сенбіліктер өткізіліп, 1,1 млн тоннадан астам қоқыс жиналып, 1,6 млн-нан астам ағаш отырғызылды.
«Халықтың экологиялық мәдениетін дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітілді. Аталған құжат экологиялық саясаттың негізгі бағыттарын айқындайды.
Тұжырымдама басымдықтарының бірі – жастарды экологиялық жобаларға тарту. Жыл бойы лекциялар, эко-сағаттар және экологиялық зертханаларға экскурсиялар ұйымдастырылды. Осылайша, биыл 90 мыңнан астам ерікті азамат абаттандыру және көгалдандыру акцияларына қатысты.
Шығарындылар көлемін азайту және экологиялық стандарттарды бақылау үшін ведомствоаралық өзара іс-қимыл күшейтіледі. Цифрлы технологиялар мен медиа ресурстарды қоса алғанда, халыққа экологиялық білім беру бағдарламаларын дамыту көзделген.
«Таза Қазақстан» бастамасы аумақтарды тазалаудан әлдеқайда ауқымды міндеттерді қамтиды. Бұл – азаматтардың, бизнестің, мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдардың күш-жігерін біріктіретін, экологиялық тұрғыдан саналы өмір салтын насихаттайтын қозғалыс.
Қазақстан Президенті Дүниежүзілік климат саммитінде сөз сөйледі
Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына қосылушы тараптардың 29-шы конференциясы аясында өткен саммит (қараша айы) барысындағы сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әлемдегі зиянды шығарындылардың 1 пайызы ғана Орталық Азия елдеріне тиесілі. Соған қарамастан бұл аймақ көптеген климаттық қатерге ұшырап отыр. Табиғаттағы өзгерістерге қарай әрекет ету шараларының тиімділігін арттыру үшін біз жасанды интеллект, жерсерік арқылы мониторингтің озық технологияларын, қауіпті алдын ала ескертетін, су және жер ресурстарын анағұрлым тиімді басқаратын басқа да цифрлық құралдарды белсенді қолдануға тиіспіз», деді.
Әлемдегі табиғат апаттарының 80 пайыздан астамы су төңірегінде болып жатқанын, биыл біздің еліміз бұрын-соңды болмаған алапат су тасқынымен бетпе-бет келгенін айтқан Президент: «Каспий теңізіне қауіп төніп тұр, әлемдегі ең үлкен көлді құтқару – баршаға ортақ міндет әрі бұл ұзақмерзімді халықаралық ынтымақтастықты талап етеді» дей келе, Әзербайжанның Президенті Ильхам Әлиевтің Каспий маңы мемлекеттерінің сарапшылар тобын құру туралы ұсынысын қолдайтынын, сонымен қатар Қазақстан Арал теңізін құтқару үшін нақты шаралар қабылдап жатқанын атап өтті.
Түйіндей айтқанда, аталған саммитте Мемлекет басшысы әділ, инклюзивті әрі ашық климаттық күн тәртібін қалыптастыру бойынша Қазақстанның халықаралық серіктестермен ықпалдастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.
22 экологиялық жобаға арналған гранттар
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Жаһандық экологиялық қордың (ЖЭҚ) Ұлттық үйлестірушісі ретінде Қазақстанда ЖЭҚ шағын гранттар бағдарламасын іске асырудың жетінші кезеңінің грант алушыларына сертификаттар табыстады.
Министрлік БҰҰДБ-мен бірлесіп іске асыратын ЖЭҚ-дың шағын гранттар бағдарламасы шеңберінде Қазақстанның түрлі облыстарынан 22 экологиялық бастамаға гранттық қолдау көрсетілді.
Аталған жобалар жаңартылатын энергияны дамытуға, табиғи ресурстарды тұрақты басқаруға, топырақты сақтау және қалпына келтіру әдістеріне, жайылымдарды тұрақты басқару әдістеріне және жергілікті қауымдастықтар арасында экологиялық хабардарлықты арттыруға бағытталған.
Айта кетсек, Қазақстанда ЖЭҚ Шағын Гранттар бағдарламасы 1997 жылдан бері жұмыс істейді және 374 жобаны қолдады.
ШЫҰ: 2024 – Экология жылы
2023 жылы шілдеде аталған ұйымға мүше мемлекеттер Қазақстанның 2024 жылды ұйымдағы Экология жылы деп жариялау бастамасын бірауыздан қолдаған еді.
Қазақстанның ұсынысымен ұйымдағы Экология жылы – оқу орындарында тақырыптық іс-шаралармен, сондай-ақ Ұйым Хатшылығы өткізетін жекелеген іс-шаралардан басталып, түрлі тақырыпта 20-ға жуық бірлескен іс-шара өткізу жоспарға алынды.
Еске салайық, 2024 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымына Қазақстан төрағалық етті.
Арал теңізінің экожүйесін қалпына келтіруге жәрдемдесу туралы Меморандумға қол қойылды
Ақпан айында «Digital Almaty 2024: Х Индустриясы – Болашақтың цифрлық эволюциясы» халықаралық форумы алаңында Арал теңізінің экожүйесін қалпына келтіруге жәрдемдесу мақсатында Қазақстан Республикасындағы Халықаралық Аралды құтқару қорының (ХАҚҚ) атқарушы дирекциясы мен Freedom Holding Corp. арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға салтанатты түрде қол қойылды.
Қол қойылған меморандум – Арал теңізінің құрғап кеткен түбінің қосымша гектар жерінде сексеуіл және басқа да тұрақты өсімдіктерді отырғызуға көмектесуді және серіктестікті жалғастыруды көздейді.
Қорғаныш орман екпелері қоршаған ортаның экологиялық жағдайына оң әсер етеді: олар құмдардың қозғалысын тежейді, Арал теңізінің құрғап кеткен түбінен тұз бен шаңның үрленуін азайтады. Қара сексеуіл жергілікті жердің микроклиматын жақсартады және парниктік газдардың деңгейін төмендетуге ықпал етеді. (анықтама ретінде айтқанда, 13 жастағы сексеуілшілердің 1 га-сы 4,95 тонна көміртекті сіңіреді және бұл ретте 3,78 тонна оттегін бөледі).
Басқа да шаралар
Сонымен қатар биыл көміртекті оффсеттік жобалар үшін Орман кодексіне түзетулер енгізу, Каспий итбалығының популяциясын сақтау үшін табиғи қорық құру, гидрометеорологиялық қызметтердің жабдықтарын жаңарту, қазбалы отын түрлеріне тәуелділікті төмендету үшін күн, жел және атом энергетикасы саласындағы жобаларды белсенді дамыту бойынша айтарлықтай шаралар атқарылды.