Қоғам • Кеше

Президент сыйлаған шаттық

53 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Желтоқсанның жылжабар сәті жақындаған сайын жаңа арман мен үлкен үміттің жетегінде жүретін балалар үшін Жаңа жыл – нағыз ғажайыпқа толы мереке. Ал ел балаларына ерекше шаттық сыйлайтын Президент шыршасының дуы да, думаны да тым бөлек. Жылдағы дәстүрмен елорда төрінде биыл да Мемлекет басшысының атынан «Жаңа жыл республика төрінде» атты жаңажылдық шырша өтті.

Президент сыйлаған шаттық

Шаттыққа толы іс-шараға қатысқан оқушылар мерекелік киімі мен кейіпкерлік келбеті жағынан бірінен-бірі өтеді. Әсіресе олардың арасындағы сол­түстікқазақстандық 10 жас­тағы Әли Құдияровтың образы анадайдан өзіне еріксіз көз тартады. Әли – Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы Күлкөл ауылының Қ.Хадесов атындағы орта мектебінің оқушысы. Бұл мерекелік іс-шараға киіп келген «Өмір ағашы» костюмін өзінің анасы арнайы тігіп берген екен. Балақайдың үстіндегі «Өмір ағашы» костюмінің ең алдымен көзге түсетіні – алып бұтақтары. Ағаштың діңі ретінде жалғасқан костюмінің кеуде тұсына жеті атасы тізілген өз әулетінің шежіресі жазылған.

Ал арнаулы әлеуметтік қыз­­мет­терге мұқтаж балалар­ды қолдау орталығының тәр­бие­ленушісі ақмолалық Дарья Дячишина Президент­ке жаңажылдық шыршаға ша­қырғаны үшін алғысын білдір­ді. Киокушинкай каратэмен шұғылданатын оның жетістіктері көп.

«Бүгін Жаңа жыл шыр­ша­сы­на қатысу менің өмірім­дегі ең ерекше сәт, ұмытылмас үлкен оқи­ға болды. Мен көптеген сый­лық алдым, керемет шоудың куәсі болып, өзге өңірлерден келген өзім құралыптас балалармен таныстым. Президентке және ұйымдастырушыларға осы таңғажайып мерекені сыйлағаны үшін шексіз алғыс айтамын», дейді Дарья.

Мерекелік іс-шарада әр ба­лаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құт­тық­­тау ашықхаттары табыс етілді.

«Айналайын балақай! Сені Жаңа жыл мейрамымен құттық­таймын! Осы жарқын мереке өзіңді шаттыққа бөлесін! Әрда­йым жаңашылдыққа, жасам­паздыққа ұмтыл! Білімпаз, озат әрі зерек болып, жақындарыңды қуанта бер! Арманың асқақ, қиялың ұшқыр болсын! Саған зор денсаулық, баянды бақыт тілеймін!» делінген Президент құттықтауында.

Ал мерекелік іс-шараға қатыс­қан Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп оқушыларымен бірге шырша шамын жақты.

«Бүгін әсем елордамызға елі­міздің түкпір-түкпірінен келген 100-ден аса бала жиналды. Бұл күндері сіздер қаланың көрікті жер­лерін аралап, еліміздің жетек­­ші оқу орындарында бол­ды­­ңыздар. 2024 жыл, расында, сіздер үшін жетістіктер мен жақ­сы жаңалықтарға толы жыл болды. Сіздердің ара­лары­ңызда білімі­мен үздік атанған­дар, жарыс­тар мен байқау­ларда оза шап­қандар да бар, сондай-ақ сіз­дер биылғы жылы жетіс­тік­тер­­мен бірге жаңа достар тап­ты­­ңыз­дар. Әрқайсылары­ңыз­дың жетіс­тіктеріңіз еліміздің бола­шағына қосылған маңызды үлес деп білемін. Мемлекет сіздер­дің бақытты балалық шақ­тарыңыз бен жарқын болашақтарыңыз үшін барлық жағдайды жасап келеді. Ал сіздердің міндеттері­ңіз – осы мүмкіндіктерді пай­да­ланып, жақсы оқу және жан-жақты даму, осылайша еліміздің адал да жауапты азаматы болып өсу», деді Ғ.Бейсембаев.

Елорданың үздік шығарма­шылық ұжымдарының әртістері мен қойылымдар балаларға мере­келік атмосфера сыйлады. Еліміздің танымал әртістері көңілді ән шырқап, балалар шыр­шаны айнала биледі. Осы респуб­ликалық шарша тойына дейін еліміздің әр қиырынан келген балаларға Астананың көрікті жерлеріне, оның ішінде театрға, кинотеатрға және мұражайларға экскур­сия ұйымдастырылды. Ал ең қызықты сәттердің бірі – іс-шара соңында әр балаға Мемле­кет басшысының атынан жаңа­жылдық сыйлық тарту етілді.