Өтіп бара жатқан жылдағы ең жағымды жаңалық – Атырау облысындағы полиэтилен зауытын қаржыландыру мәселесінің шешілуі. Бұл өте ірі, кемі 1 000 адамды жұмыспен қамтамасыз ететін, жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыт болмақ. Жоба жүзеге асқанда ішкі жалпы өнім көрсеткішінің 1,2%-ға өсуіне ықпал етпек. Жобаға 7,4 млрд доллар инвестиция тартылған. Жобаны «Silleno» компаниясы жүзеге асырады. Компания акционерлері – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ (40%), «Sinopec Overseas Investment Holding» (30%) және «Сибур Холдинг» ЖАҚ (30%). Жоба акционерлер қаражаты мен халықаралық банктерден алынған несие есебінен қаржыландырылады. Зауыт құрылысы 2029 жылы аяқталуға тиіс.
Кәсіпорынның іске қосылуы импортталатын полиэтилен көлемін отандық өніммен алмастыру және қосылған құны жоғары өнім экспортын ұлғайтуға жол ашады. Геологиялық барлау сегментінде де біраз жаңалық бар. «ҚазМұнайГаз» биылдан бастап отандық инвесторлармен бірге кен орындарында терең қабатта барлау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.
Әлемдік деңгейдегі мұнай табысының 2%-ы біздің елдің үлесінде. Салық түсімдерінің 40%-ы мұнай-газ секторынан түсіп жатыр. ОПЕК-ке мүше ел ретінде мұнай өндіру немесе барлау жұмыстарын мүмкіндігінше шектеуге тырысамыз.
Газ өндіру сегментінде жаңа формула – ынталандыру формуласы іске қосылды. Енді газ өңдейтін зауыттар кемі өз өнімдерін 120 доллармен экспорттай алады. Бұрын оның мөлшері 30-40 доллар болатын. 2025 жыл мұнай-газ секторындағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына сенемін.