Сұхбат • 28 Желтоқсан, 2024

Әсет Тұрысов: Цифрлы жобаларды енгізу қаржы жүйесінің тиімділігі мен ашықтығын арттырады

232 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Уақыт жылжыған сайын жоғары технологиялар да қарқынды дамып, өміріміз анағұрлым жеңілдей түсті. Күнделікті дүкендегі сауда-саттық пен такси қызметі үшін мобильді қосымшалар арқылы ақы төлейтініміз рас. Бұл бір ғана мысал. Ауқымды деңгейде бағамдасақ, цифрландырудың игілігі бұдан да көп. Әсіресе оның мемлекеттік қаржы саласын басқарудағы пайдасы орасан. Осы туралы және саладағы басқа да жаңашылдықтар жөнінде Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысовтан сұрап білген едік.

Әсет Тұрысов: Цифрлы жобаларды енгізу қаржы жүйесінің тиімділігі мен ашықтығын арттырады

Суретті ұсынған DigitalBusiness.kz

– Алдымен мемлекеттік қаржы саласын цифрлы трансформациялау дегеніміз не екенін тарқатып берсеңіз?

– Цифрлы трансформация – мемлекеттік қаржы жүйесін басқарудың тиімділігін, ашықтығын және қолжетімділігін арттыратын заманауи озық технологиялар мен тәсілдерді енгізу үдерісі. Оның мақсаты – азаматтарға, бизнеске және мемлекеттік органдарға көрсетілетін қаржылық қыз­меттердің сапасын жақсарту, сондай-ақ ішкі үдерістерді оңтайландыру. Цифрлық трансформацияның негізгі элементтері ретінде ведомстволар арасында қажетті деректермен неғұрлым тиімді алмасу үшін тиісті үдерістерді автоматтандыру мен жүйелерді интеграциялау, цифр­­­лы платформалар арқылы бюджетті жос­парлау мен орындауды оңтайландыру, қаржылық қызметтер көрсету әрі азаматтар мен бизнестің мемлекетпен өзара іс-қимылы үшін онлайн-платформалар құру, қаржы саласында болжам жасау мен шешім қабылдау бойынша деректерді жинап, талдау үшін «Big Data»-ны пайдалану, салық саласындағы бұзушылықтарды анықтау мен мемлекеттік шығындарды оңтайландыру үшін жасанды интеллектті, сондай-ақ қаржылық операцияларды бақылап, қорғау үшін блокчейн технологияларын қолдану, қаржылық операциялар туралы ақпаратқа байланысты киберқауіпсіздік пен құпиялығын сақтауды қамтамасыз ету, мемлекеттік платформаларды түрлі коммерциялық жүйелермен (мысалы, банктермен) интеграциялауды айта аламыз.

– Қаржы жүйесі үлкен деректерден (Big data) тұратыны мәлім. Осы бытырап жатқан мәліметтерді жинақтап, мемлекеттік қаржы саласын біріздендіру үшін қандай жұмыс қолға алынды?

– Рас, Қаржы министрлігінің ақпарат жүйелерінде көптеген дерек сақталған және оларды тиімді пайдаланса, беретін игілігі мол. Бұл бағытта біз ауқымды, жоспарлы жұмыс жүргізіп жатырмыз. Егер салық әкімшілендіру жүйелеріне тоқталсақ, қазір «Smart Data Finance» жобасын іске асыруды қолға алдық. Жүйе «Big Data» технологияларын пайдаланады. Бұл салықтан жалтару жағдайларын анықтауды айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді.

«Smart Data Finance» – көзге  байқалмайтын қиын әрі күрделі үдерістерді анықтап, үлкен көлемдегі деректерді автоматты түрде талдауды қамтамасыз етеді. Аталған жүйенің аясында миллиондаған жеке және заңды тұлғаға байланысты, сондай-ақ қаржылық операция мен транзакциялар туралы деректер сақталады. Оның заңсыз схемаларды тиімді анықтауда септігі зор. Осы жүйеде 11 ішкі жүйе қамтылған, сондай-ақ мемлекеттік органдармен және ұйымдармен 200-ге жуық интеграция жүргізу көзделген. Аталған жобаның аясында жасанды интеллект пен деректерді визуализациялауды пайдаланатын талдау орталығын құру қарастырылған. Бұл салық органдарына тез және дәл шешім қабылдау үшін өзекті ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

– Келесі жылдан бастап елімізде «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң күшіне енеді. Бұл реформаға сәйкес, Бірыңғай сатып алу платформасының қызметі жолға қойылып отыр. Платформаның артықшылығы неде?

– Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан тапсырмасын орындау мақсатында Қаржы министрлігі Бірыңғай сатып алу платформасын құруды қолға алды. Платформа мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілері және басқа да сатып алу алаңдарының сатып алуларын біріктіреді.

Қазір пайдаланушыларды бірыңғай тіркеу, оның ішінде QR-технология арқылы авторизациялау жолға қойылды. Анықтамалықтар (лоттар мәртебесі, өтінім, келісімшарт, сатып алу белгілері) бірізге келтірілді. Бір жерден (орталықтандырылған) іздеу бойынша тізімдер (жоспар, лот, хабарландыру мен сатып алу келісімшарттары) мен тізілімдерді (қатысушы, жосықсыз қатысушы) алу бо­йынша функционал іске асырылды. Өңірлер мен сатып алу алаңдары бөлінісінде нақты уақыт режімінде ақпаратты көрсететін жос­пар, хабарландыру, лот, келісімшарттардың интерактивті картасы әзірленді.

Бірыңғай сатып алу платформасын дамыту шеңберінде келесідей бірқатар іс-шараны іске асыру көзделіп отыр:

  • Мемлекеттік органдардың ақпарат жүйелері бойынша тиісті деректердің негізінде өнім берушілердің рейтингін құру;
  • Операцияларды автоматтандыру үшін банктермен және қызмет көрсетушілердің ERP жүйелерімен интеграция жүргізу;
  • Қоғамдық мониторинг және бақылау тетіктерін жетілдіру;
  • Басқа сатып алу алаңдарымен интеграция жасау;
  • Бірыңғай сатып алу талдау орталығын құру;
  • Тауар, жұмыс және қызметтердің бірыңғай жіктеушісімен интеграция жүргізу;
  • Тауарды бағалау тетігін енгізу арқылы сатып алынатын тауарлардың сапасын арттыру.

Бірыңғай платформаға көшудің негізгі артықшылықтары:

  • Әртүрлі сатып алу алаңдарына қатысу үшін «бір терезе» қағидатын іске асыру арқылы пайдаланушылардың жұмысын жеңілдету;
  • Пайдаланушылардың түрлі санатының сұраныстарына сай (кастомдалған) жеке кабинет;
  • Бақылаушы агенттіктерге сатып алу үдерістеріне мониторинг пен бақылауды жүзеге асыруға жол ашылады.

– Жыл сайын Үкімет отырысынан өңірлердің бюджет қаражатын дұрыс игере алмай жатқаны туралы ақпаратты жиі естиміз. Бұл ретте цифрлық технологиялар бюджеттің орындалуын бақылап, бөлінген ақшаның тиімді жұмсалуына септігін тигізе ала ма?

– Біз барлық ақпарат жүйесін интегра­ция­лау­ды жоспарладық. Соның арқасында бюджеттік үдерістің бүкіл тізбегін қада­ға­лаймыз. Бюджетті жоспарлау кезеңінде шығыстардың әрбір түрі үшін келесідей қажетті ақпаратты қамтитын бірегей IDC сәйкестендіргіш беріледі: шығыстарды жоспарлауға қандай бастама негіз болғаны (Жолдау, Мемлекет басшысының немесе Үкімет тапсырмасы, мемлекеттік жоспарлау құжаттары, ұлттық жобалар, мемлекеттік органның даму жоспарлары және т.б.); шығыстар қандай негізгі ұлттық индикаторлар мен стратегиялық көрсеткіштерді іске асыруға бағытталған; шығыстарды жоспарлауға қандай мемлекеттік орган жауап­ты және Бірыңғай бюджеттік сынып­тамаға сәйкес ол қандай бюджеттік бағ­дар­лама/кіші бағдарлама/ерекшелік бойынша жіктеледі.

Бұдан әрі мемлекеттік сатып алу үдерісінен кейін жоспарлаудан бастап орындауға дейінгі барлық ақпарат мониторинг жүргізу үшін «е-Қаржымині» жүйесіне және талдау мен тиісті шешімдер қабылдау үшін Ахуал орталығына жіберіледі. Осылайша, барлық жүйені біріктіру арқылы бюджетті қалыптастыру мен орындау үдерісі барынша ашық, тиімді және ыңғайлы болады.

– Қызықты жоба көп екен. Ал клиенттермен кері байланыс қаншалықты жолға қойылған?

– Өте орынды және өзекті сұрақ. Кейінгі уақытта пайдаланушылар түрлі органдарға жүгінуге мәжбүр болып келді: 1414 байланыс орталығы, Электрондық қаржы орталығы мен министрліктің басқа ұйымдары. Бұл қолайсыздық тудырып, мемлекеттік органдармен өзара байланыс үдерісін қиындатты. Осы мәселені реттеу үшін Қаржы министрлігі салық пен кедендік әкімшілендіруге, мемлекеттік сатып алу мен мемлекеттік мүлікті басқаруға қатысты мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін барлық байланыс арнасын – телефон, чат-бот, техникалық қолдау қызметін біріктіретін Бірыңғай байланыс орталығын құрып, енгізді.

Қорытындылай келгенде, жоғарыда айтылған жобаларды енгізу мемлекеттік қаржы жүйесін басқарудың тиімділігі мен ашықтығын нығайтып, азаматтардың сенімін арттыруға әсерін тигізеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Әңгімелескен –

Абай Аймағамбет,

«Egemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар