Пікір • 28 Желтоқсан, 2024

Алмас ЧУКИН, қаржыгер: Бюджет дағдарысының себебі тым тереңде

75 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен жылға өкпе жоқ. Көптеген секторда, әсіресе ауыл шаруашылығында оң нәтиже бар. Президент экономикалық реформалар тұрғысынан маңызды құжатқа – экономиканы ырықтандыру туралы жарлық шығарды.

Алмас ЧУКИН, қаржыгер: Бюджет дағдарысының себебі тым тереңде

Бірақ бірқатар қиындыққа да кезіктік. Биыл мұнайға байланыс­ты жоспарды орындай алмадық. 90,3 млн тоннаның орнына 87,8 млн тонна өндірілді. Экспортқа 70,8 млн тонна емес, 68,3 млн тонна сатамыз. Қашағанның екінші кезеңін іске қосу 2025 жылға ауыстырылды. Бюджет тапшылығына қатысты жағдай жақ­сарған жоқ, едәуір нашарлады. Инфля­­ция тежелгенмен, 5 пайыздық көр­сет­кіштің ауылы алыс. Халық­тың табысы инфляцияға ілесе алмай жатыр. Бюджет дағдарысы ке­ше, бүгін пайда бола салған жоқ, ол – жылдар бойы қордаланған терең қар­жылық құрылымдық дағдарыстың салдары.

Қазір бюджет шығындарын қысқарту ғана емес, тоқтату да мүмкін емес, айлық есептік көрсеткішті қозғаған сайын келесі жылы индекс­теу бізге 1-2 трлн теңге шығын өсімін береді. Ұлттық банкке инфляцияның өсуі мен экономиканың өсімінің ортасын дұрыс анықтау қиынға түсейін деп тұр. Биыл инфляцияны 8% шегінде ұстап қалғымыз келді, бірақ оны да орындау оңай емес.

Биылғы шығыс кірістерден 26%-ға артық. Орташа алғанда бұл көрсеткіш 20%-ға тең. 2024 жылдың 11 айында бюджетке салық 4 трлн теңгеге кем түскен. Қаржы министр­лігі жариялаған есепке сай, қаңтар-қараша айларында бюджетке 14,3 трлн теңге салық түсуге тиіс еді. Алайда 11 айда 10 трлн теңге ғана салық жинал­ған. Үкімет 11 айда табыс са­лығы мен корпоративті табыс салығының әрқайсысынан қазынаға 4 трлн теңге түседі деп жоспарлаған. Бірақ қаңтар-қараша айларында түскен әр салық 2,9 трлн теңгеден аспаған.

Соған қарамастан, жылды жақсы аяқтадық деуге негіз бар. Ішкі жалпы өнім 4,4%-ға өсім көрсетті. Барлық әлеуметтік міндеттемені орындай алдық. Ұлттық қор есебінен бюджеттің негізгі міндеттемелерін атқардық. Халық орнықты өсіп жатыр, саяси тұрақтылық бар және халықаралық қарым-қатынас та ойдағыдай.

Сондай-ақ Алматыда жаңа әуежайдың ашылуын, АЭС бойынша өткізілген референдумды, Қытай-Еуропа бағытында жүк транзитінің айтарлықтай өсімін, қаржы, сауда салаларындағы цифрландырудың күрт артуын, тасқыннан зардап шеккендер мәселесінің шешімін табуын, шекара шебіндегі жайлы жағдайды да оң нәтижелер қатарына жатқыза аламыз. 

Соңғы жаңалықтар