Экология • Кеше

«Таза Қазақстан»: Қоғамды біріктіріп, тұрғындарды тазалыққа үндеді

35 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Таза Қазақстан» экологиялық науқаны басталғалы 3,5 миллионға жуық адам қатысып, белсенділік танытқан. Нәтижесінде ел аумағындағы 1 млн 700 мыңнан астам аула тазаланып, бағдарлама аясында 1,4 миллион тонна қоқыс жиналды. Сондай-ақ республиканың түкпір-түкпірінде 3 млн түп көшет отырғызылған.

«Таза Қазақстан»: Қоғамды біріктіріп, тұрғындарды тазалыққа үндеді

«Таза Қазақстан» республикалық экоакциясы ел аумағын көгалдандырып, абаттандыруды, сенбіліктер ұйымдастырып, экологиялық жағдайды жақсартуды міндет еткен. Науқан аясында биыл Астана мен Алматы қаласындағы және Қызылорда, Түркістан облысындағы аулалар толықтай тазартылды.

Ал республикадағы саябақтардың 99 пайызы және әлеуметтік нысандардың 98 пайызы қоқыстан арылған. Сала мамандары «акцияға Алматы қаласының қосқан үлесі өте көп» дейді.

«Алматы қаласы республика бойынша алғашқы қалалардың бірі болып, осы акцияны 8 сәуірде бастады. «Таза Қазақстан» акциясында Алматы қаласы бойынша 2 мың тоннадан артық қалдық жиналып, полигондарға шығарылды», деді Экология департаментінің бас маманы Нұржан Бөлекбаев.

Әсем шаһар Алматының «Бақша қала» мәртебесі да уақыт өте жандана бермек. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін 2023 жылдан бері 650 мыңға жуық көшет отырғызылды. Ал 2025 жылы биіктігі 4 және 6 метрден асатын 27 мың ағаш егіледі. Сонымен қатар мегаполистегі 4 мыңнан астам аула аумағын күтіп ұстау үшін бөлінетін қаржы 2025 жылы биылғымен салыстырғанда 3 миллиардқа артады.

«Жергілікті атқарушы органдардың және Алматы қаласы экология департаментінің бастамасымен биыл «Таза Қазақстан» науқаны аясында шаһарда ауқымды 13 іс-шара өткізілді. Науқанға 432 мыңнан астам адам қатысты. Сондай-ақ 600-ден астам техника жұмылдырылды», деді Экология департаментінің бас маманы Диана Асланқызы.

Атап өтер жайт, жасыл желектерді отырғызу және күтіп ұстау бойынша қолданылған жаңа тәсілдердің нәтижесінде ағаштардың құлау деңгейі 2 жылда 20 пайызға азайған. Ал жасыл желекті автоматты түрде суару үшін 2 жыл ішінде 500 шақырым желі салынған. 2025 жылы көрсеткіш тағы 290 километрге ұлғаймақ.

«Ауқымды «Таза Қазақстан» науқанның мақсаты тек қоқыс жинау ғана емес. Экосауаттылықты арттыру, айналаны таза ұстауды күнделікті әдетке айналдыру. Науқанға жастар белсенді қатысты», деді «Жасыл ел» жастар жасағының басшысы Әділ Нұрпейісов.

«Таза Қазақстан» науқаны айналаны күтіп ұстауға бағытталғандықтан, Алматыны көріктендіру мен көгалдандыру жұмысы да одан ары жалғаса береді. Ал оны жүзеге асыру үшін бөлінетін бюджет келер жылы биылғымен салыстырғанда 40 пайызға көбейеді.

Жалпы, «Таза Қазақстан» акциясы аясында заңсыз қоқыс үйінділерін анықтау бойынша рейдтер жүргізілді. Аумақтық экология департаменттерімен және жергілікті билік органдарымен бірлесіп көптеген қоқыс орны жойылды. 

«Таза ауа» рейдтері барысында 482 автокөлік тексеріліп, экологиялық стандарттарды бұзудың 105 фактісі анықталды. 96 жүргізушіге айыппұл мен ескерту түріндегі әкімшілік сипаттағы шаралар қолданылды. Бұл шаралар экологиялық нормаларды сақтаудың маңызды екенін көрсетеді, жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін арттырды. 

Жобаның ерекше жетістігі – азаматтарға экология саласындағы проблемалар туралы хабарлауға және оларды шешуге қатысуға мүмкіндік беретін @TazaQazBot цифрлық платформасының құрылуы.

Осылайша, бір жыл ішінде чат-бот арқылы 7 929 өтінім келіп түсті. Олардың ішінде 7 061 өтінім орындалды, 168-і орындалу сатысында, 23-і өңделуде және 674 өтінім жойылды. 

Олардың арасында ең жиі келіп түскен өтінімдер: аумақтарды тазалау – 2 142 өтінім, тұрмыстық қоқысты шығару – 668 өтінім, көшелерді абаттандыру – 648 өтінім, жолдарды жөндеу бойынша – 595 өтінім. 

Өңірлер арасында Алматы көш бастап тұр – 2 014 өтінім. Одан кейінгі орында Астана тұр – 1 587 өтінім. Үшінші орында Қарағанды облысы – 757 өтінім. 

Чат-бот экологиялық мәселелерді жедел шешуге ықпал ете отырып, азаматтар мен мемлекет арасындағы диалогтың тиімді құралына айналды. 

Қол жеткізілген нәтижелерді нығайту және экологиялық сананы ұзақмерзімді перспективада қалыптастыру мақсатында «Халықтың экологиялық мәдениетін дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітілді. Бұл құжат экологиялық саясаттың негізгі бағыттарын айқындайды. 

Тұжырымдама басымдықтарының бірі – жастарды экологиялық жобаларға тарту. Жыл бойы лекциялар, эко-сағаттар және экологиялық зертханаларға экскурсиялар ұйымдастырылды. Осылайша, биыл 90 мыңнан астам ерікті азамат абаттандыру және көгалдандыру акцияларына қатысты. 

Халықтың экологиялық сауатын арттыру мақсатында қалдықтарды қайта өңдеу, ластану деңгейіне мониторинг жүргізу тақырыптарын жария ету, абаттандыру және эковолонтерлікті дамыту жөнінде конкурстар өткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Сондай-ақ Тұжырымдаманың негізгі бағыты – азаматтардың белсенді қатысуына жағдай жасау. Өз тиімділігін дәлелдеген @TazaQazBot секілді цифрлы платформаларды дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Одан бөлек, экологиялық нормалардың сақталуына және экологиялық стандарттардың енгізілуіне бақылау күшейтіліп жатыр. 

Сонымен қатар келесі жылы тұрақты экологиялық басқару жүйесін құру үшін тұрақтандыру қорларының жұмысын күшейту көзделген. Аумақтарды көгалдандыру және абаттандыру бойынша ауқымды республикалық акциялар өткізу жоспарланған. 

Бұған қоса, шығарындылар көлемін азайту және экологиялық стандарттарды бақылау үшін ведомствоаралық өзара іс-қимыл күшейтіледі. Цифрлы технологиялар мен медиа ресурстарды қоса алғанда, халыққа экологиялық білім беру бағдарламаларын дамыту көзделген. 

«Таза Қазақстан» бастамасы аумақтарды тазалаудан әлдеқайда ауқымды міндеттерді қамтиды. Бұл – азаматтардың, бизнестің, мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдардың күш-жігерін біріктіретін, экологиялық тұрғыдан саналы өмір салтын насихаттайтын қозғалыс.

Кешенді шаралар мен инновациялық технологияларды енгізудің арқасында Қазақстан экологиялық саулыққа, орнықты дамуға және болашақ ұрпақ үшін қолайлы орта құруға маңызды қадамдар жасап отыр.