ПЕТРОПАВЛ. 1 мамыр. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған іс-шаралар аясында тәртіп сақшыларына қызметтік көліктердің кілттері салтанатты жағдайда тарту етілді. Бұл туралы ОІІД-нің баспасөз қызметі хабарлады.
«Ішкі істер саласының материалдық-техникалық базасын нығайтудың арқасында қылмыстар мен құқықтық бұзушылықтардың алдын алу, болдырмау шаралары өз нәтижелерін беріп келеді. Бүгін жол-патрульдік полиция құрылымы 45 қызметтік көлікпен толығып отыр»,–деді өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенко.
«Škoda Octavia», «Lada Granta», «Нива», «УАЗ»» секілді автомобильдерді сатып алуға жергілікті қазынадан 80 миллион теңге бағытталды. Бұдан тысқары Қорғаныс министрлігі қызметтік мақсаттар үшін екі автобус бөлді.
Ал, бұған дейін қалалық, облыстық тас жолдарда пайдаланылып келген автомобильдер учаскелік полиция саақшыларына берілді.
Салтанатты жиын аяқталғаннан кейін қонақтарға арнайы бөлімшенің жарыстары, қаруды меңгеру әдістері көрсетілді.
Шара ішкі істер органдары қызметкерлерінің салтанатты маршымен аяқталды.
Өмір Есқали.
Дерек, сурет: Солтүстік Қазақстан ОІІД-нің баспасөз қызметі.