
Іс-шараға Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың басқарма төрағасы–ректор Жансейіт Түймебаев, шетелдік қонақтар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, білім ордасының оқытушылары мен студенттері қатысты.
Салтанатты жиында ректор Жансейіт Түймебаев оқу ордасының ғылыми-зерттеу, инновациялық қызметінің нәтижелері мен жетістігіне тоқталды.
«Бүгін университет үшін ғана емес, ел дамуындағы тарихи маңызы зор. Өйткені Қуатты Қазақстанды экономикалық өсімге жеткізетін – сапалы білім мен іргелі ғылым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Қазір – ғылым мен білімнің заманы. Отанымызды көркейтеміз десек, ең алдымен, осы екі саланы дамытуымыз керек» - деген сөзін университет ұжымы әр салада жүзеге асыруда. Студент жастарымыз мәдениетті, әсемпаз, білімпаз болуға бар күш-жігерін салады. Оған олардың қарым-қабілеті де, даму әлеуеті де жетеді. Ал біздің ұжым өз қызметінде Президенттің «Біз көшке ілесетін емес, көшті бастайтын елдердің қатарында болуымыз керек» - деген сөзін әрдайым басты бағдар етіп келеді. Ары қарай да университет ғылыми әлеуетін нығайтып, барлық салаға инновациялық тәсілдер енгізуді жоғары деңгейде жалғастыра береді», деп атап өтті ректор.
Мерейтойлық шарада барысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың құттықтау хатын оқып, лебізін жеткізген Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин іргелі оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттерді айтулы датамен құттықтап, ҚазҰУ елімі аумағында алғаш болып ашылған оқу ордасының бірі екенін атап өтті.
«Қадірлі қауым, баршаңызды әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің құрылғанына 90 жыл толуымен құттықтаймын. Бұл тұтас білім және ғылым саласының мерейлі мерекесі. ҚазҰУ еліміздің тұңғыш жоғары оқу орындарының бірі. Қасиетті қара шаңырақ ғасырға жуық уақыт ішінде іргелі білім ордасына айналды. Білікті мамандар ұстаханасы ретінде өзінің бірегей дәстүрін қалыптастырды. Қазіргі жастарды осы сабақтастықты сақтап, аға буынның жолын лайықты жалғастырып келеді. Білім ордасы бүгінгі мерейтойына зор жетістіктермен жетіп отыр. Беделді халықаралық рейтингтерде Орталық Азия аймағындағы жоғарғы оқу орындарының көшін бастауы соның айқын дәлелі. Өскелең ұрпақты білім, ғылымға баулып, олардың бойына адал азаматқа тән қасиеттерді сіңіру жолында еңбек етіп жүрген университет ұжымына шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздер алдағы уақытта да осы миссияны абыроймен атқарасыздар деп сенемін», делінген құттықтауда.
Университет 90 жыл бойы жоғары білім мен ғылымның қарашаңырағы бола отырып, түрлі салада білікті кадрларды дайындау жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді. Бүгінде ҚазҰУ жетекші университет ретінде еліміздің экономикалық дамуына табысты үлес қосып жатыр.
Салтанатты жиында Ерлан Қарин университеттің қызметкерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттап, жас ғалымдарға пәтер кілтін табыс етті.
Университеттің оқытушы-профессорлар құрамы атынан сөз алған шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының профессоры Элеонора Сүлейменова: «Бүгінде ҚазҰУ халықаралық рейтингтерде өзінің позициясын жоғарлатып, әлемнің көшбасшы ЖОО-ларымен бесекеге қабілетті. Біз қайта өрлеу дәуірін бастан өткеріп, тез және сапалы түрде жаңарып жатырмыз. Бұл тек қолданыстағы инфрақұрылымды нығайтуға және жаңартуға қатысты емес. Оның ішінде ғылыми жетістіктерді, жаңа жоғары технологиялық өнімдерді, білім беру, академиялық ұтқырлық және қосдиплом бағдарламасын енгізу де жатады. ҚазҰУ – әлемдік деңгейдегі зерттеу университеті ретінде стратегиялық міндеттерді сенімді түрде іске асыра отырып, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты түрле үлес қосады», деп атап өтті.
Мерейтойлық шара барысында университет жетістіктері мен халықаралық байланысының дамуы және ғылыми-инновациялық жобаларына арналған көрме ұйымдастырылып, мұнай-химия, ІТ, медицина, жасанды интеллект, биология, физика, ғарыштық технология, география салалары бойынша жүргізіліп жатқан инновациялық жобалар нәтижесі көрсетілді.
Бүгінде ҚазҰУ базасында 7 ғылыми-зерттеу институты, 140 ғылыми зертхана, 34 ғылыми орталық пен 2 ұжымдық пайдалану зертханасы табысты жұмыс істейді. Университетте жалпы құны 36 млрд теңгені құрайтын 400-ден астам жоба жүзеге асырылуда.
Салтанатты шара аясында «Farabi – 90» тарихи-деректі фильм көрсетіліп, университетінің мерейтойына арнайы дайындалған концерттік бағдарламаға ұласты.