Саясат • 30 Желтоқсан, 2024

Жыл қорытындысы: Тарихта айтулы орын алған ірі саяси оқиғалар

32 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

Қазақстан биыл Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы, Аралды құтқару жөніндегі Халықаралық қор сияқты бірқатар беделді халықаралық және өңірлік ұйымдарға төрағалық етті. Бұл ұйымдардың біразының құрылуының басы-қасында Қазақстан тұрса, кейбіреулерінің белсенді бастамашысы болды.

Жыл қорытындысы: Тарихта айтулы орын алған ірі саяси оқиғалар

фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы

Биылғы жылдың елеулі саяси оқиғалардың бірі - тарихта тағы да ізін қалдырған Шанхай ынтымақтастықтық ұйымының Астанада өткен саммиті. Бұл ұйымның бастауында бес ел тұр. Яғни 2001 жылы Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей және Тәжікстаннан құралған «Шанхай бестігінің» базасында құрылған.

Айта кетейік, Шанхай ынтымақтастық ұйымы – ең алдымен, аймақтың қауіпсіздігін нығайту мақсатында құрылған халықаралық құрылым. Сарапшылардың айтуынша, дү­ниежүзілік қауымдастықтың ұйым­ға деген қызығушылығы жыл санап ай­тарлықтай артып келеді. Яғни ШЫҰ Еуразия елдерінің көпшілігін қамти­тын аймақтық іргелі ұйымға айналып отыр.

Бүгінде Ауғанстан, Беларус, Моңғо­лия мемлекеттері сырттай бақы­лап отырған ұйым мүшелігіне Үндістан, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбек­стан елдері кіріп отыр. Ал әзірге өңірдегі Әзербайжан, Армения, Бахрейн, Мы­сыр, Камбоджа, Қатар, Кувейт, Маль­див, Мьянма, Непал, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Түркия, Шри-Ланка мемлекеттері ортақ диалог мәселесінде серіктес елдер қата­рында тұр.

Астана саммитінде үш жылға созыл­ған Беларусь Республикасының ұйымға кіру үдерісіне соңғы нүкте қойылмақ. Беларусьті қабылдау рәсімі 2022 жылы Самарқанд саммитінде басталған болатын.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ұсынысымен ШЫҰ алғаш рет «Әділ бейбіт­шілік пен келісім жолындағы әлем­дік бірлік туралы» бастаманы қолға алмақ. Яғни ШЫҰ Әділетті бейбітшілік формуласының ұжымдық іздеу үдерісін бастауды ұсынғалы отыр.

Сонымен қатар Президент ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің белсенді қолдауының нәтижесінде Қазақстанның ұйымға төрағалығы кезінде түрлі деңгейде 150-ге жуық іс-шара, соның ішінде цифрлық даму, туризм, энергетика, бизнес салаларында форумдар және ШЫҰ жастар кеңесі өткенін мәлімдеді.

«Ұйымның Шарттық базасы 60 жаңа құжатпен толықтырылды. Атап айтқанда, Есірткіге қарсы стратегия, Экономикалық ынтымақтастық стратегиясын іске асыру жоспары, Қоршаған ортаны қорғау саласындағы келісім, Энергетикалық ынтымақтастықты дамыту стратегиясы және басқа да құжаттар. ШЫҰ серіктестері саналатын халықаралық ұйымдардың қатары көбейді. Инвестициялар жөніндегі арнайы жұмыс тобының қызметі қайта жанданды. Ұлттық валютамен есеп айырысуға көшу үдерісі қарқынды дами бастады», деді Мемлекет басшысы.

Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалығы

Қа­зіргі таңда беделді халықаралық бір­лестікке айналған Түркі мем­лекеттері ұйымы­ның (ТМҰ) біздің елдің бастамасымен дүниеге келгені баршаға мәлім. Осы орайда 2009 жылы Түркітілдес мем­лекеттер­дің ынтымақтастық кеңесі (Түркі Кеңесі) ретінде негізі қалан­ған ұйым­ның ең бірінші саммиті 2011 жылы Алматыда ұйымдастырылғаны тегін болмаса керек.

2021 жылы атауы өзгерген Түркі мемлекеттері ұйымына (хатшы­лығы Ыстанбұлда орналасқан) Әзер­бай­жан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбек­стан және Түркия мүше болса, Түрікменстан мен Мажарстан бақылаушы мәртебесіне ие. Сондай-ақ еліміз – Түркі әлеміне тиесілі өзге де құрылымдардың, атап айт­қанда, Мәдениет министрлерінің басын қосатын Түрксой (хатшылығы Анкарада), парламентаралық ынты­мақтастықты дамытуымен айналысатын ТүркПА (хатшылығы Бакуда), білім және ғылым саласын қамтитын Түркі академиясы (хатшылығы Аста­нада) құрылуының негізгі бастамашысы.

Былтыр қарашада Астанада Қазақ­стан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалымен Түркі мем­лекеттері ұйымының Х саммиті өт­ті. Мемлекет басшы­сы «Қазақстан Түр­кі мемлекеттері ұйы­мын одан әрі дамы­туға мүдделі. Түркі ықпалдасты­ғын те­реңдету – ортақ мұрат. Біз «Түркі әле­мі» атты жаңа брендті дәріптеуіміз керек. Сонда ғана түркі халықтарының ын­ты­мағы барынша нығайып, әлеуеті арта түседі», деп мәлімдеді.

Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалығы

Биыл ел ордасы - Астанада Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясы өтті. Шағын және кеңейтілген құрамдағы сессия отырыстарына Беларусь Прези­денті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, сондай-ақ ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов қатысты.

Биыл Қазақстан осы ұйымға төрағалық етті. Сол себепті саммит Астанада ұйымдастырылды. Оның аясында биыл еліміз 60-қа жуық іс-шара ұйымдастырған. Жауапты міндетті Қазақстан толығымен орындады.

Ұйымға төрағалық ету эстафетасын Қырғыз Республикасы қабылдады. Садыр Жапаров келесі жылы Бішкекте Киберқауіпсіздік бойынша халықаралық конференция өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шағын құрамдағы сессияда Қазақстанның Ұйымға төрағалығы кезінде қойылған міндет­тердің бәрі орындалғанын айтқан еді.

«Ұйымның жарғылық органдары­ның отырыстары, әскери оқу-жаттығу жиындары және профилактикалық опера­циялар жоспарлы түрде ұйымдас­тырылды. Сыртқы істер және қорға­ныс министрлері ұжымдық қауіпсіздік­тің өзекті мәселелерін қарастырды. Қауіпсіздік кеңесі хатшылары мен парламент спикерлерінің деңгейінде кездесулер өтті. Ұйымның қосымша және жұмыс органдарының кеңестері өткізілді. ҰҚШҰ қызметінің түрлі бағыттары бойынша консультациялар жасалды. Сессия аралық кезеңде бірқатар маңыз­ды құжат қабылданды. Бұлар халықара­лық ынтымақтастық, қорғаныс сала­сын­дағы ықпалдастық, сондай-ақ ұжым­дық қауіпсіздіктің өзекті сын-қатер­лері мен қауіптеріне қарсы іс-қимыл мәселелерін қамтиды. Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге қатысты дайындық жұмыстарына айрықша мән берілді», дед Президент.

Қазақстанның АӨСШК-ге төрағалығы

1992 жылы Қазақстанның бастамасымен құрылған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес Азиядағы бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақтылық мүдделеріндегі ынтымақтастықты нығайту үшін үкіметаралық форма болып табылады.

АӨСШК мүшелері 27 мемлекет, 9 мемлекет бақылаушы және 5 бақылаушы ұйым болып табылады.

Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан өзінің төрағалығы кезінде АӨСШК-ні толыққанды халықаралық ұйымға айналдыруға негізделген бірқатар маңызды басымдықты іске асыруды көздеді.

«Саяси диалогтың аймақтық платформасы ретінде АӨСШК-тің кемелдігі мен тиімділігі оны одан әрі трансформациялаудың бастауы болмақ. Мүше мемлекеттер қазірдің өзінде АӨСШК-тің іс-жүзінде ұйым ретінде жұмыс істеп жатқанын бірнеше рет талқылады және солай екеніне келіседі. Біз жаңа ұйым құрмайтынымызды, керісінше институционалды дамудың жаңа кезеңіне өтіп жатқанымызды атап өткім келеді. Кеңестің мәртебесін көтеру Азияның әлемдік істердегі артып келе жатқан рөлін нығайтып, мүше мемлекеттердің өзара іс-әрекетін жаңа деңгейге шығарады», деді президент Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің алтыншы саммитінде.

Тоқаев Қазақстанның 2022-2024 жылдары жаңа мерзімге төрағалық ету туралы өтінішін қолдаған АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің бәріне алғыс айтты. Мемлекет басшысы Қазақстан алдында маңызды міндеттер тұрғанына тоқталып, Кеңеске мүше мемлекеттердің тығыз ынтымақтастығы мен қолдауына сенім артатынын айтты.

Президент биыл Кеңесті шақыру туралы бастаманың көтерілгеніне 30 жыл толғанын еске салды. Тоқаев осы кезең ішінде бұл жиын көпжақты ынтымақтастық тұғырына және заманауи дипломатияның халықаралық институтына айналғанын мәлімдеді.

Саммит барысында бірқатар құжат қабылданды. Атап айтқанда, АӨСШК-нің трансформациясы туралы Астана мәлімдемесі қабылданды.

Сонымен қатар АӨСШК қорын құруға қатысты құжат бекітілді. АӨСШК қорының мақсаты – АӨСШК жобаларын іріктеуге және оларды жүзеге асыруға ерікті түрде қаражат жинаудың арнайы тетіктерін қалыптастыру.

 Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары

Биыл Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Сапар барысында шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өтті. Келіссөз барысында мемлекет басшылары өнеркәсіп кооперациясы, энергетика, мұнай-газ өнеркәсібі, энергия ресурстарының тасымалы, машина жасау, көлік-логистика, қаржы, экология, су саясаты, білім беру, ғылым және мәдени-гуманитарлық салалар­дағы ықпалдастықты дамыту келешегін талқылады.

Президенттің айтуынша, өзара сауда-саттық үздіксіз дамуда, таяу уақытта екіжақты тауар айналымын 30 млрд долларға дейін жеткізуге мол мүмкіндік бар. Инвестиция саласында да оң үрдіс байқалады.

«Бүгінде жалпы инвестиция көлемі 18,3 млрд доллар болатын 93 бірлескен жоба жүзеге асты. Соның нәтижесінде Қазақ­станда 22 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытта шамамен құны 29,5 млрд доллар болатын және 20 мыңнан аса жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 49 жобаны қолға алуды жоспарлап отырмыз», деді Қазақстан Президенті.

Шын мәнінде, екі ел арасындағы сауда-экономика, инвестиция, өнеркәсіптік кооперация салаларындағы ынтымақтастық тұрақты өсіп келе жатыр. Тауар айналымы арта түсті. Былтыр оның көлемі 27 млрд долларға жетті. Бұл ретте сыртқы саудамыздың 20 пайызға жуығы Ресейдің үлесіне тие­сі­лі. Ресейден келетін тікелей инвести­ция­ның жалпы көлемі 25 млрд доллар­ға жуықтады. Жыл сайынғы инвестиция мөлшері де айтарлықтай артты: былтырғы қорытынды бойынша екі есе, яғни 3 млрд долларға дейін ұлғайды. Қазақстанда 23 мың ресейлік және бірлескен компания табысты жұмыс істеп жатыр. Бұл еліміздегі шетелдіктердің қатысы бар кәсіпорындардың жартысына жуығын құрайды.

Сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің отын-энергетика саласындағы ынтымақ­тастығы мүлдем жаңа деңгейге көтерілді.

«Лукойл» компаниясымен бірге «Қаламқас теңіз», «Хазар» ірі кен орындарын игеруге кірісті. Бұл жобаға құйылатын инвестиция көлемі 6 млрд доллардан асады. Бұдан бөлек, ресейлік әріптестер мұнай-газ химиясы жобаларын жүзеге асыруға белсенді атсалысып келеді. 2022 жылы «Сибур» компаниясымен бірге Орталық Азиядағы ең ірі полипропилен өндірісін іске қостық. Зауыт жылына 500 мың тонна өнім өндіреді. Бүгінде бұл кәсіпорын Қазақстан өңдеушілерін шикізатпен қамтамасыз етіп қана қоймай, өз өнімдерін Ресей, Қытай, Түркия және басқа да елдерге экспорттайды. Биыл қыркүйек айында жылына 1,2 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыт құрылысы басталды. «Татнефть» компаниясымен бірлесіп, қуаты жылына 340 мың тонна бутадиен шығаруға жететін жоба іске асырылып жатыр. Газ саласында да айтарлықтай табысқа қол жеткізілді. Ресей газы Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға алғаш рет тасымалдана бастады. «Газпром» компаниясымен Қырғызстанға көгілдір отын тасымалдау туралы келісімге қол қойылды. Сонымен қатар Ресейден Қазақстанға газ жеткізу мәселесі пысықталып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің базасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситеті филиалын ресми түрде ашу рәсіміне бейнебайланыс арқылы қатысты.

Мұнан соң мемлекеттер басшылары университет филиалын ашуға рұқсат берді.

Сондай-ақ жиынға ҚазҰУ басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев пен ОмМУ ректоры Сергей Замятин қатысты.

Ресейде тұңғыш рет ашылған Қазақ­стан жоғары оқу орнының филиалына талапкерлерді қабылдау 2025 жылдың қыркүйек айына жоспарлан­ған. Қазақстан мен Ресей үкіметтері студенттерді оқыту үшін арнайы 200 грант бөлді.

Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары

Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға бесінші рет мемлекеттік сапармен келіп отыр.

Сапар қарсаңында «Қазақпарат» агенттігінің сайты мен «Казахстанская правда» газетінде Қытай президентінің мақаласы шықты. Онда ол Қытай Қазақстанның бас сауда әріптесіне айналғанын, Қазақстан тауарының ең ірі импорттаушысы Қытай екенін жазған. Оның сөзінше, былтыр екі ел арасындағы сауда көлемі 41 миллиард долларға жетіп, рекорд жаңартқан.

Қазақстан сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы екіжақты сауда көлемі 31,5 миллиард доллар болған. 2022 жылы бұл көрсеткіш 24,1 миллиард доллар, 2021 жылы 18 миллиард доллар құраған.

БҰҰ сауда статистикасына қарағанда, 2023 жылы Қытайдың Қазақстанға экспорты 24,7 миллиард доллар, импорты 16,4 миллиард доллар болған. Қосындысы Си Цзиньпин айтқан 41 миллиард доллар болады. Бұл – БҰҰ-ға Қытай тарабы берген мағлұмат.

Ал Қазақстан тарапы берген мағлұмат бойынша, 2023 жылы Қазақстанның Қытай экспорты 14,8 миллиард доллар, ал Қытайдан импорт 16,8 миллиард доллар көлемінде деп көрсетілген. Яғни Қытай мен Қазақстан дерегінде алшақтық бар.

Қазақстан Қытайға көбіне шикізат пен ауыл шаруашылығы өнімдерін сатса, ол жақтан киімнен бастап, электроникаға дейін мыңдаған тауар түрін алады.

Астана БҰҰ-ға ұсынған дерекке қарағанда, Қытай кейінгі екі жылда расымен де Қазақстанның ең ірі сауда серіктесіне айналған. Оған дейін бұл тізімде көш бастап келген Ресеймен Қазақстанның екіжақты саудасы былтыр 26 миллиард доллар болған.

Кеңейтілген құрамдағы кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасында қазір құны 14,5 миллиард доллар болатын 45 ортақ жоба жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл "жобалар өнеркәсіп, энергетика, көлік-транзит, жасыл экономика, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларды қамтиды".

Сондай-ақ, Тоқаев кейінгі 15 жылда Қытайдың Қазақстанға инвестициясы 24 миллиард долларға жетті деді.

Мемлекет басшысының Әзірбайжан, Франция, Катар және Сингапурға мемлекеттік сапарлары

2024 жылы Президенттің шетелге жасаған сапарлары еліміздің халықаралық аренадағы ұстанымын нығайтып, әріптес мемлекеттермен сенімді серіктестік орнатуға ықпал етті.

11-12 наурызда Мемлекет басшысы Әзербайжанға мемле­кет­тік сапар жасады. Бұл сапардың негізгі мақ­саты – екі ел арасындағы ынты­мақ­тас­тық­ты жан-жақты дамыту болды. Нақтырақ айт­қанда, Қазақстан мен Әзербайжан Кас­пий теңізі арқылы тауар тасымалын арт­тыру, көлік және логистика саласында бір­­­­­лескен жобаларды жүзеге асыру туралы ке­лісті. Сонымен қатар мәдениет және бі­лім беру салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған келісімдерге қол қойылды.

22-24 мамырда Мем­лекет басшысы Сингапурға мемле­кет­тік сапар жасады. Президент Сингапурдың саяси және іскерлік топтарымен кездесіп, цифрлық экономика, инновация және жасыл технология салаларында бірлескен жо­баларды жүзеге асыру жөнінде келісім­дер­ге қол жеткізді. Бұл сапар Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен әріптестік бай­ланыстарын нығайту жолындағы маңыз­ды қадам болды.  

4–5 қарашада Қа­зақ­стан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Францияға мемле­кеттік сапармен барып, екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға ба­ғыт­талған маңызды кездесулер өткізді. Ке­лесі күні, 5 қарашада, Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Президенті Эмманюэль Макронмен Елисей сарайында кездесті. Кез­десу бары­сында екі ел арасындағы сая­си, экономикалық және мәдени ынты­мақ­тастықты дамыту мәселелері талқыланды. Пре­зиденттер бірқа­тар келісімдер, ме­морандумдар мен келісім­шарттарға қол қойды.

13-14 ақпанда Қасым-Жомарт Тоқаев Катар астанасы Доха қаласына ресми сапармен барды. Бұл сапардың нәтижесінде Қазақстан мен Катар арасындағы инвестициялық жобалар талқыланып, энергетика, инфрақұрылым және ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қатысты келісімдер жасалды. Сонымен қатар Катар мен Қазақстан арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты дамы­туға ерекше көңіл бөлінді.  

Мемлекет басшысының Бішкекте (Қырғызстан) өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысуы

Түркі әлеміне келсек, қа­зіргі таңда беделді халықаралық бір­лестікке айналған Түркі мем­лекеттері ұйымы­ның (ТМҰ) біздің елдің бастамасымен дүниеге келгені баршаға мәлім. Осы орайда 2009 жылы Түркітілдес мем­лекеттер­дің ынтымақтастық кеңесі (Түркі Кеңесі) ретінде негізі қалан­ған ұйым­ның ең бірінші саммиті 2011 жылы Алматыда ұйымдастырылғаны тегін болмаса керек.

2021 жылы атауы өзгерген Түркі мемлекеттері ұйымына (хатшы­лығы Ыстанбұлда орналасқан) Әзер­бай­жан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбек­стан және Түркия мүше болса, Түрікменстан мен Мажарстан бақылаушы мәртебесіне ие. Сондай-ақ еліміз – Түркі әлеміне тиесілі өзге де құрылымдардың, атап айт­қанда, Мәдениет министрлерінің басын қосатын Түрксой (хатшылығы Анкарада), парламентаралық ынты­мақтастықты дамытуымен айналысатын ТүркПА (хатшылығы Бакуда), білім және ғылым саласын қамтитын Түркі академиясы (хатшылығы Аста­нада) құрылуының негізгі бастамашысы.

Былтыр қарашада Астанада Қазақ­стан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалымен Түркі мем­лекеттері ұйымының Х саммиті өт­ті. Мемлекет басшы­сы «Қазақстан Түр­кі мемлекеттері ұйы­мын одан әрі дамы­туға мүдделі. Түркі ықпалдасты­ғын те­реңдету – ортақ мұрат. Біз «Түркі әле­мі» атты жаңа брендті дәріптеуіміз керек. Сонда ғана түркі халықтарының ын­ты­мағы барынша нығайып, әлеуеті арта түседі», деп мәлімдеді.

Ұйымды нығайтып, әлеуетін арттыру үшін Қазақстан төрағалығы «Түркі әлемі» дамуының алдағы 10 жыл­­дық кезеңін қамтитын басым­дықтарын айқындап берді. «Turkтime», яғни «Түркі дәуірі» деген ұранмен өткен саммитте Қасым-Жомарт Кемелұлы осы сөз­дің латын­ша нұсқасының әр әрпінен басталатын төмендегідей сегіз бағы­тын көрсетті: салт-дәстүр (traditions), біріз­дендіру (unification), реформалар (reforms), білім (knowledge), сенім (trust), инвестиция (invesments), медиация (mediation) мен энергия (energy).

Биылғы қараша айының басында Бішкекте өткен саммиттің ашылуында (Қазақстан төрағалығы қыр­ғыз тарапына тапсырылды) сөз сөйле­­ген Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жиын­ның Түркі мемлекеттері ұйымының 15 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр­ғанына назар аударды. «Түркі мем­лекеттері ұйымы аз ғана уақыт ішін­де беделді құрылымға айналды. Оның әлемдік мәртебесі артты. Бұл – ең алдымен, берекелі бірлігіміздің, ортақ күш-жігеріміздің арқасы. Осы басқосу ырысты ынтымағымызды одан әрі нығайта түседі деп сенемін», деді Президент.

Мемлекет басшысының кеңейтілген құрамдағы Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуіне қатысуы

Биыл Президент Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуінің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысты. Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуі кеңейтілген құрамда жалғасты. Жиынға құрметті қонақ ретінде Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев және БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, Орталық Азия бойынша превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының басшысы Каха Имнадзе қатысты.

Мемлекет басшысының айтуынша, Консультативтік кездесудің алтыншы рет өткізілуі тараптардың бауырлас халықтар арасындағы ғасырлар бойына жалғасқан достық байланысты нығайтуға, көпжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және халықаралық аренадағы ықпалдастықты күшейтуге бейілді екенін көрсетеді.

«COP 29» Дүниежүзілік климат саммиті

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Бакуде өткен «COP 29» Дүниежүзілік климат саммитіне қатысты. Оның барысында ол Қазақстанның жаһандық климаттық күн тәртібіне адалдығын растады және климаттың өзгеруіне қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын, сондай-ақ тұрақты ауыл шаруашылығына көшудің маңыздылығын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, Қазақстан жаһандық климат күн тәртібін қолдайтынын растап, табиғаттың өзгеруіне қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықтың маңызы зор екенін атап өтті. Мемлекет басшысы еліміздің 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөнінде биік мақсат қойғанын еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл міндетті орындау үшін нақты қаржыландыру көздері мен заманауи технологияларға арқа сүйейтінін айтты. Сондай-ақ «Климаттық қаржыландыру бойынша жаңа ұжымдық мақсат» (NCQG)  аясында табиғат өзгерістеріне осал аймақтарға, әсіресе, теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдерге айрықша мән берілуі қажеттігіне тоқталды.

«Әлемдегі зиянды шығарындылардың 1 пайызы ғана Орталық Азия елдеріне тиесілі. Соған қарамастан бұл аймақ көптеген климаттық қатерге ұшырап отыр. Табиғаттағы өзгерістерге қарай әрекет ету шараларының тиімділігін арттыру үшін біз жасанды интеллект, жерсерік арқылы мониторингтің озық технологияларын, қауіпті алдын ала ескертетін, су және жер ресурстарын анағұрлым тиімді басқаратын басқа да цифрлық құралдарды белсенді қолдануға тиіспіз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 «Astana Think Tank Forum 2024»

16 қазанда Астанада бірінші Astana Think Tank Forum 2024 басталды, оның күн тәртібіне орта державалар тұрғысынан жаһандық халықаралық жүйенің іргелі негіздерін талқылау алынды. Астана халықаралық форумының (AIF) демеушілігімен өтіп жатқан шараның ұйымдастырушысы – Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты. Форумға әлемнің 22 елінен 45 сарапшы қатысып отыр.

Форумның тақырыбы «Өзгермелі әлемдік тәртіптегі орта державалар: қауіпсіздік, тұрақтылық және орнықты дамуды нығайту» деп белгіленді. Шараға жетекші қазақстандық және шетелдік сараптамалық орталықтардың басшылары, зерттеушілер, сарапшылар мен дипломаттар қатысуда.

Форум орта державалар дипломатиясының негіздеріне арналған сессиядан басталды. Модераторы Borderless Consulting Group компаниясының негізін қалаушы және басқарушы директоры Чарльз Маклин (АҚШ).

Пікірталасқа қатысушылар қазіргі жаһандық ландшафттағы орта державалардың стратегиялық және дипломатиялық рөлдерін талқылады.

Өзбекстанмен Арал теңізінің экологиялық проблемаларына қарсы бірлесіп күресу туралы келісімді Сенатта ратификациялау

Сенат «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады.

Заңның мақсаты – 2022 жылғы 22 желтоқсанда Ташкентте қол қойылған Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау.

«Аталған келісім қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықты және орман алқаптарын қалпына келтіруді ұйымдастыруды, сондай-ақ топырақ пен өсімдік жамылғысының деградациясына қарсы күресті қоса алғанда, мониторингілеу бойынша өзара іс-қимылды жақсартуға мүмкіндік береді. Келісім су сынамаларын бірлесіп іріктеуді, су сапасы бойынша деректерді және нормативтік құжаттарды талдауды және алмасуды жүзеге асыруға бағытталған. Арал бассейніндегі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша өзбек тарапымен бірлескен іс-шараларды жүргізу маңызды іс-шара деп ойлаймын. Осыған байланысты бұл Келісімнің қабылдануы екі мемлекеттің Арал теңізі мен Арал өңірін қалпына келтірудегі, сондай-ақ осы саладағы халықаралық және өңірлік бағдарламаларды әзірлеу мен жүзеге асырудағы күш-жігерін біріктіреді және үйлестіретін болады», деді сенатор Жанболат Жөргенбаев.