Фото: pixabay
Обырға қарсы дәрі
Биолог Дос Сарбасов және Назарбаев университеті ғалымдарының қатерлі ісікке қарсы даярлаған препараты – медицинадағы ең үлкен табысты жетістік десе болады. Ғылыми топ үш жыл ішінде зерттеудің сенімділігін дәлелдеп, 1 және 2 фазалардың клиникалық сынақтарын өткізуге Ғылым және жоғары білім министрлігінен мақсатты қаржыландыру алды. Сынақ барысында дәріні бірінші рет қабылдаған он бес онкологиялық науқастың жағдайы тұрақталған. Олардың алтауында ісіктің өсуі тоқтаса, бір науқаста ісік 30 пайызға азайған.
Ғалымның айтуынша, қатерлі ісік жасушалары глюкозаға «тәуелді». Осы арқылы олар көбеюге қуат жинайды. Егер адам ағзасындағы глюкозаның мөлшерін азайтса, онда обыр жасушалары «аштықтан» өлер еді. Бірақ адамды глюкозадан толықтай айыру мүмкін емес. Олай еткен жағдайда ағзаға кері әсерін тигізеді.
«Сондықтан біз «Біз D-CV дәрумендерін және күшән оксидін кезектестіріп енгізу арқылы обыр жасушаларын жою әдісін таптық. Олардың құрылымы глюкозаға өте ұқсас. Қатерлі ісік жасушалары бұл заттарды «глюкоза» есебінде қаннан сіңіріп алады да, ақыры содан жойылады. Былайша айтқанда инъекция аңыздағы троялық жылқы секілді обыр жасушаларын ішінен улау арқылы көзін құртады», дейді ғалым Дос Сарбасов.
Құрсақішілік ота
Іштегі баланың денсаулығына қандай да бір қауіп төніп тұрғанын жүкті келіншектер көбіне екінші скринингтен кейін біліп жатады. Мәселен егіз не үшемдерге баланың жолдасы арқылы берілетін қоректік заттар қажетті мөлшерде жетпей жатқаны анықталуы мүмкін. Дәл осы кезде феталдық немесе құрсақішілік хирургияның көмегі аса қажет.
Отандық дәрігерлер осынау қауіпті әрі күрделі отаны елімізде алғаш рет жасап шықты және ол сәтті өтті. Отаны Алматыдағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының дәрігерлері, Ресейдің жетекші мамандарының бақылауымен бірлесіп жасаған еді. Бұл үшін хирургтер бір жыл бойы Израиль, Испания, Ресей, Беларусь еліне барып тәжірибе жинақтаған.
Феталдық медицина, яғни, ұрық хирургиясы ұрықтың ерте патологиялық жағдайларын түзетуге және емдеуге мүмкіндік беретін инновациялық технологияларға негізделген. Биылдан бастап елімізде жыл сайын құрсақішілік ақауларды түзету бойынша 100-ден аса операция жасалынады деп жоспарланып отыр.
Донорлық органды сақтайтын құрылғы
Осы жылдың тағы бір жарқын жаңалығы елордалық дәрігерлердің өнертабысы болды. Арнаулы топ адамға өмір сүруге екінші мүмкіндік беретін бірегей құрылғы ойлап тапты. Атауы – «Alem». Бұл донорлық органдарды ұзақ уақыт тасымалдауға және оны адам денесінен тыс емдеуге мүмкіндік беретін қазіргі уақыттағы ең кемелденген аппарат.
Қазақстанда трансплантология тарихы бастау алғанда дәрігерлер донорлық органдарды тасымалдауға арналған америкалық құрылғыны пайдаланып келді, алайда оның мүмкіндіктері қажеттіліктерді өтемеді, ал пайдалану тым қымбатқа түсті. Осы уақытқа дейін донорлық жүректі тек 4-6 сағат ішінде тасымалдауға болатын, кейін оның трансплантациялауға жарамсыз болып қалатын. Бірақ Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының дәрігерлері бұл мәселенің шешімін тауып, сонымен қатар әлемдік рекорд орнатты.
«Бұл – органды ұзақ уақыт (24 сағаттан астам) сақтауға мүмкіндік беретін донорлық органдарды сақтау және емдеу жүйесі. Сәйкесінше, осы уақыт ішінде қажетті ем-шаралар немесе операцияларды – мысалы, жүрек трансплантациясын немесе өкпе трансплантациясын жасап үлгеруге болады. Сондай-ақ осы уақыт ішінде органның трансплантацияға жарамдылығын анықтауға мүмкіндік береді», дейді University Medical Center басқарма төрағасы, кардиохирург дәрігер Юрий Пя.
«Alem» құрылғысының болашағы жарқын және тек трансплантацияға ғана емес, сонымен қатар хирургияға, онкологияға, перфузиологияға да көп септігін тигізбек. Мысалы, осы құрылғы арқылы хирургтар реплантация үшін ауруханаға ұзақ уақыт тасымалданатын кесіліп алынған, жарақаттанған аяқ-қолдарды құтқара алады. Мамандардың пікірінше, қазіргі уақытта әлемде бұл құрылғының көшірмесі жоқ, өйткені аппараттың құрамында біздің дәрігерлер толығымен әзірлеген бірегей бөліктер бар.
Халықаралық стандартқа сай онкологиялық орталық
Осы жылы «Үміт» халықаралық Томотерапия онкологиялық орталығы» ЖШС амбулаториялық ұйым стандарттарының тұрақты сақталуын көрсете отырып, Joint Commission International (JCI) халықаралық аккредиттеуді мақұлдаудың алтын мөрін алды.
Joint Commission International аккредитациясы – бұл сапаның «алтын стандарты» болып саналатын және медициналық ұйымның халықаралық деңгейде қабылданған медициналық және әкімшілік стандарттарға, сондай-ақ пациенттердің қауіпсіздігі бойынша халықаралық мақсаттарды қамтамасыз ету жөніндегі талаптарға сәйкестігін растау болып есептелетін денсаулық сақтау саласындағы аса объективті және беделді халықаралық сертификаттау. Бүгінгі таңда әлемде JCI стандарттар бойынша 800-ден астам ауруханалар аккредиттелген.
JCI аккредитациясының маңызы қандай? Бұл ең бірінші жоғары сенімділіктің белгісі. JCI Томотерапия орталығы осы арқылы жүйелі қызмет көрсетіп, сапалық тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Бұған қоса қызметкерлердің білім деңгейі де артатын болады. Аккредиттеу білім беру процесі ретінде ойластырылған. Аудиторлар стандарттардың мақсаттарына жақсырақ сәйкес келуге көмектесетін және одан да маңыздысы орталықтың күнделікті қызметінің тиімділігін арттыратын ең жақсы әлемдік тәжірибелерін үйретеді.
Бауыр ісігі мен ісік тромбасын қатар алып тастады
Елімізде алғаш рет UMC мамандары бір уақытта бір жарым жасар қыздың бауыры мен жүрегіне қатар ота жасады. Бұл алдымен бауыр ісігін, содан кейін жасанды қан айналымын қолдана отырып ісік тромбасын алған күрделі ота.
Жылдың басында 1,5 жастағы қыз UMC Ана мен бала орталығына оң жақ бауыр гепатобластомасымен – жас балаларда кездесетін жоғары қатерлі ісікпен ауруханаға жатқызылған. Компьютерлік және магниттік-резонанстық томография нәтижелері оң жақ жүрекше қуысына таралатын үлкен ісікті көрсеткен.
Содан мультидисциплинарлық консилиумде емдеуді полихимиотерапия курстарынан бастау туралы шешім қабылданды. Клиникалық хаттамаларға сәйкес, мұндай терапия тактикасы ісіктің мөлшерін едәуір азайтуға көмектеседі, бұл болашақта отаны қауіпсіз жүргізуге мүмкіндік береді. Химиотерапияның 4 курсынан кейін баланың жағдайы айтарлықтай жақсарды, ісік 2 есеге кішірейді. Алайда, ісікті алып тастауға төменгі қуыс венаның сағасында, жүрек сағасында қан ұйып қалып, кедергі келтірді.
Содан кейіни арнаулы топ UMC Жүрек Орталығының кардиохирургтарының қатысуымен жасанды қан айналым аппаратын қолдану туралы шешімге келді. Құрылғы көбінесе ашық жүрекке ота жасау кезінде қан айналымын үздіксіз жүргізу үшін қолданылады. 8 сағаттық ота кезінде дәрігерлер бауырдың қатерлі ісігін алып тастады, содан кейін жасанды қан айналымы мен ашық жүрек жағдайында тромбты алып тастады. Сондай-ақ венаның төменгі қуыс сағасында пайда болған ақауын өз перикардымен жамап, пластика жасалды. Жасанды қан айналымы құрылғысын пайдалану ұзақтығы 117 минутты құрады. Баланың жағдайы тұрақты, бүлдіршін үйіне шығарылды.
Айта кету керек, жасанды қан айналымы құрылғысы UMC Ана мен бала орталығында алғаш рет қолданылды. Бұған дейін туа біткен жүрек ақауы бар жаңа туған нәрестелер UMC Жүрек орталығына хирургиялық емдеуге жіберілетін еді.
Орфандық аурулар орталығы жұмысын бастады
2024 жылы University Medical Center базасында республикалық орфандық аурулар орталығы өз жұмысын бастады. Оның негізгі мақсаты – сирек кездесетін аурулары бар науқастарға медициналық көмек пен өмір сапасын жақсарту және сирек кездесетін ауруларды емдеудің ұзақ мерзімді нәтижелерін диагностикалау, емдеу және бағалау үшін үйлестіру.
«ДДСҰ құру орфандық ауруларды диагностикалау мен емдеуге фрагменттік тәсілді жоюға және жоғары мамандандырылған көмектің қолжетімділігін жақсарту, емдеудің тиімді әдістерін іздеу және диагностика жүйесін әзірлеу бойынша медициналық қоғамдастықтың үйлестірілген күш – жігерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», дейді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
«Ұрықты қорғау» республикалық орталығы ашылды
2024 жылдың 11 сәуірінде UMC Ана мен бала орталығының базасында «Ұрықты қорғау» республикалық орталығының ашылуы өтті, оның шеңберінде жүкті әйелдерге арналған «Бір күндік клиника» атты қанатқақты жоба іске қосылды.
Жобаның мақсаты – болашақ аналардағы жүктіліктің бірінші триместріндегі денсаулық жағдайын дәл диагностикалау. Барлық ем-шаралар заманауи жабдықта және мүмкіндігінше ыңғайлы жағдайда жүзеге асырылады. Бір күн ішінде клиника мамандары келесі қадамды анықтау үшін генетикалық диагностика жүргізеді. Ұрықта ақаулардың даму қаупі жоғары жүкті әйелдер «Бір күндік клиникадан» өте алады. Жоба МӘМС шеңберінде жұмыс істейді.
«Ерте диагностика мәселелері өте маңызды. Біз жүкті әйелдердің бүкіл маршрутын дұрыс құруымыз керек. Біз әйелдерді жоғалтып жатқанымызды мойындауымыз қажет. Сондықтан бір күндік емхана бірінші жартыжылдықтың соңына дейін жеті өңірде болады.
«Менің ойымша, бұл балалар арасындағы мүгедектіктің төмендеуіне, нәресте өлімінің төмендеуіне үлкен үлес қосады, сондықтан UMC басшылығына бұл бастаманы қолдағаны үшін алғыс білдіремін. Өз тарапынан денсаулық сақтау министрлігі барлық 20 өңірде ашуды міндет етіп қойып отыр. Біз өте жақсы бастама көтердік деп есептеймін. Менің ойымша, жыл соңына дейін нәресте өлімін азайту бойынша белгілі бір нәтижелерге қол жеткізуіміз керек. Сонымен қатар, біз неонатальды хирургияны дамыту, ұрық хирургиясы мәселелерін көтереміз. Осы орталықтың қолдауына үлкен үміт артамыз. Біздің міндетіміз – осы жұмысты дұрыс ұйымдастыру. Баршаңызға сәттілік тілеймін», дейді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Бір уақытта бес ота жасалды
Оқыту тренингі шеңберінде Алматы қаласындағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының дәрігерлерімен бірлесіп, егіздерге жүкті, ұрықтың патологиясы диагнозы қойылған 5 әйелге тамырлы анастомоздарды лазерлік коагуляциялау бойынша бес бірегей ота сәтті жасалды
Отаға Ресей Денсаулық сақтау министрлігінің В. И. Кулаков атындағы Акушерлік, гинекология және перинатология ұлттық медициналық зерттеу орталығының ультрадыбыстық және функционалдық диагностика бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, ана мен ұрық медицинасы қоғамының мүшесі Кирилл Костюков қатысты.
Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің елдегі ұрық хирургиясын енгізу және дамыту жөніндегі алғашқы пилоттық жобасы болып табылатынын атап өту маңызды.
Айта кетейік, Феталдық медицина (ұрық хирургиясы) – бұл құрсақтағы ұрық емделетін жоғары мамандандырылған медицина саласы. Ұрық хирургиясы ұрықтың ерте патологиялық жағдайларын аз инвазивті емшаралармен түзетуге және емдеуге мүмкіндік беретін инновациялық технологияларға негізделген, бұл анаға сау бала туып, бақытты болуға мүмкіндік береді.
Жаңа жасуша зертханасы ашылды
UMC Диагностикалық Орталығында «Трансплантаттың ұзақ мерзімді өміршеңдігінің предикторы ретінде трансплантацияланған мүшелерді қабылдамауды инвазивті емес диагностикалау» ғылыми бағдарламасы аясында жаңа жасуша зертханасы ашылды.
Зертхана жасушалық зерттеулер мен диагностиканы, сондай-ақ биологиялық материалдарды манипуляциялау үшін құрылған.
Соңғы жабдықтар мен құралдар ластану қаупін азайта отырып, жасушаларды өсіруге, болашақ зерттеулер үшін үлгілерді сақтауға және қауіпсіз жағдайларда ғылыми эксперименттер жүргізуге мүмкіндік береді.