Бұл көптен күткен оқиға «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен жүзеге асты. Орталықтың қызыл лентасын «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, «Samruk-Kazyna Trust» КҚ бас директоры Альфия Әдиева қиды.
Аталған орталықты ашу жайы өнер иелері арасында көптен бері мәселе етіп көтеріліп жүрген түйткілдің бірі болатын. Соның іс жүзінде шешілгеніне олар шын қуанышты. Енді театр әртістері мен техникалық ұжым физикалық жүктемелер мен жарақаттан кейін қалыпқа келу үшін мамандандырылған оңалту кабинетінің көмегіне жүгіне алады. Себебі театр өнері жан-тәніңмен берілуді талап етеді. Әрбір спектакль – айлар бойғы дайындық, күш-жігер мен көбінесе кәсіби жарақаттарға алып келетін физикалық жүктеме. Осы уақытқа дейін отандық әртістер өз күшіне ғана сенетін, болмаса оқыс жағдайда жалпы бейіндік емханаларға жүгінетін. Енді оңалту кабинетінің арқасында кәсіби көмек қолжетімді бола түсті. Кабинеттің іші бұлшық етті қалпына келтіруге, ауырсынуды басуға әрі түрлі емшараларды жүргізуге арналған заманауи құралдармен жабдықталған. Дәл осы жерде әртістердің қалыпты жұмысына тезірек оралуына қалай көмектесуді білетін реабилитолог маманның да кеңесін алуға болады.
«Біз үшін қызметкерлердің денсаулығы бірінші кезекте, себебі олар театрды жанды, өміршең, жігерлі етеді, деп атап өтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» директоры Ғалым Ахмедьяров. – Осынау жобаның маңыздылығын түсініп, қолдау көрсеткені үшін «Самұрық-Қазына» қорына ризашылығымызды білдіреміз. Бұл – театрымыз үшін ғана емес, еліміздің тұтас театр саласы үшін жасаған елеулі қадамы, – деді театр басшысы.
Оңалту кабинетінің ашылуы – театр өміріндегі жаңа кезеңнің белгісі. Өзінің ауқымды қойылымдары һәм труппаның жоғары кәсібилігімен танымал «Астана Опера» тағы да инновациялық ізденістің үлгісіне айналды. Енді театр әртістері денсаулықтарының сенімді қолда екенін білгендіктен, бар зейіндерін басты құндылық – шығармашылыққа аудара алады.