Қоғам • 31 Желтоқсан, 2024

Жаһан кезген жалғыз жолаушы

409 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Жалғыз жолаушы» ютуб арнасының авторы журналист Санат Ілиясұлы биыл 15 елге табаны тиіп, қиыр жайлап шет қонған қазақтардың тұрмысын таспалаған. Шалғайда тірлік кешіп жатқан ағайындарға елдің ыстық ықыласын жеткізіп жүрген жиһанкездің әр сапарында басын қатерге тігетін сәттері де кездеседі. Сапар барысында өзге ел тұрғындарының шынайы өмірін қаз-қалпында таспалап келеді.

Жаһан кезген жалғыз жолаушы

Санат ютуб өрісінде қай бағытта контент түсірген өтімді дегенді көп шиырлап, саралайды. Осы саланы зерттей келе, шеттегі тарыдай ша­шыраған қазақтардың өмірін шынайы көрсетіп, көрерменге тұшымды дүние ұсынуға кіріседі. Санат ең алғаш Моңғолия еліндегі қазақ­тардың тыныс-тіршілігін тас­палап қайтады. Алғаш­қы, тіпті бертінге дейінгі сапар­ларының барлық шығыны өзінің мой­нында. Ешкім қол­дау-көмек, демеушілік жасалмаған.

Моңғолияға екінші рет, отбасымен барған сапарындағы жол азабын тарттырған оқиға да естен кетпейді. Жыл бойы жинаған қаражатын бір сапарда сарқа жұмсап келсе, ол қа­лай ұмытылсын?

ап

«Жеті айлық нәрестемізді алып келіншегім үшеуміз жеке көлікпен Моңғолияға сапарға шықтық. Пав­лодар облысы арқылы Ресейдің ше­карасына жақындағанда көліктің дөңгелегі бір емес үш мәрте жарылды. Бірақ «шешінген судан тайынбас» деген тәуекелмен, жа­рылған дөңгелекті жамап алып са­парымызды жалғастырдық.

5 мың­нан аса шақырым жол өндіріп бар­­ғанымызда көлік бұзылып, «жы­ғылғанға жұдырық» болды. Әуре-сарсаңмен елге әкеліп жөн­деттім. Айтайын дегенім, бір жыл бойы жинаған қаражатым осы сапардағы келеңсіздікке жұмсалды», деді жи­һанкез. 

Санаттан Ауғанстан сапарын­дағы қиындық пен кедергі жайында сұрадық. Экранның бергі бетіндегі көрермен үшін бәрі де баяны то­лысқан көркем дүние болып көрі­нетіні анық. Ал сол жарты сағатқа сый­ғызған салмақты контентті тү­сірудің сыртында орасан еңбек, жан­кештілік тұр. Дүниенің дидарынан маза қашып, тыныштығы шытынап, шаңырағы шайқалып тұрған елге баруға не себеп болғандығын білгіміз келді.

лд

«Жалғыз жолаушы» арнасының көрермендері әлемнің әр қиырында бар. Бірде «Ауғанстанда тұратын қандасың едім» деп бір азамат хабарласты. Таныса, білісе келе өзін Асадул деп таныстырған бейтаныс кісі мені қонаққа шақырды. Қауіпсіздікке, басқа да мәселеге өзім кепіл боламын деген соң жол­ға жиналдым. Визамды алып Өз­бекстан арқылы Тәжікстанға жетіп, Ауғанстан шекарасына өттім. Ке­дендік өткізу бекеті қу медиен далада, айналасында ештеңе жоқ екен. Қарсы аламын деген Аса­дул қандасымыз да көрінбейді. Ауған шекарашылары пуштун тілінде сөйлейді, мен түсінбеймін, ағылшынша айтқанымды олар да ұқпай, біраз әурелендік. Мазари Шарифте тұратын Асадулды с­ағаттап күттім – жоқ. Бір кезде алыс­тан құлағыма таныс сөздер талып естіле бастады. Қазақтар сияқты! Құлағымды түрем, иә қазақтар дабырлап сөйлеп жатыр. Құстай ұшып кеденге келсем, расымен де қазақтар жүр. Ауғанстанда тұратын қандастарға қонаққа келген туыс­тарын күтіп алып жатыр екен. Жергілікті Сардар есімді тұрғын мені де келген туыстармен бірге ертіп үйіне қонақ етті. Атажұрттан қазақтар келсе ерекше қуанатынын аңғар­дым. Қарсы болғаныма қой­май қорасындағы азын-аулақ қойы­ның бірін сойып, үйме табақ ет асып, құрмет көрсетті. Ертеңіне такси шақырып, Кабулға аттандырды. Өзінің телефонын беріп қандайда бір келеңсіздік туындаса, хабарлас деді. Бағлан ауылынан ел астанасына жеттім де, көшені аралап камерама түсіріп жүрген едім. Бір кезде ізімнен қалмай еріп жүрген адам жеңімнен тартып тоқтатты да, қалтарыстау тұсқа сүйрелей жөнелді. Мен ағылшынша, ол өз ана тілінде сөйлейді. Өзімнің турист екенімді, журналистік қызмет атқаратынымды айтып, паспортымды көрсеттім. «Соңымнан ер» дегенді ишарамен ұқтырып, өзі жол бастап намазханаға келдік. Ішінде таспиқ тартқан қалың ер адам жүр. Өзара дабырласып сөйлесті де, менің сөмкемді ақтара бастады. Камерамды тартып алды. Төлқұжатыма үңіліп, бірнеше елге сапарға барғанымды көрсетіп «сен тыңшысың» дегендей, қатер төндіруге көшті. «Журналиспін, турист едім» дегенге сенбей тұр. Бір кезде телефонымды ашқызып фото, бейнежазбаларды тексере бастады. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, әскери міндетімді атқарып жүргенде түскен фотолар бар еді. Соны көргенде көздері шарадай болды. «Күдігіміз алдамапты» дегендей жанып түсті. Қысым күшейіп бара жатқан соң, Сардарға телефон шалдым. Ол қолына таспиқ ұстағандар болса, қауіпсіздік қызметі комитетінің мамандары деді. Телефонмен сөйлескен соң әлгілер жуаси бастады. Сардар бір кісіні жіберді, ұлты өзбек екен, сол адам қысылтаяңнан шығарды. Көшеде баласына дейін қару сүйреп жүрген елдегі есте қа­ларлық оқиғаның бірі – «осы»,  деді Санат Ілиясұлы.

р

«Байқағаным, қай елге барсам да қандас бауырларымыз, ағайындарымыз құшақ жая қарсы алып, құрмет көрсетеді. Тағы бір қуа­нарлығы, қазақтардың тұрмысы жергілікті халықтың жағдайымен салыс­тырғанда тым жақсы, бақуат­ты ғұмыр кешеді», дейді жиһанкез.

Моңғолияға барған сапарында Баян Өлгейдің шөлейтті аумағын көкорай оазиске айналдырып, моңғол халқы жеміс біткеннің патшасы деп әспеттейтін шырғанақ өсірумен шаруасын дөңгелетіп отырған қазақ отбасы туралы баяндайды. Кәсіпкер қазақтың қаншама жанды жұмыспен қамтамасыз етіп отырғанын сөз етеді. Моңғолия билігі жыл сайын үздік 9 кәсіпкерді марапаттайды. Міне, сол 9 кәсіп­кердің бірі, қазақ ұлтынан алғаш болып сол сыйлықты алған Қо­жаберген батырдың ұрпағы, кә­сіпкер, Ұланбатыр қаласының тұр­ғыны Нұрбектің берекелі кәсібі туралы баяндайды.

Жалғыз жолаушы бұдан өзге Пә­кістанда бақуатты ғұмыр кешіп кәсіп ашқан қазақтарды, Бали­де де бал жалап отырған қандас­тарымызды, Сингапурде сақа күн кешіп келе жатқан қазақтардың тіршілігін таспалап келді. Қоғамның беталысына беріле қоймай, қаза­қи қалыбын сақтап, адами парасат­тылығын жоғалтпай келе жатқан Таиландтағы ағайындардың да жағ­дайы жақсы екенін көрді. Араб елдерінде кәсібін дөңгелетіп отыр­ған азаматтарымыздың абыройлы екенін бағамдап қайтқаны бар.

Кезінде Алтайдан ауған зарлы көш Тибеттің таңдайыңды тілім-тілім етер шөлін басып, Ги­малай тауының қарлы асуынан құрым киізді төсеніш ете оты­рып, Үн­дістанның Кашмир ай­мағына жеткені белгілі. Санат «сайы­нан сайғақ құрлы пана тап­па­ған» жандардың табаны тілім-тілім болып Түркияға жет­кен қа­зақ­тардың қазіргі ұрпа­ғын іздей­ді. Ғаламтордың қолат-қолатын ақ­тарып отырып, ағыл­шын журна­лисінің Гималай асқан қазақтар туралы мақаласын оқиды, «бірнеше қазақтың топтаса түскен фотосымен шыққан мақала). Сәйкестікті қарасаңшы, жиһанкез журналист Кашмирде қалып қойған қазақтардың бүгінгі болмысына үңілу мақсатымен барғанымен, шиеленісті жағдайға байланысты ол өңірді аралауға рұқсат етпейді.

ап

Одан кейін Түркияға барған сапарында Омар тәйжі ұрпағының шаңырағында қонақта болады. Сонда Түркия қазағының төрінде ілулі тұрған сурет көзіне оттай басылады. Ағылшын журналисінің «The Times» газетіне жариялаған мақаласындағы фото. Көктен шарлап іздегені жерден табылады. Міне, қасында сол фотодағы жеткіншек Мансұр қария отыр. Ыстанбұл қаласында тұрады. Түркия қазақ­тары туралы таспалауға бар­ған­да Санат Мансұр қарияның ша­ңырағынан Гималай асқанда түйе­нің қомында төсеніш болған алашаны ұстап көреді. Көненің құнды қазынасы тарихи жәдігерді көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан үй иесі алашаның ор­тасындағы оймақтай тесікті дүр­белең көш кезінде оқ ойып өткен деп еске алады. Жиһанкез журналист Түркия төрінде Мансұр қа­рияның аузынан талайлы тағ­дырдың қандай қиындық шегіп, азапты арқалай жүріп жеткенін естиді. Сол көште Пәкістанда қа­лып қойған қазақтардың, әсіресе Кашмир аймағынан пана тапқан қазақтардың қазіргі ұрпағын іздеуге бел буғанымен, шиеленісті жағдайға байланысты жете алмайды.

Жиһанкез жолаушы келер жылы да сапарын сабақтауға бел буып отыр. Афри­ка елдерінде  тұратын қазақ­тардың да тыныс-тіршілігін тас­палап келмек. Батыс көрген бауыр­лардың өмірімен танысуға АҚШ-қа да аттанбақ.