Жансарай • 31 Желтоқсан, 2024

Тұмса табиғат толғауы

89 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаров оқырман қауымға бұған дейін тамаша роман, хикаяттарымен, мөлтек әңгімелерімен ғана емес, туған жеріміздің қайталанбас табиғаты туралы, сондай-ақ планетамыздың баз-бір таңғажайып өңірлері жайында, яғни сафари жанрында жазылған танымдық мәні зор туындыларымен де танымал қаламгер. Оның «Көккөл», «Мұзтау», «Шабанбай», «Шанағаты», «Қазығұрт», «Аспантау», «Тарғыл таулар, бұйра белдер», «Аюдың өті қайда?», «Қайырымды Үміт мүйісіне саяхат», «Қойға шап­қан қара аю», «Бұғы қуып, аю алған», «Саха-Якутия: Ақ қар, көк мұз еліне сапар» аталатын шы­ғармаларын оқырман жақсы біледі. Жұрт­шылық жазушы Әлібек Асқаровты бүгінде «та­биғат жыршысы» деп қабылдайды және оның қала­­мы­нан әрдайым тек тұшымды дүниелер күтіп жүреді.

Тұмса табиғат толғауы

Қаламгер «Саңғал таулар, саумал белдер, сағал жондар» деген атпен қазақтың Өр Алтайының, асқар Алтайының, асқақ Алтайының бізге мәлім емес болып келген түстік жақ беткейі жөніндегі кезекті жолжазбасын ұсыныпты. Оны астаналық «Фолиант» баспасы сан түрлі фотомен көркемдеп, қыздың жиған жүгіндей етіп, оқырман игілігіне айналдырыпты.

Жалпы, Асқаровтың орта мектептен кейінгі алғаш оқыған білім ұясы — Алматыдағы Көркемсурет училищесі, оның меңгерген алғашқы мамандығы да сол – суретшілік өнер. Жазушының шығармашылық жолына үңілгендер онда суретшілік пен суреткерліктің бірімен-бірі шебер жымдасып жатқанын, олардың бірін-бірі жақсы толықтырып тұратынын аңғарары анық. Оның осы шығармасын жазу барысында өзі туралы елеусіз ғана айта кеткен: «Мен суретшімін ғой, әйтеуір табиғат көркін қызықтаудан жалыққан жан емеспін. Бұл жөнінде менде тойым жоқ, қанағатсызбын. Тіпті ешкімге ұқсамаған ашқарақпын, саяхаттап, қызықтап, тау мен таста қаңғырып жүре бергім келеді», дейтін пікіріне шүбәсіз сенесің.

ап

Қаламгердің бұл жолғы сапары Өр Алтайымыздың бұдан бұрын өзінің жолы түспеген Моңғолия жақ беттегі күнгейіне арналыпты. Әрине, жыртқыштарынан бастап түрлі аң-құстары мол, сондай-ақ тылсым табиғатының адамға тосыннан тартар сыйлары жетерлік Алтай қашанда тәкаппар, қашанда сұсты. Ол екі аяқты пенденің өз қойнауында жалғыз-жарым жүрген еркелігін көтере бермейді. Сондықтан жаз маусымының өзінде де сапарға шығу барысында киер киім, ішер асыңның сай болуынан бастап, сапарлас серіктерің де мейлінше тәжірибелі, жердің сырын жақсы білетін жандар болуы шарт. Көп жыл бойы Қатонқарағай ұлттық табиғи паркінің бас директоры болып істеген Ерен Жұмағұлов пен осы сапарды ұйымдастыруға арнайы бөлінген бірнеше тәжірибелі инспекторлар мен орманшылардың жолбасшы ретіндегі еңбектерін айрықша атап өткен жөн. Олар дер кезінде орынды ақыл-кеңес, бағыт-бағдар беруімен қатар, иесіз өңірде қажет болар ескертулерімен, табиғатқа қатысты қызықты да мазмұнды әңгімелерімен де қаламгерге жақсы көмек көрсетіпті.

Алтай бауырында өскен, бұған дейін де табиғаттың қыр-сырын «қара сөзбен жырлап» үйренген қаламгер Асқаровтың тілі о бастан-ақ шуақты да көркем. Шығармада, мәселен, «Шығыс көкжиектен қызара бөртіп, таң енді ғана арайлап атып келе жатыр. Дүние буалдыр сағымға оранған ақжелең шақ. Тау биігінде қазір жаздың ортасы емес, көктем енді ғана шығып келе жатқандай. Ауада кеңсірік жарған әлдебір хош иіс аңқиды. Әлдеқайдан саңырау құрдың құрқылдаған құмыққан дауысы естіледі. Енді бір тұстан үкінің ентіккен үһілі шықты» деген сияқты тамаша табиғат суреттері молынан ұшырасады.

Бұл жолжазбаға тек Алтай табиғатын суреттеуге ғана арналған туынды екен деп қарамаған жөн. Онда қаламгердің жергілікті табиғи ортада жүріп жатқан оң және теріс өзгерістерге қоса, жаһандық климаттың осы өңірге де тигізіп жатқан ықпалы мен еліміздегі ана тіліміз­дің қазіргі ахуалына қатысты да үзік-үзік өзекті мәселелер сөз болады.

Әрине, шағын мақалада жолжазбаның барлық қыр-сырын, онда қамтылған жайттарды толықтай баяндап шығу шарт та емес, әрі мүмкін де емес екенін көзі қарақты оқырман түсінер дейміз. Біздің мақсат – қаламгердің кезекті жолжазбасын қолға алған адамға теңіз суының дәмін таттырғандай етіп, оның жалпы мазмұнынан хабардар ету ғана.

Ойды түйер болсақ, Әлібек Асқаров осы еңбегі арқылы қазіргі орыс прозасының әлдеқашан мойындалған классигі Анатолий Кимнің кітап эпиграфына алынған «Табиғат философиясы жантәсілім етердей халде тұр. Табиғатты суреттеуге қайтадан оралайықшы! Табиғатты ұмытсақ, өзімізді жоғалтқанымыз» деген жүрекжарды сөзіне лайықты үн қосқан дей аламыз.

 

Әбдімүтәл ӘЛІБЕКОВ