Заң мен Тәртіп • 31 Желтоқсан, 2024

Сот жүйесі және халық сенімі

23 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл Қазақстанның сот жүйесі ауқымды өзгерістерді бастан кешті. 2024 жыл сот отырыстары тікелей эфирден көрсетіліп, бұқараның құқықтық салаға деген қызығушылығын арттырған жыл есебінде тарих қойнауына кірді. Қазақстан азаматтары сот отырыстарының қалай тартысты жүретінін, сот пен прокурордың қалай жұмыс істейтінін көзбен көріп, еліміздің құқықтық жүйесіне деген сенімі күшейді.

Сот жүйесі және халық сенімі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «Әділетті Қазақстан» идеясының басты тіні – заң үстемдігі. Заң үстем болмай, әділетті ту еткен мемлекет құру әсте мүмкін емес. Бұл орайда қара қылды қақ жарар әділеттің таразысы болар құрылым мемлекеттің сот жүйесі екені айтпаса да түсінікті. Соттардың ашықтығы, жария­лылығы болмай, көпші­лік­тің санасында сіресіп қатып қалған «сот – жемқор», «прокурор – парақор» деген секілді қасаң түсініктерді сындыру мүмкін емес. Ал сот жүйесіне деген халықтың сенімі болмаса, мемлекетте орнаған әділет­ті көрер көз болмайды. Сондық­тан да заңның жалпыға ортақ­тығын, азаматтар құқығы­ның бірдейлігін көпшілік­ке ұғындыру Әділетті Қазақстан­ның басты мақсатына айналып отыр.

Мәселен, 2024 жылы елі­міздің сот жүйесіндегі оң өзге­рістерді, яғни ашықтық пен жариялылықты айғақтайтын бірнеше сот отырысы өтті. Экономика экс-министрі Қ.Бишімбаев ісі қо­ғамдық резонанс тудырып қана қой­май, бүкіл әлем жұрт­­шылығы назарын өзіне аударған қыл­мыстық іс ретінде танылды. Экс-шенеунікке қатысты сот үдерісінің ашық жүруі, оны кез келген адамның «YouTube» желісінен тікелей эфирден көруі, сот жүйесіне, судьяларға, прокурорға деген біржақты түсініктерді күйретіп, қоғамдық санаға «Әділетті Қазақстан­­ның» есік қағып тұрғанын дә­лел­деп берді. Тіпті бұл шулы іс ел ауқымынан шығып, «Washington Post», «Al Jazeera» секілді алпауыт медиалар арқылы әлем назарына ілікті. Яғни Қазақстан заң үстемдігі салтанат құрған мемлекет ретінде кез келген түйткілді түйіні көп қылмыстық істерге әділ жаза тағайындайтын ел ретінде де танылды.

Сондай-ақ биыл мемлекеті­міздегі сот жүйесінің ашықтық пен жариялылыққа нық қадам басқанына дәлел болатын бұдан басқа да сот отырыстары аз болған жоқ. Мысалы, Алматыда авто­бус жүргізушісі мен Қараған­дыдағы жедел-жәрдем көлігі жүргізушісіне әлімжеттік көрсет­кен қылмыстық істер де тікелей эфир арқылы қоғамның наза­рына ұсынылып, халық «тура биде туған жоқ» дейтін тәм­сі­л­дің заманы туғанын түйсінді.

Шулы қылмыстық істерге қатысты сот отырыстарының тікелей эфир арқылы ашық көрсетілуі хақында заң кеңесшісі Евгений Евгеньев: «Бұған дейін шенеуніктерге қатысты қозғалған істерде соттардың заң­сыздыққа жиі жол беретіні тура­лы сындар көп айтылатын. Экс-министр Бишімбаев сотының онлайн жүргізілуі сол сындарға тоқтау салып, сот жүйесіне деген сенімді арттыруға бағытталды», дейді.

Сондай-ақ заңгер Қазақ­станда сот отырыстарының онлайн өтуі сотқа дейінгі іс жүр­­гізу са­тысында да, сот талқы­лауы барысында да көптеген кемші­лікті жоятынын, десе де бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан сотқа қысым жасау қатері де бар екенін айтады.

Сарапшылар Қазақстан­дағы сот отырыстарының тіке­­лей эфирден көрсетілуі сот жүйе­сінің беделін арттырғаны сонша­лық, отбасының мәрте­бе­сіне, әсіресе отбасындағы тұрмыс­тық зорлық-зомбылық­қа қатысты проблемаларды дереу шешу керектігіне жол салды деп есептейді. Қоғам тарапынан «Салтанат заңы» деген атау алған заңның қабылдануына да сот жүйесінің ашықтығы нәти­жесінде қол жеткізілгенін ешкім жоққа шығара алмайды.

Қош! Биыл еліміздің сот жүйесі «Әділетті Қазақстан құру» ісінде батыл қадам жасады. Қазақстан қоғамына тек заң үстемдігі ғана салтанат құруы үшін бұл бастама келер жылы да жалғасын табуы керек.