Қоғам • 03 Қаңтар, 2025

Президент ұшақ апаты кезінде көмектескен әрбір жанға алғыс айтты

185 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы «Ана тілі» газетіне кең көлемді сұхбпт берді. Әңгіме барысында елімізде төтенше жағдайларды болжау және оның алдын алу жүйесін жаңғыртуға қатысты ауқымды жұмыстар басталғаны айтылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент ұшақ апаты кезінде көмектескен әрбір жанға алғыс айтты

Фото: ашық дереккөз

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі дүрбелеңге толы дүниеде техногендік сипаттағы апаттар мен табиғат апаттары едәуір көбейді. Оның бәрін еңсеруге көптеген ел, соның ішінде дамыған мемлекеттердің өзі дайын болмай жатады. 

«Төтенше жағдайға төтеп беру тұрғысынан, Қазақстан басқа елдермен салыстырғанда лайықты орында тұр.

Желтоқсанның соңғы күндері Ақтау қаласында Әзербайжан әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. 38 адам қаза болды, оның ішінде еліміздің 6 азаматы бар. Ауыр жарақат алғандар да көп. Мұндай сәтте әрбір секунд қымбат. Құтқарушылар, дәрігерлер мен тәртіп сақшылары шұғыл әрі үйлесімді әрекет етті, кәсіби деңгейі мен азаматтық жауапкершілігі жоғары екенін көрсетті. Жақын жердегі Маңғыстау өңірлік электр торабы компаниясының жұмысшылары бірден көмекке келді. Төңіректегі тұрғындар да зардап шеккендерді құтқаруға атсалысты. Азаматтарымыздың жанқиярлығы арқасында барынша көбірек адамның өмірін сақтап қалдық. Мен құтқару жұмыстарына қатысқан әрбір адамға шын көңілден ризашылығымды білдіремін. Қазақ халқының апаттан зардап шеккендерге жанашырлығы мен тілеулестігі азаматтарымыздың жаппай қан тапсыруға асыққанынан да айқын байқалды», деді Президент.

Мемлекет басшысы ұшақ апатының себебін анықтау үшін Үкімет комиссиясы құрылғанын атап өтті. Сонымен бірге елімізге 17 халықаралық сарапшы шақырылды. Оның ішінде Халықаралық азаматтық авиация ұйымының және Мемлекетаралық авиация комитетінің мамандары бар.

«Үкімет комиссиясы мәліметтің бәрі жазылған арнайы құрылғыны сол ұшақты жасаған Бразилия еліне жіберу туралы шешім қабылдады. Бұл қадам тергеу жұмыстарының объективті әрі бейтарап жүргізілуіне қажетті бірден-бір дұрыс шешім екеніне сенімдімін», деп түйіндеді Қасым-Жомарт Кемелұлы.