Асхат Рақымжанов өз сөзінде жылу электр орталықтарының жұмысы Мәжілістің ерекше назарында екенін, сондықтан бірінші кездесу осы жерден басталғанын атап өтті.
«Жайықтеплоэнерго» АҚ бас директоры Бақытжан Әкімғожин орталықтың Батыс Қазақстан облысындағы ен үлкен мекемелердің бірі екенін, қаланы жылу және ыстық сумен қамтамасыз етіп отырғанын айтты. Оның құрылысы 1953 жылы басталып, 1960 жылы 22 желтоқсанда бірінші турбо агрегат іске қосылған.
Бүгінде жылу электр орталығының 88 пайызы тозған. Сондықтан реконструкция жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мысалы, бірінші турбо агрегатты ауыстыру бес жыл бұрын басталып, 2025 жылдың наурыз айында іске қосу жоспарланған.
«Мұндағы өзекті мәселе – жабдықтардың қымбаттығы. Делдалдар арқылы сатып алатын болғандықтан, тарифке де әсер етуі мүмкін. Жұмысшылардың айтуынша, орташа жалақы 200 мың теңгенің айналасында, сондықтан жастардың мұнда жұмыс істеуге деген қызығушылығы төмен», деді Асхат Рақымжанов.
Осыған орай кәсіпорын қызметкерлері жас мамандарға қолдау шараларын қарастыруды сұрады. Орталықта көтерілген мәселелерді депутаттар өз назарында ұстап, жалпы отырыста қарап, арнайы депутаттық сауал дайындалатынын айтты.