Депутаттар зауыттың қазіргі тыныс-тіршілігімен танысып, жұмысшылармен кездесті. Әңгіме барысында халық қалаулылары Мәжілістегі заң шығару қызметі туралы, соның ішінде әлеуметтік-экономикалық бағытта қабылданып жатқан заңдар туралы ақпарат берді. 5 мың шаршы метрді қамтитын кәсіпорын толықтай автоматтандырылған жүйе негізінде жұмыс істейді. Мұнда 100 ден астам металл түрлері өңделеді.
«Елдегі өндіріс саласын дамыту үшін осы «Квант» сияқты зауыттарға баса көңіл бөлу керек. Осындай кәсіпорындарды көбірек қолдауды ұсынамын. Өйткені оның ел экономикасын арттыруға қосатын үлесі зор», деді Анас Баққожаев.
Ал Таңсәуле Серіков «Квант» зауытының бәсекеге қабілеттілігін арттырудың, өндіріс орындарының ішкі нарықтағы белсенділігін күшейтудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар сатып алу жүйесін жетілдіру арқылы отандық зауыттардың даму қарқынын айтарлықтай арттыруға болатынына назар аударды.