Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
«Үкіметтің міндеті – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту. Жалпы алғанда, министрлер кабинеті бұл міндетін орындап отыр. Экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту сияқты бағыттар бойынша былтыр атқарылған жұмыстың нәтижелері жаман емес. Алайда бәрі мінсіз деуге келмейді, проблемалар да бар. Жуық арада Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Сол кезде жылды қорытындылап, қазіргі мәселелерді талқылап, жаңа жоспарлар жасаймыз. Қазақстанға экономиканың 4 пайыздық өсімі аздық ететіні анық», деді Президент.
Өсімнің өгейлік көріп жүргені жасырын емес. Себебі жақын жетіжылдыққа қойған стратегиялық жоспарымызға сай ішкі жалпы өнімді 2029 жылға дейін 2 есеге таяу көтеріп, 450 млрд долларға жеткізуіміз керек. Еуразиялық даму банкі биыл еліміздің экономикалық өсімі 5,5%-ға дейін артады деп болжайды. Солай орта мерзімді кезеңде орнықты өсу траекториясына шығамыз.
Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, әлемдік экономикалық үрдістер бізге қатты ықпал етеді.
«Әлемдік экономикада инфляцияны бақылау мақсатында орталық банктер өздерінің пайыздық мөлшерлемесін көтере түсуі мүмкін. Бұл тікелей Қазақстан секілді дамушы елдердің инвестициялық көлеміне, тұтыну деңгейіне әсерін тигізеді. Одан кейін шикізат бағалары – мұнай мен газ бағасының құбылуы экспорттаушы елдер үшін шешуші фактор болады. Мұнай мен газдың бағасы төмендесе, бюджет тапшылығы туындауы мүмкін. Бірінші кезекте инфляция бақылауға алынуға тиіс. Жұмыс орындарын арттыратын кәсіпорындарды көбейту қажет. Ең бастысы – экономиканы әртараптандыру. Шикізатты экономикадан өндіруші, өңдеуші экономикаға айналу қажет. Нақты реформалар жүзеге асатын болса, экономикалық өсімді 6 пайызға жеткізу туралы Президенттің тапсырмасын орындауға мүмкіндік болады. Оған ресурстарымыз да, қажетті заңдар да бар. Бірақ ұлттық мүдде тұрғысынан жұмыс істеуіміз керек деп ойлаймын», дейді экономист.
«Ашығын айтсам, экономист басшылардың қазіргі жұмысын орташа деп бағалаймын. Олар халықаралық қаржы институттарының тілімен әдемі сөйлейді, алайда нақты нәтижесі бар шаруа шамалы болып тұр. Қазір өңірлердегі ахуалды және экономиканың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін жақсы білетін, яғни жергілікті жерде еңбек етіп, ысылған мамандар қажет», деді Мемлекет басшысы. Мұның экономикалық өсімге, қор қаржысына әсері де жоғары. Сонда «экономист басшылардың» жұмысы туралы айтқанда нені меңзеді? Көп көкейіндегі сұраққа Мәжіліс депутаты Никита Шаталов жауап берді.
«Экономикалық өсім көбіне бюджет шығындары мен жеңілдіктер есебінен қамтамасыз етіледі. Бұл тапшылыққа ұшыратып, оны Ұлттық қор арқылы жабуға мәжбүрлейді. Қаражат көбіне инфрақұрылымдық жобаларға немесе несие мөлшерлемесін субсидиялауға жұмсалады. Бірақ бұл қолдау тар шеңбердегі кәсіпкерлер тобына бағытталады. Себеп сыбайлас жемқорлықта ғана емес. Үкіметке таныс және «қауіпсіз» бизнеске (тіпті ол өндіріс емес, қызмет көрсету саласы болса да) қолдау көрсету жеңіл. Ал экономиканың қалған бөлігі жоғары инфляция мен базалық мөлшерлеме жағдайында жұмыс істейді. Соның салдарынан корпоративтік несие беру жылдар бойы тоқырап, жоғары мөлшерлеме несие алуды тиімсіз етеді. Банктер, керісінше, тұтынушылық несиелер арқылы пайда табуға көшкен. Өйткені сұраныс тұрақты, ал субсидияланған несиелер қосымша табыс әкеледі. Субсидиялардан толық бас тарту мүмкін емес, өйткені бұл өнеркәсіп, энергетика және ауыл шаруашылығының дамуына, сондай-ақ ШОБ-тың үлесін арттыруға кедергі келтіреді. Дегенмен субсидияны нақты мақсатқа әрі әділ бөлуді қамтамасыз ету қажет. Бұл кейбіреулер үшін қиын шешім болуы мүмкін, бірақ ұзақмерзімді тұрақты даму үшін маңызды», дейді.