2024 жылдың 20 желтоқсанынан 2025 жылдың 3 қаңтарына дейін шамамен 5,1 млн текше метр су жіберілді. Министрлік 2025 жылдың 1 сәуіріне дейін қоймадағы су көлемін 300 млн текше метр немесе 73%-ға дейін азайтуды жоспарлап отыр.
Ақтөбе су қоймасында шамамен 51 млн текше метр су бар. 1 сәуірге дейін су көлемі 47,3 млн текше метр деңгейіне дейін азайтылуға тиіс. Ал Батыс Қазақстан облысы Бітік қоймасындағы су көлемі 34,4 млн текше метрге дейін төмендетілді. Бүгінде су қоймасынан секундына 8,3 текше метр су жіберіліп жатыр.
Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасы 79%-ға толы. Министрлік 1 сәуірге дейін қоймадағы су көлемін тағы 8%-ға азайтуға ниетті. Қарағанды облысындағы Ынтымақ су қоймасында 69 млн текше метр су бар. Көктемде тасқын су қабылдау үшін су қоймасын 39%-ға дейін босату қажет.
Ұлытау облысындағы Кеңгір су қоймасындағы су көлемі 86%-ға төмендетілді. Көктемге дейін тағы 11%-ға жуық су жіберу жоспарланған. Қостанай облысындағы Жоғарғы Тобыл су қоймасында 585,4 млн текше метр су бар. Су қоймасының жұмыс режіміне сәйкес, 1 сәуірге дейін су көлемін 499,37 млн текше метр немесе 61%-ға дейін азайту күтіледі.
«Көктемде тасқын суды резервуарларда жинап қана қоймай, көлдер жүйесіне, табиғи жайылымдар мен шабындықтарға бағыттау өте маңызды. Сол себепті суды тиімді бөлу жұмысын алдын ала жоспарлау қажет. Биыл шаруалар мен басқа да су пайдаланушылардың сұранысы толық қанағаттандырылды. Өткен суару кезеңінде еліміздің шаруа қожалықтарына шамамен 11 млрд текше метр су берілді. Бұдан бөлек, үлкен және шағын су айдындарын сақтау және қалпына келтіру бойынша үлкен жұмыс атқарылды», деп атап өтті Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.