Пікір • Кеше

Жұмысшы мамандықтарына – кешенді көзқарас

280 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Техникалық және кәсіптік білімнің тартымсыз салаға айналуы – әлемдік мәселе. Білім сарапшылары орта кәсіптік білімнің жеткілікті көңіл бөлінбейтін сала болуы себебін «күлше қыз» метафорасымен түсіндіріп жатады.

Жұмысшы мамандықтарына – кешенді көзқарас

Сурет: ашық дереккөзден

Нарықтық экономикаға кө­шу жағдайында жұмысшы мамандықтардың құнсыздануы проблемасы біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Әсіресе жоғары оқу орындарының көп­теп ашылуы, жоғары білім­нің массификациясы жас­тардың жаппай университеттер­ге және жұмысшы емес мамандықтарды таңдауына алып келді.

Жұмысшы маман­дықтар тек колледждерде емес, жоғары оқу орындарында да дайындалатынын атап өткен жөн. Қарапайым мысал, батыс өңіріндегі ең ірі оқу ордасы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті сонау 90-жылдардан бастап Ақ­төбе өңі­рінің экономикасына қажетті тау-кен ісі, металлургия, құрылыс, көлік, энергетика салалары үшін инженер кадрлар даярлап келеді.

Аталған бағыттар бойынша «Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасының тәуелсіз рейтингінің нәтижесіне сай университет түлектерінің жұ­мыс­қа орналасу көрсеткіші 70-80% деңгейінде болса, тау-кен ісін бітірген тү­лек­­тердің 95%-ы жұмысқа ор­на­ласқан. Түлектерімізге ең ірі жұмыс беру­шілер – «Каз­хром» ТҰҚ, KEGOG, АХҚЗ, «Энергосистема» ЖШС, СНПС «Ақтөбемұнайгаз» және «Нек­тар», «Альтаир» құрылыс ком­паниялары.

Оған қоса өндірістік тәжі­рибе маман даярлауда үлкен рөл атқаратынын ескере отырып, өткен жылдан бастап студенттер үшін 1-курста өндіріс орындарына шолу тәжірибесі енгізілді.

Тәжірибемізге сүйенсек, түлектердің орташа жұмыс іздеу ұзақтығы 3 айдан аспайды. Металлургия және тау-кен ісі бағыты бойынша түлек­тер­дің жұмысқа орналасуын тал­дау балқытушы, жүк іл­­д­іруші, дозалаушы, байыту­шы, бұрғылап жарушы, бұр­ғылаушы бағыттары бойын­ша мамандарға сұраныс жоға­ры екенін көрсетіп отыр. Ал құрылыс, электрэнергетикасы және көлік салаларында монтаждаушы, қалаушы, бақы­лаушы-өлшеуші құрылғылар жұмыс­шылары, энергетиктер, техник мамандар сұранысқа ие. Бұл мамандықтар – жас мамандар үшін мансаптағы алғашқы қадам­дары.

Мысалы, түлегіміз Жалғас Мұ­сабеков «Казхром» ТҰҚ қарасты Ақтөбедегі аса ірі мекеме Ақтөбе ферроқорытпа зауытында ең­бек жолын цех балқытушысы ретінде бастап, әрі қарай шебер, өндірістік-техникалық бөлім басшысы, директор орынбасарына дейін өсіп, 2018–2023 жылдары зауыт басшысы болды. Сонымен қатар зауыттың қазіргі басшысы Ержан Абдулабеков те балқытушыдан бастап басшы­лық қызметке дейінгі барлық сатыдан өтті.

Әрине, жоғары оқу орындары тек инструменталды білімі бар мамандарды ғана емес, жаңаны үйренуге және жаңа ортада, командада жұ­мыс істеуге бейім, сыни тұрғы­дан, кең ауқымды ойлай алатын, шешім қа­былдай алатын мамандарды даярлауға ұмтылады. Сондықтан жоғары оқу орындарының түлектері нақты тәжірибелік дағдылармен қатар теориялық білімінің және коммуникативті тұлғалық қа­білеттерімен де жұмыс орындарында құнды болуға тиіс.

Десек те, жұмысшы маман­дық­тардың тартымдылығы мен беделін арттыруға жүйе­лі жұмыс керек. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы — аса маңызды қадам.

Сонымен бірге оқу орындары, әсіресе техникалық және кәсіптік білім беру ұйым­дары жұмысшы мамандық­тар­дың жастар арасында қабыл­да­нуы бойынша сапалы түсін­діру жұмыстарын жүр­гізуге тиіс. Қоғамда, соның ішін­де өңірлерде жұмысшы маман­дықтарға қатысты таптаурын түсініктер әлі де бар.

Сондай-ақ еңбек на­рығына да өзгеріс қажет. Өндірістік мекемелер еңбек қауіпсіздігі, ең­бек жағдайларын жақсартқа­ны жөн. Мектеп түлектеріне кәсіби бағдар беру жұмысына кешенді түрде қарау керек. Мектеп, ата-ана, қоғам және мекемелер жаңарған бағдарлау жұмыстарын жолға қойғанда мәселе шешіледі. Қарапайым жұмысшы маман­дық­тарда жоғары жалақы алатын, әріптес­терінің арасында беделге ие мамандар рөлдік модельдер ретінде кеңінен на­сихатталғаны абзал. «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» қағидаты жастар санасына осылайша сіңіріледі.

 

Лаура ҚАРАБАСОВА,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры,

Ұлттық құрылтай мүшесі