Мәдениет • 14 Сәуір, 2025

Достық үйінде "Менің әлемім" атты көрме ашылды

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына орай,  «Менің әлемім» бейнелеу және  қолөнершілер көрмесі ашылды.

Достық үйінде "Менің әлемім" атты көрме ашылды

Көрменің ашылу салтанатына Torri ART және «Мерей» шығармашылық студиясы  мен «Вундеркинд» балаларды дамыту орталығының тәрбиеленушілері, Тараз қаласындағы физика-математикалық бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі мен техникалық шығармашылық, мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықтарының оқушылары мен қала тұрғындары қатысты. Бұдан өзге, А. С. Пушкин атындағы №40, №41 гимназиялары және №42, №66 Тараз және Амангелді ауылы орта мектептерінің оқушылары да көрменің өтуіне белсенді түрде атсалысты.

Шараның негізгі мақсаты балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қасиетін қолдау және насихаттау, балалар еңбегінің нәтижесін көрсету арқылы шығармашылық және тұлғалық дамуына тұжырым жасау.

Салтанатты жиынды облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак  Жинақбаева құттықтау сөзімен ашып, көрме жұмысына сәттілік тіледі.

Жиынға арнайы келген керамист-суретші, облыстық қолөнершілер одағының мүшесі, Тараз қаласының «Арт Тараз» Суретшілер Одағының мүшесі және Тараз қаласының НИШ қосымша білім беру педагогы Индира Губашева және қаламыздың №40 гимназиясының көркем еңбек пәнінің мұғалімі Татьяна Вотинцева көрменің ашылуына ізгі тілектерін білдіріп,  көрермен назарына ұсынылған туындылардың маңыздылығына, жастардың шығармашылық  қабілеттеріне тоқталды.

Көрмеге  5-16 жас  аралығындағы облысымыздың 130-дан аса жас суретшілер мен қолөнершілердің 200-ге жуық  туындылары қойылған. Олардың арасында   мүмкіндігі шектеулі балалардың еңбектерінде көруге болады.

Жиын барысында мекеме басшысы Мубарак Қасымқызы қатысушылардың еңбектерін бағалап, қатысушы жас таланттарға Алғыс хаттар табыс етті.

Салтанатты жиын  соңы  Көрме залының  меңгерушісі  Жазира Шілдебаеваның  қонақтарды көрме жұмысымен таныстыруымен тәмамдалды.

Айта кетейік, «Менің әлемім» бейнелеу және  қолөнершілер көрмесі 15 сәуірге дейін жалғасатын болады. Көрмені тамашалауға келем деуші қала қонақтары мен тұрғындарына Достық үйінің есігі ашық.  Мекен-жайы: Төле би көшесі, №23/Б.