Сурет: dalatimes.kz
Сұхбатта еліміздің ТМҰ аясындағы белсенділігі мен түркі ынтымақтастығын нығайтуға қосқан үлесі кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, ауқымды жобалар мен 80-нен аса іс-шара ұйымдастырылғандығына баса назар аударылды.
Президент 2021 жылы күллі түркі әлемінің рухани астанасы болып жарияланған көне Түркістан қаласының тарихи рөліне ерекше мән берді. Мемлекет басшысының пікірінше, Түркістанның қайта жандануы түркі әлемінің бірлігін нығайтуға зор үлес қосып жатыр.
Сонымен қатар Астанада ұйымдастырылған V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары түркі халықтарының бай мәдени мұрасын насихаттауда ерекше орын алғаны атап өтілді. Бұл іс-шара түркі мәдениеті мен дәстүрін әлемге танытып қана қоймай, қатысушы елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдете түсті.
Кейінгі онжылдықта ТМҰ аясындағы сауда-экономикалық байланыстар да айтарлықтай нығайды. Президент 2023 жылы ұйымға мүше елдердің өзара айналымы 45 млрд доллардан асқанын атап өтті. Бұл көрсеткіш интеграцияның жоғары деңгейін және өзара тиімді қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын дәлелдейді.
ТМҰ шеңберіндегі ынтымақтастықтың маңызды аспектілерінің бірі – Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту. Бұл жоба еліміздің экономикалық әлеуетін арттыруда, транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтуде және халықаралық инвестицияларды тартуда шешуші рөл атқарады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатында аталған ТМҰ аясындағы серіктестік еліміздің көпвекторлы сыртқы саясатының ажырамас бөлігі екенін айқын аңғартады. Түркі әлемімен ынтымақтастық – елдің рухани, мәдени және экономикалық дамуын қамтамасыз ететін стратегиялық бағыттардың бірі.
Бауыржан ӘУКЕН,
Президент жанындағы ҚСЗИ
Азиялық зерттеулер бөлімінің аға сарапшысы