Қоғам • Кеше

Сақ болыңыз, метапневмовирус!

86 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кейінгі кезеңде қоғамда, бұқаралық ақпарат құралдарын­да бұрын-соңды соншалықты таныс емес, кең тарала қоймаған метапневмовирус сырқаты туралы алып-қашпа әңгіме көбейіп тұр. Осыған орай Денсаулық сақ­тау министрлігі Жедел респираторлық вирустық инфек­цияларға жататын метапневмовирустың (MPV) әлемде таралуына қатысты түсініктеме берді.

Сақ болыңыз, метапневмовирус!

Сурет: communa.ru

Ведомство адамның мета­пнев­мовирусы көптеген елдер­де ондаған жыл бойы тара­лып келе жатқан клас­сика­лық вирустардың бірі еке­нін, вирустың белгілері елі­міз­де ЖРВИ, тұмаумен сырқатта­ну­шылықтың маусымдық өсуі кезеңінде белсенді таралатын инфекциялардың басқа түр­лерімен қатар анықталғанын атап өтті. Санитарлық-эпи­де­миологиялық бақылау ко­ми­тетінің мәліметінше, эпиде­мия­лық маусым басталғаннан бері елімізде тұмауға жатпайтын вирустарға қатысты 8360 үлгі зерттелген. Оның ішінде 1866 (22%) оң сынама анықталды, ең көп таралғаны риновирус – 680 (36,4%), содан кейін МС вирус – 433 (23,2%), аденовирус – 226 (12,1%), коронавирус – 206 (11,1%), паратұмау – 178 (9,5%), бокавирус – 113 (6,1%), метапневмовирус – 30 (1,6%).

Метапневмовирус (MPV – Metapneumovirus) – адамдарда тыныс алу жолдарының инфекцияларын тудыратын вирус, метапневмовирус отбасы (Metapneumoviridae) мен пневмовирустар тұқымдасына жатады. Бірінші рет 2001 жылы анықталды. Әдетте күз, қыс ай­ларында көбірек таралады. Ме­тапневмовирус – адамда рес­пираторлық инфекциялар тудыратын вирустық патоген. Ол тұмау тәрізді аурулар мен жедел респираторлық инфекциялар белгілерін тудырады. Көбінесе төменгі тыныс алу жолдарын зақымдайды, бұл бронхит, пневмония, респираторлық дистресс синдромына (ARDS) әкелуі мүмкін.

«Метапневмовирус негізі­нен ауа, тамшылар арқылы, сирек жағдайда тұрмыстық бай­ланыс арқылы беріледі. Ин­фекцияның негізгі белгілері – жө­тел, тамақтың қызаруы, мұ­рынның бітелуі, дененің қы­зуы, әлсіздік, шаршау, бас ауруы, ауыр жағдайларда — пневмония, бронхит, тыныс алу қиын­дықтары. Нақты емі жоқ, сон­дықтан симптоматикалық ем қолданылады», деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.

Қазірде елімізде ЖРВИ, тұ­маумен сырқаттанушылық­тың маусымдық өсуі тіркеліп отыр. Өткен жылдың 1 қазанынан ­бас­тап республикада ЖРВИ-­дың 2 002 335 сырқаты, зертха­на­­лық расталған тұмаудың 941 ­сыр­қаты, оның ішінде А үлгілі тұ­маудың 910 жағдайы (H1N1), ­А (H3N2) бір жағдай, В тұмауы­ның 30 жағдайы тіркелді.

Денсаулық сақтау министр­лігі халықты алдын алу шараларын сақтауға, адамдар көп жиналатын жерлерде бай­ланыс­тарды шектеуге ша­қырады. Жалпы, метапнев­мо­вирус ин­фекциясын ерте сатысында анықтау өте маңызды. Егер адам­да тыныс алу жолдарының ауру­ла­рының белгілері байқалса, дереу дәрігерге қаралуы керек. Медицина қызметкер­ле­рі симптоматикалық ем жүр­гі­зіп, инфекцияның таралуын тоқтатуға жәрдемдеседі. Мета­пневмовирус – респиратор­­лық аурулардың таралуына се­беп болатын вирус, әсіресе бала­ларда және иммундық жү­йесі әлсіреген адамдарда ауыр сырқаттарға әкелуі мүм­кін. Вирусқа қарсы вакцина бол­мағандықтан, алдын алу шара­ларының маңызы зор. Жеке гигиенаны сақтау, науқастар­мен байланысудан аулақ болу, қоғамдық орындарда бетперде тағу, үйді жиі тазалап отыру сияқ­ты шаралар инфекция­ның та­ралуын азайтуға көмектесе­ді. Сонымен қатар иммуни­тет­ті нығайту, дұрыс өмір сүру сал­тын ұстану метапневмовирус инфекциясына қарсы тұруда маңызды рөл атқарады.

Естеріңізге сала кетейік, бұ­ған дейін Қытай вирустық ауру­­дың – адамның метапневмо­ви­ру­сы­ның жаңа өршуіне тап болды деп хабарланған бо­ла­тын. Бұқаралық ақпарат құрал­дарының мәліметінше, вирус бұл елде тез таралып жатыр, ауруханалар осы сырқатқа душар болған пациенттерге толып кеткен.