Энергетика • Бүгін, 09:35

Дау бітті – делдалдар нарықтан кетті

49 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Тасымалдаушы» деген тонды жамылып, энергияны өндіруші мен тұтынушы арасынан қарпыта асауға дағдыланған делдал мекемелер көпшіліктің наразылығын тудырып жүр еді. Олар «тасымалдамай-ақ», Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты (МАЭК) пен электр тасымалдауды, жабдықтауды ұйымдастыратын МӨЭК мекемелері халықты энергиямен қамтамасыз етуге қауқарлы емес пе? Бұл мәселе «Egemen Qazaqstan» газетінде де бірнеше рет қозғалды. Жаңа жыл қарсаңында көптен күттірген жағымды жаңалықты да естідік – Маңғыстауда делдал мекемелер энергия тасымалдау нарығынан кетті.

Дау бітті – делдалдар нарықтан кетті

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасының басшысы Бердібек Картбаевтың айтуынша, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап «электр энергетикасы туралы» заңға енгізілген өзгерістер аясында соңғы тұтынушыларға электр энергиясын сатумен айналысатын энергиямен жабдықтаушы ұйымдар таратылады. Бұдан былай олардың функциясын энергия беруші ұйымдар орындайды.

«Облыста 2025 жылдан бас­тап энергиямен жабдықтаушы ұйымның міндеттерін тиісті лицензия алған «Маңғыстау өңір­лік электржелілік компаниясы» акционерлік қоғамы, яғни МӨЭК энергия беруші ұйымы өз мойнына алады. Бұрын тұтынушыларға қызмет көрсеткен «Маңғыстау жарық» ЖШС электрмен жаб­дық­тау қызметін тоқтатады. Энер­гиямен жабдықтауға байланысты барлық қызмет бір ұйым арқылы ұсынылады. Бұл өзара іс-қимыл үдерісін жеңілдетеді және кез келген түйткілді тез шешуге мүмкіндік береді», деп түсіндірді Бердібек Картбаев.

«Маңғыстау өңірлік электр­желілік компаниясы» АҚ төрағасы Қасымхан Сыздықовтың сөзінше, тұрмыстық тұтынушыларға байланысты өзгеріс аз болады. Тұр­мыстық тұтынушылар электрмен жаб­дық­таудың үлгілік шарты негі­зінде электр энергиясын алуды жалғастырады.

«Біздің кәсіпорынның басым­дық­тарының бірі – оның барлық қызметінің жариялылығы мен ашықтығы. Акционерлік қоғам өңірді үздіксіз әрі тұрақты энергиямен жабдықтау жөніндегі өз міндетін толық түсініп, тұты­нушылармен ашық диалог форматында қарым-қатынас орнатады. Компания электр энергиясымен қамтамасыз ету бойынша міндеттерді өз мойнына алып қана қоймай, жыл сайын өңір инфрақұрылымын дамытуға қатысты белсенді жұмыс істеп келе жатыр. Осы жұмыс аясында біз желілерді жаңғыртумен, озық технологияларды енгізумен және энергия жүйесінің сенімділігін арттырумен айналысамыз», деді Қасымхан Сыздықов.

Жұмыс орындарын сақтау мақсатында «Маңғыстау жарық» ЖШС қызметкерлері МӨЭК штатына біріктірілмек.

«Өңірдегі әлеуметтік тұрақты­лықтың маңызын түсінеміз. Жұмыс орындарын сақтау – қызметкерлерді қолдау ғана емес, сонымен қатар қоғамның тұрақты дамуына қосылған үлес», деді Қасымхан Сыздықов.

«Маңғыстау жарық» ЖШС бас директоры Айдос Әбе­нов қаңтардың басында алын­ған «Маңғыстау жарық» түбір­тектерінде көрсетілген бұрын жинақталған берешек және ағымдағы есептеулер бойынша электр энергиясы үшін төлемді белгіленген тәртіппен МӨЭК атына жүргізу қажет екенін түсіндірді. «Тұтынушыларға ыңғайлы болу үшін және қате төлемдер жағдайларын болдырмау үшін, сондай-ақ МӨЭК алдындағы кредиторлық бере­шек­ті ескере отырып, тұтыну­шы­лардың дебиторлық бере­ше­гін «Маңғыстау өңірлік электржелілік компаниясы» АҚ-ға беру туралы бірлескен шешім қабылданды» деп түсіндірді Айдос Әбенов.

Жаңа жыл қарсаңында жеткен жаңалық осындай. Енді өндірушіден электр энергиясын тұтынушыға дейін жеткізу және түрлі қажеттілікке орай желі­лерде айыру-қосу жұмыстарын жүр­гізу, есептегіштерді тексеру, өзге де электрді тасымалдау мен жабдықтауға қатысты ірілі-ұсақты жұмыстардың бәрі сенімді бір қолға өтті.

«Делдалдардың электр энер­гиясын тасымалдаушы нары­ғынан кетуін қолдап, тиісті министрліктерге шағымданған едік. Даулы мәселе төңірегінде халық арасынан табыла білген «Egemen Qazaqstan» газетіне де алғысымыз шексіз. Әрине, тегін ештеңе жоқ, тұтынған қызметтің ақысын төлеуге міндеттіміз. Бірақ екі ортада халық есебінен ақша табатындарға шектеу болуға тиіс», дейді Сайын аулының тұр­ғы­ны, қоғам белсендісі Сырға­лай Меңдібай.

 

Маңғыстау облысы