25 Маусым, 2010

БОЛАШАҚТЫҢ БАЛАМАСЫЗ БАҒЫТЫ

1166 рет
көрсетілді
33 мин
оқу үшін
Астана жаңа университеті – елімізді индустрияландыру ісінің өзекті жобасы Қазіргі уақытта Қазақстанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауындағы жаңа индустрияландыру стратегиясын жүзеге асыру ісінің қолға алынуына байланысты елімізде заман ағымына сәйкес білікті кадрлар, техникалық интеллигенцияның жаңа буынын дайындау мәселесі барынша өткір сипатқа ие болып отыр. Елбасының тікелей бастамасымен Астана қаласында ашылуы жоспарланып отырған техникалық бағыттағы жаңа университетті құру идеясының пайда болуына да осы бір жағдайдың түрткі болғаны ақиқат. Бұл университетте басқа мамандықтармен қатар ақпараттық технологиялар саласының мамандары да дайындалатын болады. Осы бағытты бірте-бірте одан да тереңдетіп, қазіргі таңда экономикамыз үшін ауадай қажет болып отырған неғұрлым күрделі техникалық мамандық иелерін дайындауға кірісу – ашылуы биылғы жылға жоспарланып отырған жаңа тұрпатты оқу орнының басты міндеті. Біз аталған мәселеге байланысты өндірісті автоматтандыру және басқару секілді аса маңызды мамандық бойынша еліміздегі 3 ғылым докторының бірі – Еуразия ұлттық университеті Жүйелік талдау және басқару кафедрасының меңгерушісі, профессор Мамырбек Бейсенбиді әңгімеге шақыра отырып, қазіргі заман ағымы туындатып отырған бірқатар күрделі мәселелер бойынша ой бөлісуін сұраған едік. –Мамырбек Әукебайұлы, өндірісті автоматтандыру мен басқару деген ұғымның мәнісі неде? Бұл үрдіс біздің елімізде және әлемде қашаннан бері басталып, етек алып келеді? –Адам баласы өзінің санғасырлық тарихында көптеген жетістіктерге жеткені, соның нәтижесінде бүгінгі өркениетті қоғамды қалыптастырғаны белгілі. Cол жетістіктердің арасында бұрын адам қолымен атқарылып келе жатқан жұмыстар мен қызметтердің енді автомат­тан­ды­рылған құралдар арқылы атқарылуының мәні зор. Өйткені бұл жағдай адамның өмірі мен тұрмысын бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жеңілдетті. Еңбек өнімділігін әл­деқайда арттырды. Бұрын бірнеше адам ат­қаратын жұмысты енді осы авто­мат­тандырылған құралдарға сүйеніп жалғыз адам жүзеге асыра беретін болды. Осы жағдай адамзат қоғамының дамуына үлкен қозғау салуда. Сонымен өндірісті автоматтандыру дегеніміз еңбектің өнімділігі мен тиімділігін арттыруға, өнімнің сапасын жақсартуға, өндірістің барлық ресурстарын оңтайлы да ыңғайлы пайдалануға, уақытты барынша үнемдеуге, істің өте үлкен шеберлікпен дәлме-дәл атқарылуына қызмет ететін, әрі қазіргі замандық өнеркәсіптің даму өзегін қалыптастырып отырған техникалық прогрестің басты бағыты болып табылады. Әлемде бүгінгі индустриялық қоғамның қалыптасуына, осы арқылы адамзат дамуының бүгінгі деңгейге көтерілуіне осы бағыт үлкен ықпал етті. Менің бұлай дейтінім, қазір мына көшелерде қаптап жүрген неше түрлі көлік түрлері, өнер­кәсіпте жұмыс істеп жатқан сансыз тех­ни­ка – осының барлығы өндірісті ав­то­мат­тандыру және басқару ісінің нәтижелері. Ал өндірісті автоматтандырудың тарихы қай ғасырдан бастау алатындығын айтудың өзі қиын. Өйткені белгілі бір мөлшерде өздігінен әрекет ете алатын, осы арқылы адам еңбегіне септестік жасай алатын қарапайым құралдар ұсталар мен шеберлер еңбегінде көп ғасырлар бұрын пайда болған. Мұндай құралдар қазіргі замандық өндіріс құралдарымен салыстырғанда тым жабайы көрінетіндігіне қарамастан, біз тарихи тұрғыдан алғанда, яғни әр нәрсенің өзіндік бір бастау бұлағы болатындығы тұрғысынан алғанда, бұл жәйттерді ес­кер­мей тұра алмаймыз. Яғни өндіріс ал­ғаш құрылған кездің өзінде-ақ оны авто­мат­тан­дыру идеясы бірге пайда болып, әр ке­зеңнің мүмкіндіктері деңгейінде іске аса бастаған. Дегенмен, автоматтандырудың осындай алғашқы нышандары батыста жүзеге асқан өнеркәсіптік революцияға дейін қоғамға сондай бір тиімділік бере қойған жоқ. Оның қалыптасып, кең көлемде дамуына 18-19 ғасырларда Еуропа мен АҚШ-та мәшине жасау өндірісінің жандануы үлкен әсер етті. Міне, осы тұста орыс механигі И.И. Ползунов жасаған (1765 жыл) бу қазандығының қалқыма реттегіші мен ағылшын өнертапқышы Дж. Уаттың бу мәшинесіндегі центрден тепкіш реттегіші ізашар жобалар болды. Қазіргі күні автоматтандыру үдерісінің қандай деңгейге жеткендігін халықтың бәрі көріп отыр. Ол өндірісті былай қойып, тұрмыстың өзіне дендей енуде. Мәселен, қазір үй тұрмысында кеңінен қолда­ны­латын толық автоматтандырылған кір­жуғыш, ыдысжуғыш мәшинелерді, басқа да құралдарды алайық. Осылардың өзі адам еңбегін әлдеқайда жеңілдетті. Демек, біздің Қазақстанда да еңбекті автоматтандыру үдерісі басқа дамыған елдердегі секілді алға басып келеді деп айта аламыз. Ал өндірістік, өнеркәсіптік үдерістерді автоматтандыру мен басқару дегеніміз өте күрделі мәселе. Біз бұл мәселелерде әзірге әлем­дік техникалық прогрестің бүкіл адам­зат қауымына әсер етуші екпінімен келе­міз. Осы үрдістің шынайы ішкі құбы­лыста­рын бойымызға толық дарыта алмай отыр­мыз. Себебі, бұл мәселеде іс тетігін кадр шешеді. Көп мәселе кадрлардың біліктілігі мен ізденгіштігіне, идеялық қарым-қа­бі­летіне тәуелді болып келеді. Ал бізде, әзірге, инновациялық жаңалықтарды іліп әкете алатын технологиялық тұрғыдан білікті өндіріс басшыларын былай қойып, қа­рапайым кадрлардың өзі тапшы болып отыр.       Осы мәселе Елбасының жаңа Жол­да­уында жақсы ескерілген. Онда ғылым мен білімді дамыту жайында көп айтылды. Себебі түсінікті. Біз осы уақытқа дейін еліміздің шикізат байлығын игеру ісін жолға қойып, экономиканы жүйелі даму арнасына түсіре алдық. Осымен Қазақ­стан­ның 2030 жылға дейінгі дамуы бағ­дар­ла­ма­сының алғашқы онжылдық үшін бел­гі­ленген талабы орындалды. Енді Елбасы одан да тереңірек кетті. Енді еліміздің 2020 жылға дейінгі индустриялық-инно­ва­ция­лық даму стратегиясын ұсынды. Мұндағы басты міндет шикізатты сату ғана емес, оны өңдеу ісіне келіп тіреледі. Демек, эко­номикалық дамудың ендігі қозғаушы күші дамыған адам ресурсы болып табылады. Сөй­тіп техникалық интеллигенцияның заманымызға лайық жаңа буынын әзірлеу, оларды орналастыру, өсіру, соның ішінде өндірісті автоматтандыру мен басқару ісіндегі кадрлардың оқып, жетілуіне ерекше мән беру – алдымыздағы ең маңызды мәселелердің бірі болып отыр деген ойдамын. Міне осы тұста Лениннің жаңа эконо­микалық саясатты жүзеге асыру кезінде айтқан “мен енді он мықты рево­лю­цио­нерді шетелдің мықты бір капиталисіне айырбастаған болар едім” деген сөзі еске түседі. Жасырып, жабары жоқ, Ленин мықты саясатшы болған. Ол әр кезеңнің өзіне тән міндетін жақсы түсінген. Осындай қасиет біздің Елба­сы­мызда да бар. Елбасы неге Астанадан жаңа техни­калық университет ашу ісіне белсене кі­рісіп отыр. Өйткені, бізге қазіргі замандық технологиялар мен олардың же­лілерін транс­ферттеу жеткіліксіз. Бізге олардың қасиетін, жұмыс істеу қағидаттарын жақсы тү­сінетін, меңгерген кадрлар әзірлей ала­тын технологиялық білімді трансферттеу керек. Мұнсыз болмайды. Әйтпесе, киімді үтіктей алғанымызбен, сол үтіктің ішінде не бар екендігін білмейтін адам күйінде қала береміз. Бұл – ең қарапайым мысал. Ал өндірістік қатынастарда, өндіргіш күштерді пайдалану мәселесінде бұл ең үлкен проблема. – Неге? – Өйткені соңғы онжылдықта еліміздің күрт дамуы мен ерекше инвестициялық тартымдылыққа ие болуына байланысты бізге беймәлім технологиялар қазіргі өндірісімізге үсті-үстіне келіп жатыр. Ал қазақстандық мамандар, шынын айтқанда, сол технологиялардың қаншалықты тиімді екендігін дұрыс бағалай да алмай отыр. Әрине, оған ешкімді сөгіп қажеті жоқ. Өйткені, ол технологияларды біз жаса­ғаны­мыз жоқ. Бірақ “білместік у ішкізеді” деп атам қазақ тегін айтқан ба. Осы кем­ші­лігімізден қаншалықты ойсырай ұтыл­ға­нымызды кейін көзіміз ашылған кезде барып қана дұрыс бағалай алатын боламыз. Демек, технологиялық, техникалық саладағы, әсіресе, өндірісті автоматтандыру мен басқару секілді біздер үшін тың саладағы әрбір білікті кадр – еліміздің баға жетпес байлығы. Егер осы бағыттағы ұлттық кадрларды дайындау мәселесін қазірден бастап дұрыс ұйымдастыратын болсақ, кейінен осы топтың арасынан шығатын ең таланттылары білімі мен тәжірибесі толыса келе біздің елімізді алға сүйрейтін болады. Мұның өмірдегі мысалдары жетіп жатыр. Мәселен, Америка автомобиль өндірісінің атасы Генри Форд пен ақпараттық технологиялар өндірісін ұйымдастырушы Билл Гейтстің АҚШ мемлекеті мен хал­қы­на жасаған жақсылығын көп ешкім жасай алған жоқ. Америка міне, осы­лардың арқасында әлемдегі ең дамыған елге айна­лып отыр. Сол секілді Қаныш Сәтбаевтың да Қазақстан ғылымын дамытуға қосқан үлесін ештемемен бағалау мүмкін емес. Өйткені, мұндай адамдардың жасаған ісінің тиімділігі ұрпақтан ұрпақ ауысқан сайын еселеніп кете береді. Мұны экономикада “мультипликативный эффект” деп атап жатады. Білімге салынған қаржының уақыт өткен сайын еселеніп қайта беретін қасиетінің өзін осымен түсіндіруге болады. – Ал енді автоматтандырылған үдеріс­терді басқару ісі туралы айта кетсеңіз. Неғұрлым қарапайым ұғымдар арқылы осы жөнінде түсіндіре кетсеңіз. – Бүгінгі дамыған қоғамдағы адам ба­ласы белгілі бір өндірістік және басқа да мақсаттарға қол жеткізу үшін әртүрлі физикалық, химиялық құбылыстардың, табиғаттың, экономиканың және қо­ғам­ның өзара әрекеттесу заңдылықтарын пай­да­ланатындығы анық. Ол осы жөніндегі білімі мен тәжірибесіне сүйене отырып, табиғат күштерін, өндірістік, эко­но­ми­калық және қоғамдық үрдістерді өзі көз­деген бағытқа қарай бағыттауға ұмты­лады. Сөйтіп технологиялық үрдістерді, мәши­не­лерді, химиялық, ядролық реакцияларды, өндірістік үрдістерді басқару мүмкіндігіне ие болады. Басқару үрдісі дегенміз – тірі таби­ғат­тың өзінде де үздіксіз түрде жүріп тұратын құбылыс. Бұған алдымен адамның өз дене қозғалысын реттей алатындығын, яғни басқара алатындығын мысал ретінде кел­тіруге болады. Адам не нәрсені ойласа, өзі­нің қимыл қозғалысы арқылы сол нәрсені жүзеге асырады және өзінің дене күйін байқап біліп отырады. Сол секілді кез келген кешенді басқару ісінде де осы қағида сақталынады. Автоматтандырылған үдерістерді басқару ақпараттық сипатта жүргізіледі. Олай дейтініміз, басқарушы әсерді құрастыру үшін кез келген кешеннің күйін сипаттайтын көптеген ақпаратты және сол жүйе жұмыс істейтін қоршаған орта туралы ақпараттарды жүйелі уақыт масштабында ақ­параттық-коммуникациялық торап ар­қы­лы алу мен қабылдау, электронды есептегіш мәшинелер арқылы белгілі бір алгоритмдер негізінде өңдеу, сақтау және тарату қажет. Сонан кейін барып авто­маттандырылған үдерісті басқару ісі жүзеге асады. Демек, қазіргі автоматтандырылған өндірісті ұйымдастыру мен басқару ісі ақпараттық технологиялардың жетіс­тік­теріне сүйенеді. Міне, осы тұрғыдан алған­да бұл саланың мамандарын әзірлеу жеңіл емес. Олар ақпараттық технологияларды да, өндірістегі автоматтандырылған үд­е­ріс­терді де жетік меңгеруі керек. Мұндай ма­ман­дар дамыған қоғамда өте үлкен сұра­нысқа ие. Сондықтан батыс елдерінің жас­тары көбінесе осы мамандық түрлерін таң­дайды. Мәселен, АҚШ-та жоғары оқу ор­ындарын бітірушілердің басым көпшілігі ақпараттық сервистік және автоматтандыру ісінің мамандары. Алдымыздағы заман өзгерісінің ыңғайы адамдарды осылай қарай бағыттауда. Астанада жаңадан ашы­ла­тын Нұрсұлтан Назарбаев универ­си­тетінің ақпараттық технологиялық, тех­никалық бағыт ұстауының да себебі осы­дан. Өкінішке орай біздің қоғам бұл мә­селенің мәнісін әлі оншама ұға қойған жоқ. Қазіргі жастардың мамандық таң­да­уына қарап бұл жағдайды анық байқауға болады. – Автоматты басқарудың қандай түрлері бар? – Мәшине, агрегат, технологиялық үр­дістер, зауыттар, фабрикалар мен фир­ма­лар және басқа өнеркәсіптік емес ұжымдар­дағы басқарулар қолмен, жар­ты­лай ав­томатты және толық авто­мат­тан­дырылған болуы мүмкін. Егер басқару жүйесіндегі басқару контуры адамның ті­келей қатысуын қажет етпей жұмыс ат­қа­ратын болса, онда олар толық авто­мат­тан­дырылған басқару жүйелері болып табылады. Ал, ішінара немесе жартылай автомат­тан­дырылған басқару жүйелерінде басқару контурына техникалық құралдармен қатар адамдар да кіреді. Сөйтіп, басқару операцияларындағы адам еңбегін толық немесе жеке опера­ция­лар бойынша техникалық құралдармен алмастыру басқаруды автоматтандыру деп аталады. –Қазақстанда қандай салалар жақсы немесе біршама автоматтандырылған? Оның жемісті нәтижелері қандай өндіріс пен қызмет түрлерінен байқалып отыр? Соның ішінде, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қандай салаларда автоматтандыру үрдісі басым дамуда? –Қазақстан жағдайында бірқатар шағын және орта бизнес субьектілері өз мүм­кіндіктері мен біліктіліктеріне бай­ла­нысты автоматтандырылған басқару жү­йелерін өндіріске енгізуде. Солардың ішінде жұмыстары біршама табысты деп банк­тер қызметін атауға болатындай. Мем­лекеттік мекемелерге енгізілу үстіндегі “Электрондық үкімет” қызметі де осы қатарда. Ал күрделі автоматты және автоматтандырылған жүйелерді өндіріске енгізу тәжірибесін біздің елімізде жұмыс істеп жатқан шетелдік компаниялардың әрекеттерінен көптеп байқауға болады. Бірақ олардың енгізіп жатқан техно­ло­гия­лары жергілікті мамандар үшін “қара жә­шік” секілді. Олардың ішінде не бар екен­дігі әртүрлі желеулермен ашылмайды. Олардың жұмысын талдап, күрделі жөндеуден өткізушілер де шетелдік мамандар. Осы ретте салыстырмалы түрде алғанда, автоматтандыру ісінің неғұрлым дамыған салалары деп мұнай мен газ өндіру және тасымалдау, металлургия салаларын атауға болады. Ал жалпылай айтатын болсақ, авто­мат­тар мен олардың басқару жүйелері өндіріс пен техниканың барлық саласында кеңінен пайдаланылады. Мәшине құрастыруда, энергетикада, атом энергетикасында, электрондық өндірісте, көлік саласында, робо­тотехникада, металлургиялық өнді­ріс­те, үй шаруашылығында, космостық жү­йе­лерде және жоғары дәрежелі дәлдіктегі әс­кери технологияларда, тағы басқа салаларда. Осы заманғы инновациялық өндірістік техникаларды пайдалануға, өндірістің өте жоғары тиімділігін қамтамасыз етуге, ресурстарды үнемдеуге ұмтылыс және өндірілетін өнімнің сапасын арттыруға деген ынта автоматтандыру және басқару жүйесін ұдайы жетілдіре беруге мәжбүрлейді. Бұл сала, әсіресе, екінші дүниежүзілік соғыс барысында және онан кейінгі жыл­да­ры кең қарқынмен дами түсті. Соғыстан ке­йінгі жылдары әлем халқы мен мем­лекеттерінің социалистік және капи­талистік болып екі жүйеге бөлінуі олардың арасындағы бәсекелестікті арттырды. Осы бәсекелестік техникалық прогреске дем бере түсті. Жаңа техника мен техно­ло­гия­лар өндіріске молынан енгізіле бастады. Ғарыш саласын, мемлекеттің қуаттылығы мен ғылыми-өндірістік деңгейін көрсететін басқа да салаларды дамытуға ерекше екпін түсірілді. Міне, осы істің алдыңғы қа­тарында өндірісті, құрал-жабдықтарды автоматтандыру мәселесі тұрды. Осы заманғы автоматтандыру және басқару саласының ғылыми тұрғыдан дамуы негізінен космосты игерумен, кос­мос­тық және жоғары дәлдіктегі әскери тех­нологияларды жасау талабымен және осы заманғы әскери істерді, қимылдарды басқару қажеттіліктерімен анықталады. Өндірісте, ауылшаруашылығында және басқа да салалардағы ендігі даму мәселесі осы салаларға қажетті автоматтық жү­йе­лерді жасау, осы бойынша терең ғылыми зерттеулер жүргізу, микро­про­цес­сор­лық өңдеу, ақпараттық ком­му­никациялық жүйелерді дамытумен тығыз байланысты болып отыр. ­Сөйтіп, қазір адамзат қауымы авто­мат­тандыру және басқару саласын дамытуды ке­шенді түрде қарастыратын кезеңге келіп кірді. Бұл мәселе информатика, есептегіш техникасы және басқару бағытын да­мытуды қажет етеді. Өндіріске жоғары өнім­ді есептегіш техникалары, жоғары жыл­дамдықтағы ақпараттық-ком­му­ни­ка­ция­лық жүйелер енгізілуде. Осы салалар ғылыми тұрғыдан елімізде жете зерттеле түскені жөн. Айта кету қажет, біздің Қазақстанда ақпарат және оны өңдеу мәселесі қазіргі экономикалық үрдістердің даму деңгейі мен талабы тұрғысынан алғанда әлі де болса негізгі ресурс көзіне айнала қойған жоқ. Шешім қабылдау үшін, басқару үшін оперативті ақпараттар жүйелі уақыт мас­ш­табында кең пайдаланыла бермейді. Жаңа ақпараттық құралдарға және техно­логия­ларға негізделген автоматтан­дырылған басқару жүйелерін өндіріске енгізуге Қазақстанның интеллектуалдық, технологиялық мүмкіндіктері, қазіргі ма­те­риал­дық және техникалық базасы жет­кі­лік­сіз болып отыр. Қазақстан эко­но­ми­ка­сы­ның орасан зор деп саналатын әлеуетін ашу үшін аталған мәселеге барынша мән берілуі қажет. Олай дейтініміз, дамыған елдерде авто­мат­ты өндірістер, есептегіш техникалары мен ақпараттық технологиялар, теле­ком­муникациялық жүйелер экономиканың негізін құрай бастады. Оларда бұл салалар ең жедел дамушы салалар ретінде алдыңғы қатарға шықты. Міне осылардың негізінде басқа салалар да күрт дамуда. Өйткені, осы салалардың дамуы басқа салаларға да қатты әсер етуде. Сондықтан Қазақстан жағдайында өндірісті автоматтандыру және басқару жөнінде жеке бір бағдарлама қажет пе деп ойлаймын. Бізге қазіргі уақытта басқа ел­дерден алдыңғы қатарлы техно­логияларды трансферттеумен қатар сол тех­но­ло­гия­лардың пайда болуы және жедел дамуын зерделеу де қажет. Яғни “балықшыға балық берме, қармақ бер” деген секілді мәселенің түбіріне үңілген жөн. – Қазақстанның индустриялық-иннова­ция­лық даму бағдарламасында, басқа да үкі­меттік құжаттарда өндірісті автоматтандыру ісіне қаншалықты мән берілген? Осы төңіректе ескеретін мәселелер бар ма? – Қазақстанның индустриялық-и­н­но­ва­циялық даму бағдарламасы, Елбасымыз Нұр­сұлтан Назарбаевтың “Жаңа Қазақстан жаңа дүниеде” атты халыққа арнаған Жол­дауындағы қазақстандықтардың өмір са­пасын арттыру, елімізде бәсекелестікке қа­білетті экономиканы құру, өндірісті жа­ңарту мен жаңғырту жөніндегі тап­сырмалары өндірістегі, қоғам мен тұр­мыс­тағы көптеген үдерістерді авто­мат­тандырған жағдайда жақсы жүзеге аспақ. Осы үшін автоматты және авто­мат­тан­ды­рылған басқару жүйелерін енгізудің ма­те­риал­дық-техникалық, технологиялық және ин­теллектуалдық базаларын жедел түрде енгізуді ойластыру қажет. Елбасымыз біз қарқынды түрде дамыған жағдайдың өзінде басқа елдердің де, әсіресе, дамыған елдердің қарап отырмайтындығын, оларға ілесу үшін жанталаса жұмыс істеудің қа­жеттігін талай рет ескерткен болатын. Олар­дың міне, бірден бір қарап отыр­май­тын саласы – нақ осы өндіріс пен қо­ғам­дық үдерістерді автоматтандыру саласы. Өйткені нақ осы салада алға кетудің мәні зор. Бұл саладағы ілгерілеу қоғамды жедел түрде дамытуға мүмкіндік береді. Елдің даму қарқынына қарқын қосады. Аттаған адымын әлдеқайда ұзарта түседі. Міне, сондықтан да дамыған елдер бұл іске барынша мән беруде. Олар қазір өн­діріс пен тұрмыстағы автоматтандыру ісіне болашақта үлкен серпін беріп, осы істерде адамды алмастыратын жасанды интеллект жасау ісімен белсене шұғылдануда. Міне, осының бәріне біздің Үкіметіміз үлкен ой көзімен қарап, индустриялық-инно­ва­ция­лық дамудың аса өзекті мәселесі болып табылатын автоматтандыру мәселесіне барынша мән беруі керек. Әйтпесе, біз қазіргі дамыған және жедел дамушы елдерге ілесе алмайтын боламыз. Рас, ауызды құр шөппен сүрте беруге де болмайды. Үкімет бұл салада бірқатар жұ­мыстарды жүзеге асыра да бастады. Елі­мізде технопарктердің құрыла бастауы, ЧИП жасауға арналған кремний өнді­рі­сі­нің қолға алынуы – осының айқын айғағы. – Өндірісті автоматтандыру мен басқару саласында кадр дайындау мәселесі қалай шешіліп келеді? Ол пән, мамандық ретінде қандай оқу орындарында қашаннан бері оқытылады? Сіздердің оқу орындарыңызды бітірген түлектерге сұраныс бар ма? Осы мамандық бойынша білім берудің қазіргі деңгейі туралы не айтар едіңіз? – Қазақстанда автоматтандыру және басқару саласын дамыту үшін ең алдымен оны кадрлық тұрғыдан қамтамасыз ету қажет. Мұның негізі біздің елімізде өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап қалана бастады деуге болады. Осы жылдары Қаныш Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университетінде “автоматика телемеханика” және “есеп­те­гіш техника”, ал Қарағандыдағы тех­ни­калық университетте “ақпараттық өлшегіш жүйелері” мамандықтары бойынша кадрлар дайындала бастады. Дегенмен, қазіргі уақытта осы заманғы ав­томатты басқару жүйелері, электронды есеп­тегіш мәшинелері, ақпараттық ком­му­ни­кациялық жүйелер мен тех­но­логиялық құрал-жабдықтар және оларды жобалау, іске қосу, пайдалану салалары бойынша жоғары білікті кадрлардың жеткіліксіздігі өткір сезіліп отыр. Бүгінгі күні аталған мамандықтар бойынша тек автоматтандыру және басқару саласы бойынша ғана білікті инженерлер дайындауға болады. Бірақ өкінішке орай, елімізде бұрыннан бар және біршама жақсы дамып келе жатқан “Кәсіпорындарды автоматтандырылған басқару жүйелері” (автоматизированные системы управления предприятием) мамандығы не себептен екені белгісіз, кейін келе “Ақпараттық өңдеудің компьютерлік жү­йелері және басқару” деп аталатын клас­сификаторда “Есептегіш техника” ма­ман­дығына қосылып кетті. Сөйтіп, эко­но­микаға, өндіріс пен қоғамға қажетті кә­сіп­ор­ындарды, фирмаларды, мемлекеттік ме­кемелерді ақпараттандыру және басқару ісіне қатысты маңызды мамандық түрі іс жүзінде жоғалып кетті. Қазір Қазақстанда информатика, есеп­те­гіш техника және басқару бағыты бо­йынша қызмет етіп жүрген 3 ғылым док­то­рының үшеуі де және ғылым кан­ди­дат­тарының көпшілігі осы бүгінгі авто­мат­тандыру және басқару мамандығы бо­йынша әзірленген адамдар. Бұлардың бар­л­ығы дерлік Москва мен Санкт-Пе­тер­бург­тің техникалық оқу орындарында білім алғандар. Олар қазір жоғары білікті мамандарды әзірлеу үстінде. Сондықтан елімізде қазіргі уақытта автоматтандыру және басқару мамандығындағы кадрлар ғана өздерінің инженерлік білім деңгейін жоғалтпайтындай жағдайда әзірлену үстінде. Ал жоғарыда айтылған қалған ма­ман­дықтар бойынша біздің елімізде Кеңес өкі­метінің соңғы кездерінде 5-6 ғылым кан­ди­даты ғана бар еді. Оның үстіне бұл са­лалар заман талабына сәйкес динамикалық даму бағытында жедел өзгерістерге ұшырады. Соңғы 20-30 жылдың өзінде бұл салалар бойынша бұрынғы алған білім ескіріп қалды. Сондықтан болар, осы са­лалар бойынша кадр проблемасын шешу үшін жоғары мектептерде бакалавр, магистр және PhD докторлар дайындауға ұмтылыс танытылуда. Барлық техникалық уни­верситеттерде және басқа да инже­нер­лік, тіпті инженерлік емес жоғары оқу орындарында информатика, есептегіш техника және басқару саласы бойынша 2005 жылы енгізілген жалпы қазақстандық білім бойынша мамандық класси­фи­ка­то­рына сәйкес және мемлекеттік білім стан­дартына сәйкес мамандар әзірленуде. Бү­гінгі күні біздің жоғарыда келтірген се­беп­терімізге байланысты нақ осы ма­ман­дықтар бойынша кадр дайындауға қа­тысты, яғни қазіргі енгізіліп отырған стан­дарт пен классификаторға қатысты қоғамда үлкен пікір-таластар өрбуде. Бұл пікір-таластар беріліп отырған білімнің маз­мұнына, студенттердің оқытылу деңгейіне қатысты өрбу үстінде. Аталған мамандықты шала-шарпы игеріп шыққан студенттер ертеңгі күні дұрыс маман болып шыға ала ма, өндірістің өскелең талабын ақтай ала ма дегендей сұрақтар туындауда. Осы туындап отырған пікір-таластарға қарап информатика, есептегіш техника, бағдарламалық қамсыздандыру, ақпа­рат­тық жүйелер, математикалық және ком­пью­терлік жүйелерді және тораптарды, ком­муникация ақпараттары мен ақ­параттық технологияларды және жалпы ақ­па­раттық технологияларды жобалауға, жа­сауға және іс жүзінде пайдалануға қабілетті мамандарды дайындау деңгейінің төмен екендігін байқауға болады. Бұл салалар бойынша кадр дайындау деңгейі мек­теп­терде оқытылатын қарапайым ком­пью­тер­лік сауаттылық деңгейінен алысқа бара алмай отыр. Ал кейбіреулері жаңа ма­ман­дықтарды оқытуға оқытушылардың өз­дерінің білімдері мен тәжірибелері, қабілеті жет­пегендіктен үйреніп қалған математика мен физиканы оқытуға көшті. Сөйтіп, жасырып-жабары жоқ, еліміз бойынша автоматтандыру және басқару ісінің әр саласы бойынша мамандар дайындау толық дәрежесінде мүмкін болмай отыр. Мұның өзі еліміздің индустриялық-ин­но­вациялық бағытта жан-жақты, кең құл­аш­ты дамуына кедергі болатындығы түсінікті. Ал, енді Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеттің физика-техникалық факультетіндегі өзіміз дайындап жатқан автоматтандыру және басқару мамандығы бойынша кадрларға келетін болсақ, басқа көптеген мамандықтарға қарағанда біздің түлектерімізге деген сұраныс жақсы деуге болады. Оларды кәсіпорындар оқу бітірісімен өздері іздеп келіп, жұмысқа қабылдап жатыр. – Қазір қоғам жедел алға басуымен қатар өзіндік қайшылықтарға тап болуда. Әлемді кернеген соңғы дағдарыс осының айқын дәлелі болғандай. Дағдарыстың бірінші кезекте әлемдік қаржы жүйесіндегі қайшылықтардан бастау алғандығы жайлы көп айтылып жатыр. Осыған енді өндірістік үдерістердің алға басуынан туындайтын ескі мен жаңаның күресі секілді қайшыл­ық­тар­дың да әсері болған жоқ па екен? Бұл жайында не айтасыз? – Жалпыға тән белгілі бір түсініктері болғанымен кез келген дағдарыстың ішкі астарлары мен себеп-салдарларын түсіну қиын дүние. Сондықтан қоғамда түрлі көзқарастар етек алып отырған дәл қазірдей жағдайда бұл жайында бірдеме деп кесіп айту қиын. Бірақ осы ретте америкалық әлеу­мет­танушы әрі футуролог О.Тоффлердің осыдан біраз бұрын айтылған пайым­дау­лары еске түседі. Адамзат қоғамының даму тарихын аграрлық, өнеркәсіптік, яғни индустриялық және постиндустриялық дәуірлерге бөліп қарастыратын Тоффлер қазіргі уақытта бұрыннан қалыптасып қалған әлемдік индустриялық жүйені үшінші толқынның, яғни постин­дус­трия­лық толқынның талқандау үдерісі жүріп жатқандығын айтады. Ол мынадан кө­рінеді: Өмірдің барлық салаларында ақ­параттық технологиялардың кеңінен енгізілуі негізінде бірте-бірте “ақпараттық қоғам” қалыптасу үстінде. Оның басты белгілері көпшілікқолды тауарлар мен өнімдерді көптеп шығаратын алып өндірістерді енді дербес шағын өндірістер алмастыруда. Ал бұрынғы қалыптасқан алып индустриялық жүйелердің бұлайша талқандалуы барлық өнеркәсіптік дамыған елдерде жаһандық көлемдегі дағдарысты жағдайлармен қабаттаса жүретіндіктен мұны ескі мен жаңаның күресі деп те атауға болады. Өйткені, туындап келе жат­қан жаңа дүниенің жаңа өндірістік қа­тынастары мен өндіргіш күштері жұл­қы­нып алға түспейінше ескі дүние оған бір­ден орын босата қоймайтындығы түсінікті. Осының бір мысалы осы соңғы әлемдік дағ­дарыс кезінде байқалды. Осы дағдарыс тұсында көптеген кәсіпорындар құлдыраса, енді бірі беріктік танытты. Жалпы, осы қозғалып отырған мәселе жайлы “Егемен Қазақстан” газетінің жаңа ғимаратында БАҚ басшыларына берген сұхбатында Елбасымыз Нұрсұлтан На­зар­баев та айтқан болатын. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы: “Біз ши­кізат секторына балама бола­тындай экономика құрамыз, басқа жол жоқ... Егер дағдарыс тұсындағы әлем­дік жағдайға назар аудара­тын болсақ, Еу­ро­пада оның сынына төтеп бере алған бірден бір ел Германия болды. Себебі, оның экономикасының 80 пайызын шағын және орта бизнес құрайды. Бизнестің бұл түрлері осы елдің барлық аума­ғында біркелкі орналасқан. Шағын және орта бизнестің бір ерекшелігі – өзгеріс жағдайына өте бейімділігі. Оның бағыт-бағдарын жедел өзгертуге бола­ды. Ал бізде Кеңес Одағы кезінде құрамында 10 мың, 20-30 мыңға дейін адам істейтін алып кәсіп­орындардың көбірек салынғаны белгілі. Олар дағ­да­рысқа осал болып шықты. Жаңағы бағ­дар­ламаның бір мәнісі, міне, осындай өмір өз­герісіне, сын сәттерге бейімділік таныта алатын жаңа экономи­каны жасау болып отыр” деді. Сөйтіп, Елбасы ескерткеніндей, шаруа­шы­лық жүргізудің қазіргі замандық мо­делінің маңызды сипаты ретінде алдыңғы қатарлы әлем елдерінің ғылымды көбірек қажет ететін, энергиялық қуаттар мен адам еңбегін, материалдарды үнемдейтін өндіріс түрлеріне көше бастағандығын айтуға болады. Бұл үрдіс ілкімді авто­мат­тан­ды­рылған жүйелерді, компьютерлік тех­ни­калар мен роботтарды өндіріске кеңінен енгізу арқылы жүзеге асуда. Осыдан көріп отырғандығымыздай алдағы өмірімізде өндірісті автоматтандыру мен басқару ісіне балама жоқ. Біздің бүгінгі жүзеге асырмақ болып жатқан индус­трия­лық-инновациялық даму бағд­ар­ла­ма­мыз­дың негізгі өзегі де осы болып шықпақ. Демек, өндірісті автоматтандыру мен басқару ісі дегеніміз, Елбасы атап көрсеткен жаңа экономиканың жаны болып шығады. Жаңа заманның жаңа кәсіпорындары шағын болып келгенімен, олардағы жұмыс үдерістері мен басқару ісінің автомат­тан­ды­рылуы жағдайында атқаратын қызметі мен еңбек өнімділігі өте үлкен болмақ. Сон­дықтан өндірісті, түрлі қызмет сала­ларын автоматтандыру ісіне қазірден бастап мән беріп, осы іспен айналысатын, сала бойынша кадр дайындау мәселесіне мән беріп отыратын тиісті бір құрылымды құрғанымыз қажет еді. Астана жаңа университеті, міне, осы мақсатта қызмет ететіндігі анық. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Сұңғат ӘЛІПБАЙ.