Қоғам • Бүгін, 08:40

Қолдау орталықтарының қарымы зор

15 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астана қаласы отбасы институтын қолдау орталығында саланың қызметін жетілдіруге, полимодальды кеңесшілерді даярлауға бағытталған практикалық семинар-тренинг өтті. Келелі кеңеске Мәдениет және ақпарат, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің өкіл­де­рі, отбасын қолдау орталықтарының қызметкерлері қатысты.

Қолдау орталықтарының қарымы зор

Іс-шара барысында Мәдениет және ақпарат министрлігінің отбасын қолдау орталықтары жұмысын жетілдіруге бағыт­талған жобалық кеңсенің же­тек­шісі Фарида Сағындық бас­қосудың мән-маңызына тоқ­талып, мақсатын мәлім етті.

«Қазір елімізде 65 отбасын қолдау орталығы жұмыс істей­ді. Олардың негізгі міндеттері – мемлекеттік отбасы саясатын жүргізу, өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарды қолдау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, көмек көрсету, мобильді топтардың жұмысын ұйымдастыру. Бүгінгі іс-шара да отбасын қолдау орталықтарының жұмысын жетілдіруге арналып отыр. Дағдарыс орталықтарының жұмысын жетілдіру, ведомс­твоаралық өзара іс-қимылды жолға қою, жұмыстың бірыңғай әдіснамасын құру, оны жүзеге асыру барысында олқылық­тар болса, орны осындай семинарларда толығады. Сондай-ақ халыққа кеңінен ақпарат бе­ріледі», деді Фарида Сағындық.

Пікірсайысқа қатысқан спикерлер түрлі тақырыпта баяндама жасады, орталықтардың жұмысын жүргізуде мемлекет тарапынан арнайы қаржылай қолдау артып келе жатқанына тоқталып, қиын өмірлік жағ­дайда қалған адамдарды қолдау, оларға көмек көрсету қашанда өзекті екенін жеткізді.

2024 жылдың сәуір айында «Әйелдердің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» заңның қабылдануы отбасы институтын нығайту мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда маңызды қадам болды. Заңның жаңа редакциясы ОҚО қызметіне де өзгерістер енгізді – Отбасын қолдау орта­лықтарының бірыңғай желісі құ­рылып, отбасы мәселелерін ше­шуде кейс-менеджмент енгі­зілді. Мамандардың айтуын­ша, орталықтар көмекке жүгін­гендердің жағдайын кешенді түрде бағалап, әр отбасының жағдайына байланысты жеке жос­пар әзірлеп, оны жүйелі жүзеге асырып келе жатыр.

Қазір қиын жағдайда қал­ған отбасыларды ерте анықтау мақсатында Мәдениет және ақ­парат, Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау, Ішкі істер, Денсаулық сақтау министр­ліктерінің мамандарынан мо­бильдік жұмыс топтары құ­рылған. Сонымен қатар мем­лекеттік органдардың ведомс­твоаралық өзара іс-қимылы­ның жеделдігі мен ыңғайлылығы үшін әлеуметтік қызметтерді ұсынудың интеграциялан­ған моделі ретінде мобильді қо­сымша әзірленіп, сынақтан өтіп жатыр. Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының директоры Бақтияр Айтбаевтың айтуынша, онда елордадағы отбасыларға құқықтық, психологиялық, әлеу­меттік көмек көрсетіледі.

«Әлеуметтік саясат – қо­ғамның өмір сүру жағдайын реттеудің бір бағыты, осы орайда, қала әкімдігі тарапынан әлеу­меттік топтар арасындағы қа­рым-қатынастарды қолдап, жалпы қоғам мүшелерінің әл-қуаты мен өмір сүру деңгейін жақсарту негізінде 2019 жылғы 26 тамызда қала әкімдігінің жанынан «Жанұя» отбасын қол­дау орталығы қанатқақты жоба түрінде ашылды. Жобаның мақ­саты – қиын жағдайға тап болған әрбір отбасыға психология­лық, әлеуметтік, құқықтық кө­мек, сонымен қатар отбасы инс­титутының дамуына жан-жақ­ты қолдау көрсету. Орталық қанатқақты жоба режімінде өз жұмысының жоғары сұра­ныс­қа ие екенін дәлелдеп, 2020 жыл­ғы мамыр айынан бастап мемлекеттік мекеме болып ресми түрде жұмыс істей бастады. Орталық «бір терезе» қағидатына негізделіп, қала тұрғындары­ның (көпбалалы, толық емес, аз қамтылған, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған, отбасылар­ға, т.с.с.), азаматтардың жекеленген санаттарына кешенді консультациялық қызметтер көр­сетеді», дейді ол.

Жаңа заң қолданысқа енген сәттен бастап қолдау орта­лықтардың саны өскен. 2025–­2027 жылдары олардың санын ­208-ге жеткізу жоспарланып отыр­ға­нын айтады мамандар. Өткен жы­лы орталық мамандары 400 мың­нан астам кеңес берген. Орта­лық қызметкер­лері­нің біліктілі­гін арттыру, сон­дай-ақ мобиль­дік топтар­дың тиімді жұмы­сын қамтамасыз ету мақсатын­да барлық өңірде көшпелі оқыту семинар-тре­нинг­тері өткізі­ліп тұрады.