Заң мен Тәртіп • Бүгін, 09:10

Жаңа заңның әлеуеті қандай?

36 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жаңа жыл басталысы­мен елге жеткен ақжол­тай жаңалықтың бірі – кейінгі жылдары дүйім елдің дег­бірін қашырып жүрген заң­сыз есірткі бизне­сі мен қылмысына қар­сы күреске тың серпіліс беретін заңға Мемлекет басшысының қол қоюы. Маман­дар бұл өзгерісті қоғам кеселін сауықтыру жо­лын­дағы ілкімді қадам деп бағалап отыр.

Жаңа заңның әлеуеті қандай?

Нақтырақ айтқанда, Прези­дент 2 қаңтарда «Қазақстан Республикасының кейбір заң­на­малық актілеріне есірткі, психотроптық заттардың, сол тектестердің, прекурсорлардың және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.

Бұл құжат былтыр 15 наурызда Президенттің Ұлттық құрыл­тай­да берген тапсырмаларын орындауға бағытталған. Оның ерек­­шелігі – есірткі өндіру мен өткізу­ді ұйымдастырушыларға жауапкершілікті қатаңдату, ал есірткіні жасырын орналастыру­шы­ларға қолданылатын шараларды жұмсартуды қарастырады.

Ақорда таратқан мәліметке қарағанда, заң есірткі өндірісі үшін ғана емес, осы қылмыстық әрекет үшін лауазымды адамдардың да жауапкершілігін едәуір қатаң­дат­қан. Енді бұл қылмысқа қатысы бар тұлғаларды мүлкін тәркілеп, 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айы­руы мүмкін.

«Сонымен қатар заңда есірткіні жасырын орна­ластырушылардың жазасы аздап жұмсартылды. Мәсе­лен, алғаш рет мұндай қыл­мыс жасағаны үшін қылмысын ауырлататын мән-жайлар болмаса, мүлкін тәркілеп, 5 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген (бұрын мүлкін тәркілей отырып, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыратын). Жаза аталған қылмысқа тарты­ла­тындардың, яғни есірткіні жасырын орналастырушылардың көбі жасөспірімдер мен жастар болғандықтан жұмсартылды. Олар­дың есірткіні өздері дайын­­дамайтыны, көбіне есірткінің заңсыз айналымын ұйымдас­ты­рушылардың қылмыстық тұза­ғы­на түсетіні ескерілді. Алайда қыл­мыстық әрекетті бірнеше рет қайталаса, оны мүлкін тәркілей отырып, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қатаң жаза күтеді», делінген хабарламада.

Сондай-ақ заңда білім беру ұйымдарында немесе кәмелетке толмаған адамға қылмыстық топ қа­тарындағы есірткі таратушы тұлғаларды жазалайтын қатаң үкім сақталған. Олардың мүлкі тәркіленеді және 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады. Сонымен қатар лауазымды тұлғалардың есірткі таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілігі қатаңдатылған. Бұрын олардың мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге абақтыға қамалса, енді мүлкі тәркілене отырып, 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостан­дығынан айырылады.

Заңда есірткінің және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру мақсатында басқа да шаралар қабылданды. Мәселен, қылмыстық топ арқылы аса ірі мөлшерде құрамында есірткі заттары бар және өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіргені үшін заң жүзінде жауапкершілік белгіленді.

Прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттардың, сондай-ақ есірткі, прекурсорлар, улы және күшті әсер ететін заттарды өндіруге пайдаланылатын заттардың, құралдар мен жабдықтардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Бұған қоса заңда есірткі тектестер, психотроптық заттар, сондай-ақ прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттарды қол­дану ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілік белгіленді.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің айтуынша, Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшін­ші оты­рысында есірткіні жасырын орна­ластырушылар үшін жазаны саралау жайында ұсынысты белгілі құқық қорғаушы Айман Омарова көтерген. Президент бұл бастаманы қолдап, нәтижесінде заңнамаға тиісті өзгерістер еніп отыр. Мұның тиімді тұстарын атап өткен Е.Қарин Ұлттық құ­рыл­тай бас­та­­маларын іске асы­ру шеңберінде осымен тоғы­зын­шы заң қабылданып отыр­ға­нын жет­кізді. Атап айтар болсақ:

«1. Әйел құқығы мен бала қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мә­се­­­ле­лері туралы заң.

  1. Ойын бизнесі мен ойын­құмар­­лыққа қарсы күрес мәсе­ле­лері жөніндегі заңнамалық өзге­рістер.
  2. Электронды тұтыну жүйе­лерін (вейптер) әкелу, өндіру, сату мен таратуға заңнамалық тыйым.
  3. Вандализм үшін жазаны заң­на­малық қатаңдату және табиғи, мәдени және тарихи нысандарды қор­ғауды арттыру.
  4. Ономастика мен геральдика саласындағы процедуралар регламенті мен жұмысты орта­лықтандыруды заңнамалық жетіл­діру.
  5. «Айбын» орденінің дәреже­леріне аты аңызға айнал­ған батыр­лардың есімдерін беру.
  6. Бірыңғай символика стандарты бойынша түзетулер.
  7. Мемлекеттік марапаттар жүйе­сіне жаңа құрметті атақ­тар­ды енгізу бойынша түзетулер», деп жазды Е.Қарин.

Сенат депутаты Бибігүл Жексен­байдың айтуынша, бұған де­йін есірткімен күресте көбінесе «шортандар» шет қалып, «ша­бақ­тар» қолға түсетін болса, жаңа заң қабылданғаннан кейін жағ­дай жақ­сы бағытқа қарай өз­гермек.

«Жыл сайын нашақорлыққа ұшыраған адамдар, есірткі биз­не­сі­не аңдамай ілініп кетіп жатқан жастар, ұйымдасқан қыл­мысқа шырмалған елдер қа­тары да өсіп жатыр. Есірткі мәсе­лесі ұйым­дас­қан қылмыспен, сыбайлас жем­­қорлықпен, эконо­­ми­калық қыл­­мыспен және терроризммен тығыз байланысты екені де белгілі. Сон­­­дық­тан әлемдегі өлім жазасына кесілгендердің әрбір екіншісі (42%) осы есірткі саудасына байланысты екен. Сингапур, Қытай, Иран, Сауд Арабиясы, Кувейт сияқты елдерде есірткі саудасы үшін өлім жазасы сақ­талған», деп атап өтті ол.

Сенатор заң күшіне енген соң есірткі қылмысы үшін сотталған мыңға жуық адам шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін екенін, алайда есірткі саудасына қайтадан араласқан адамдар үшін жаза аса қатал болатыны да заңда бекітілгенін ескертті.

Мәжіліс депутаты Еділ Жаң­быршин әлеуметтік желідегі парақ­­­­шасында бұл заңды қабыл­дау оңайға соқпағанын атап өтті.

«Президент Әкімшілігі, Парла­мент, Үкімет мүшелері, ға­­лымдар, мамандар, сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдар, қо­ғам белсенділері, ата-аналар бел­сенді атсалысты. Заң әділ жа­уап­­кершілікті тағайындады деп есеп­теймін. Сонымен қатар Ішкі істер министрлігінің есірткі­мен күрес басшылығында біраз кадрлық ауыс-түйістер де бол­ға­нын жақсы білесіздер. Есірткі «гид­расын» інінде құрту керек!» деді депутат.