Сапар аясында депутаттар жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың тұрмыс-тіршілігін, өңірдегі экологиялық жағдайды және атқарылып жатқан жұмыстарды талқылады. Азаматтардың ұсыныс-тілектерін тыңдап, Парламентте қабылданып жатқан заңдар туралы пікір алмасты.
– Бүгін жылыойлықтармен кездесіп, көктемгі маусымға дайындықпен таныстық. Атап айтқанда, Жем өзені мен Құрсай өзектерінің түбін тереңдету жұмыстарын көрдік. Жоба аясында жергілікті жердің географиясын жатқа білетін көнекөз қариялар мен ауылдың белсенді азаматтарының ұсыныстары ескеріледі. Осы мәселе бойынша атқарылып жатқан жұмыс әрдайым біздің назарымызда болады, – деді депутат Дүйсенбай Тұрғанов.
Жоба аясында жалпы ұзындығы 95 шақырым болатын түп тереңдету жұмыстары жоспарланған. Атап айтқанда, Құрсай каналы – 46,1 шақырым, Жем өзені – 48,9 шақырым, бөгет құрылысы – 61 шақырым.Қазіргі уақытта Жем өзенінің 4 шақырымы және Құрсай каналының 31 шақырымы, жалпы 35 шақырым түп тереңдету жұмыстары аяқталған. Түп тереңдету және бөгет салу жұмыстарына 107 арнайы техника жұмылдырылған.
Жұмыс кестеге сай көктемге дейін толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Депутаттардың айтуынша, бұл шаралар көктемгі су тасқынының алдын алуға және аймақтың экологиялық жағдайын жақсартуға септігін тигізеді.