Спорт • 13 Қаңтар, 2025

Спортта қарсыласыңды жек көру керек - Ислам Байрамуков

224 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2024 Олимпиада жылы болуымен де есте қалды. Ел атлеттері Парижде жеті жүлде қанжығалады. Көңілді көкке көтеретін нәтиже болмағанмен, Токио Олимпиадасының қорытындысынан тәуір. Жаңа белеске жету үшін өткен сында сүрінген сәттен сабақ алу маңызды. Бұл тұжырым елге бос қайтқан еркін күресшілерге де қатысты болып отыр. XXXIII жазғы Олимпиада ойындарында балуандардың Олимп шыңын бағындыра алмауының себебін 2000 жылы Сидней төрінде күміспен күптелген еркін күрес шебері Ислам Байрамуков атап берді, деп жазады Egemen.kz.

Спортта қарсыласыңды жек көру керек  - Ислам Байрамуков

Фото:instagram.com/islam_bairamukov_97

- Ислам Ілиясұлы,  балуандарымыз Париждегі төртжылдықтың басты додасын бір күміспен қорытындылады. Грек-римде Демеу Жадыраевтың күмісі көңілге медеу болғанмен, еркін күрес шеберлерінен де ел жүлде күткені жасырын емес. Жұрттың осы тілегінің орындалмауына не себеп болды?

- Рас, Париж олимпиадасының нәтижесі ойдағыдай болмады. Грек-Римде Демеу Жадыраев топ жарды. Алтынға бір қадам жетпей, сүрінгені еріксіз әттеген-ай дегізеді.  Ал еркін күресте нәтиже жоқ. Болашақта ірі бәсекелерде тағы қапы қалмау үшін  жеңілістен жақсы сабақ алуы шарт. Еліміздің күресіне өзгерістер енгізетін уақыт жетті деп ойлаймын. Тиісті федерация, бапкерлер құрамы дұрыс бағытта жұмыс бастауы тиіс. Халқымыз «Шымшық сойсада қасапшы сойсын» дейді. Меніңше, спортшыларды баптайтын мамандар күрестің нағыз жілігін шағып, майын ішкендер болуы керек. Жеке пікірім бойынша, балуандарға бағыт жан-жақты берілмеген. Біздің спортшылар тек аяққа жұмыс істейді. Кеудеден асырмайды, жамбасқа лақтырмайды, иықтан асырып лақтырмайды, қолда жұмыс істеу деген жоқ. Асылында, күрестің қыр-сыры көп. Аяқтан ұстау, белден ұстау, кеудеден, иықтан асыру сынды бағыттар жеткілікті деңгейде қамтылмай, жеңіс те қолға түспейді. 

- Осы ойларыңызды Олимпиада тұсында тікелей эфирде ортаға салдыңыз. Десе де кәсіби маман, күрес жанашыры ретінде спортшылармен жеке тілдесіп, кем кеткен тұстарын айта алдыңыз ба?

 - Иә, Қазақстан көрермендері күресті ерекше ықыласпен тамашалайды. Мемлекетіміздің намысы сынға түскен кезеңде жаныңды сала, табандылықпен күресу керек. Кей балуандарымыздың белдесуіне көңіліміз толмай жатты. Тікелей эфирде эмоцияны жасыру да мүмкін емес. Оның сыртында тілектес ниет жатқаны түсінікті деп ойлаймын. Естір құлаққа сол сәтте-ақ білгенімізді бүгіп қалмай ақтарып салдық. Өзім спортшыларды тәрбиелеумен айналысуға ден қойдым. Мұндай мүмкіндікке Республикалық спорт  колледжін басқару арқылы ие болып отырмыз. 2024 жылдың сәуірінен осы қызметке тағайындалғалы жоғарыда түйген біршама қателіктердің алдын алуға күш салып жатырмыз. Шәкірттеріміздің аяқ алысын күні-түні бақылаймыз, ішкен асына дейін қадағалаймыз десем артық емес. Тіпті далаға жеңіл шықса да сырттағы температураға сай киінуін талап етеміз. Мұның бәрі жеңісті жолға бастайтын - тәртіп. 

- Білуімізше, өзіңіз де осы қарашаңырақ Республикалық спорт колледжінің түлегісіз. Кей сәттерде жұртшылық спортшылардың лауазымды қызметтің тізгінін тартқанына сыни көзқараспен қарап жатады. Осы туралы сіздің пікіріңіз қандай?

- Меніңше, кім болса да сол саланың ішкі жүйесін жақсы білсе, айрықша назар аударатын мәселе жоқ деп ойлаймын. Әрине, тәжірибе де керек. Басшы жұмысының нәтижесі 1-2 жылда-ақ көрінеді. Бұл орайда спортшыларға да неге мүмкіндік бермеске?! Халықтың көкейінде «ана спортшы қайда жүр екен, мына чемпион қандай іспен айналысып жүр екен?» деген сауал туып жатады. Спортшылар өзі жүріп өткен жол болғандықтан құрама команда, федерация, ауыл-аймақтардағы спортты басқару комитеттері болсын, барлық жерде жұмыс істеп көруі керек. Ал оларды қолдайтын тәжірибесі толысқан маман жанында болса нұр үстіне нұр. Кейде қағазға қатысты  жұмыстарды реттеу күтіп тұрады. Сондай сәттерде қолдау, бағыт нұсқау маңызды. 

- Сөз соңында өзіңізді жеңіске жетелеген тәсілдерді бөлісіңізші. 

- Қарсыласыңды жек көруің керек. Бұл - спорттың заңы. Мен қарсыластарыммен амандаспайтын едім. Сәлемдесіп тұрғанда  сырыңды алдырып қоюың бек мүмкін. Қай жерің ауырып тұр, өзіңді қалай сезініп тұрғаныңды біліп алып, қарсы тәсіл қолдануы да ғажап емес. Қай деңгейде болсын қарсыластармен достасып, құшақтасып жүруге болмайды. Пікірімді оқушылар жақсы оймен айтып жатқанымды түсіне жатар. Кейде жаттығуда құрама балалары бір-бірімен амандасып, құшақтасып жатқанда, ысқырық шалып тоқтатып, «құшақтасып, амандасып жатсаңдар бозкілемде қандай қарсылық көрсете аласыңдар», деп ескертіп жатамын. Қандай деңгейлі жарыс болса да қарсыласыңа жау секілді қарау керек. Сонда ғана жеңіс тұғырына көтерілуге болады. 

- Әңгімеңізге рақмет!