Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Екінші дүниежүзілік соғысы тарихының парақтарын ақтарғанда адамның жүрегін қозғап, рухын сілкитін дәл осындай талай оқиғалардың куәсі боласыз. Төрт күн бойы жаумен жалғыз жағаласқан Алаштың арыстан ұлының кім екенін дереу есіңізге түсіре алмайсыз. Өйткені ол туралы кітаптарда көп жазылмаған. Ақпарат құралдары да оның көзсіз ерліктерін үздіксіз насихаттамаған. Екінші дүниежүзі соғысы дегенде ел-жұрт оннан аса батырдың есімін еске алады. Ал 18 жасында «Кеңес одағының батыры» атанған Жәнібек Ақатұлы Елеусізов деген оғланның сар желіп бұ дүниеден өткенін бүгінгі ұрпақ білмейді де...
1941 жыл. Екінші дүниежүзілік соғыс өрті Кеңес одағының аумағын шарпыған кез. Ресейдің Алтай аймағының Тұрат ауылында 1925 жылдың 20 маусымында дүниеге келген 16 жастағы қаршадай қазақтың бозбаласы Жәнібек Елеусізов өз еркімен майданға аттануға өтініш береді. Бірақ жас жігіттің тілегі қанағаттандырылмай, арада екі жыл өткен соң, 1943 жылдың ақпан айында әскер сапына алынып, Барнаулдағы әскери училищеге оқуға жіберілді.
18 жастағы Жәнібек Елеусізов Барнаулдағы әскери училищені үздік тәмамдап, 6-гвардиялық дивизияның 25-гвардиялық атқыштар полкіне Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Ол 1943 жылдың тамыз айында аталған полктың 2-атқыштар батальонында зеңбірекші болып, майдан даласына кірді. Қол пулемет көтерген жас жігіт Украинаның Сума облысы аумағын неміс басқыншыларынан босатуға қатысып, Шостки қаласы маңындағы Смоляж ауылында болған шайқаста 8 жау әскерінің көзін жойып, алғашқы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Осы шайқастан кейін «егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалып» Ж.Елеусізов қаншама майдан көріп, иір-қиыр жолдарды басты. Солардың бәрінде маңдайы жарқырап, ерлікпен оралып отырды.
1943 жылдың қыркүйек айы. Бұл кезде Қызыл армияның тынысы ашылып, тынымсыз Днепрге қарай жылжи бастады. Жау қолында қалған Украина ауыр күндерді басынан кешіп жатты. Днепр деген – табиғат тұрғызған бекініс. Егер қызыл әскер сол бекіністі алса, Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс күні жақындары анық. Стратегиялық аймақ саналған Днепрді алуда ерлік көрсеткен сарбаздарға «Кеңес одағының батыры» атағы берілетіні туралы Сталиннің бұйрығы да шыққан. Полк, рота, взвод командирлері «Алтын жұлдызды» кеуделерге қадауға уәде еткен Сталиннің сол бұйрығымен сарбаздарды рухтандырады.
1943 жылы қыркүйектің 22-інен 23-іне қараған түні 6-гвардиялық атқыштар дивизиясының 25-гвардиялық атқыштар полкінің пулеметшісі, қазақтың арыстан жүректі батыр ұлы Ж.Елеусізов алғашқылардың бірі болып Днепрді кесіп өтіп, оң жақ жағалаудағы плацдармды басып алуға қатысады. Қол пулеметпен жанталасып, жау әскерімен қиян-кескі шайқасқа кірген батыр ұл қызыл әскердің өзеннен кедергісіз өтуіне жол ашады.
Бес пулеметтің арасында жалғыз өзі жүгіріп, төрт күн бойы плацдармды қорғаған 18 жастағы жауынгерге «Кеңес одағының батыры» атағын беру туралы «Марапат қағазында» Жәнібек Елеусізов ерлігі жазылған (Суретке қараңыз. Архивтік құжат pamyat-naroda.ru порталынан алынды).
Ол құжатта Жәнібек Елеусізовтің 1943 жылдың қыркүйегінің 22-інен 23-іне қараған түні Днепр өзенін алу шайқасында өзеннің оң жағалауына бірінші болып өтіп, пулеметпен бекініс жасап, өзінің бөлімшесінің өзеннен кедергісіз өтуге мүмкіндік жасағаны, 25 қыркүйек күні батальонның Припять өзенінің оң жағалауына өту сәтінде де өмірін қауіп-қатерге тіге отырып, жаудың оқ бораған бекінісін талқандап, тағы да қызыл әскерге жол ашқаны, осы ерлігі Кеңес одағының батыры атағын алуға лайық екені жазылған. Марапатқа ұсыну қағазына 1943 жылдың 1 қазанында 25-гвардиялық атқыштар полкінің командирі, подполковник Николай Смирнов қол қойып, КСРО Жоғарғы Кеңесіне жолдайды.
1943 жылдың 16 қазанында КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Жәнібек Ақатұлы Елеуісовке Кеңес одағының батыры атағы беріліп, Ленин ордені және «Алтын жұлдыз» медалімен марапатталды.
Отан алдында борышын өтемекке 16 жасында өз еркімен майданға сұранып, 18 жасында батыр атағын алған Жәнібек Ахатұлы Днепр шайқасынан кейін де талай ерлік жасап, Малин, Житомир, Новоград-Волынский, Ровно қалаларын азат ету шайқастарына қатысты. 1944 жылдың наурыз айында Ровне ауданындағы Дубно қаласындағы ұрыста ауыр жараланып, 1944 жылдың күзінде Қазан қаласына оқуға жіберілген. Оқуын тәмамдаған соң, Житомир әскери мектебіне қызметке орналасты.
Қазақтың батыр ұлы 1954 жылы Қазақстанға біржола көшіп келіп, бастапқыда Шығыс Қазақстан, кейіннен Атырау облысында әртүрлі қызметтер атқарып, 1996 жылы Тараз қаласында дүниеден өтті.