Посткеңестік елдердің басым көп-шілігі үшін жаңа мемлекеттілікті орнықтыру кезеңі қоғамдық өмірді жүйелі түрде өзгерту, экономикалық, саяси түзілімді түбегейлі жаңғыртып, жаңарту уақытымен тұспа-тұс келген еді.
Сол тарихи уақыттың белесінен зер салсаңыз, тәуелсіз Қазақстанның осынау аумалы-төкпелі, қиямет-қайым кезеңде өзгелерге ұқсамайтын, өзіндік, сара даму жолынан өткенін көресіз. Қазақстанды модернизациялау жобасы ішкі-сыртқы мазмұны жағынан ұдайы эволюциялық сипатта болды. Мемлекет пен қоғам дамуының түрлі кезеңдерінде алға қойған мақсат-міндеттер салиқалы саясат пен сауатты басқарудың нәтижесінде, бірте-бірте, сатылап, табысты іске асырылды. Мұның бәрі реформалық процестердің бастауында тұрған Елбасы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тұлғасына тікелей байланысты екені даусыз. Қазақстан басшылығының саясаты әрдайым бірізділік пен дәйектілікке, қисынға сүйенді. Соның арқасында, жиырма жылдың айналасында Қазақстан “үздіксіз жаңғыру, жаңару” жолынан өтті. Ел басшылығы жүзеге асырған реформалар айқын да нақты екі негізді тірек етті. Олар дамудың эволюциялық қағидасын басшылыққа алу және инновациялық ұмтылыс болатын. Ұлттық даму стратегиясына негіз болған осы екі басымдықтың қосындысы қазақстандық жаңғыру моделінің табысына кепіл болды.
Елбасы ұсынған “алдымен – экономика, содан кейін – саясат” формуласының арқасында ғана Қазақстан экономикасы мен мемлекеттік институттарын жаңа заманға бейімдеп, жетілдіру мүмкін болды. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының табанды таңдауы болатын және мұның артында мемлекет пен қоғам алдындағы орасан жауапкершілік жүгі тұрған еді.
Кеңестік қайта құрудың тәжірибесі саяси және экономикалық реформалардың үндеспеуі түбі бір қатерге соқтыратынын көрсеткен. Сондықтан саяси, экономикалық, әлеуметтік өзгерістерді бір мезетте, қосқабат жүргізу қоғамның өз ішінде ерекше ұйымдасуды, ауызбіршілік пен орасан күш-жігерді талап ететін.
Модернизация үшін мемлекет пен қоғамға бір “сенім арқауы” қажет еді. Онсыз қазақстандық қоғамның бөлшектеліп, ыдырап кетуі ғажап емес-ті. Сол бір аумалы-төкпелі жылдары жүйелік жаңару, жаңғыру идеясының төңірегіне қоғамдық пікірді “топтастырушының” ролін Елбасының өзі атқарды. Ол өзінің мемлекет пен қоғамды дамыту ойын Қазақстанның әрбір отбасына, азаматына жеткізуге күш салды. Қашанда қайнаған оқиғалардың ортасында, қарапайым халықтың арасында жүрді.
Ол кезде партиялық алаң мүлдем бос жатқан. Мұндай жағдайда мемлекетті сақтап қалу, кейбір посткеңестік елдер бастан кешкен жағдайға ұрынбау, билікті өзара жауласқан элиталық топтардың арасындағы күрес пен бітпес араздықтың көзіне айналдырмау қажет болды. Оның үстіне Қазақстан үшін ұлтаралық hәм дінаралық келісімді сақтап қалу маңызды еді. Елде 140-қа тарта ұлт өкілдері тұратынын ескерсек, қоғамдағы шиеленіс пен жүйедегі тұрақсыздық өртін тұтатуға ұлтаралық факторды пайдаланғысы келетіндердің де болғаны жасырын емес. Ондай жағдайлардың неге алып келгенін сол кезеңдегі кейбір посткеңестік мемлекеттердің мысалынан көруге болады. Алайда, Н.Назарбаев қай-қай сынға да лайықты жауап тауып отырды. Қазақстан халқы Ассамблеясын құру мен биліктің түрлі тармақтарының өкілеттіктерін жаңаша бөлу тетігін қалыптастыру осыған айқын мысал бола алды.
Ұлт көшбасшысының көрегендігі сонда, ол саналуан варианттардың ішінде ең дұрысын тап басып, таңдай білуі тиіс. Меніңше, Қазақстан тәуелсіздік алған, бір жылы бір ғасырға татитын жылдар ішінде Президент әрдайым жалқы да дұрыс жолды таңдауды жүзеге асырып келеді. Нұрсұлтан Әбішұлының ел арасындағы жоғары беделі, басқарушы ретіндегі баға жетпес тәжірибесі, қазақстандық социумды түп-тамырымен терең түйсініп-түсіне білуі даму стратегиясын жасаумен қатар, модернизация идеясын қоғамдық, жалпыұлттық жобаға айналдырды.
Тәуелсіз Қазақстанның қаз тұрып, қалыптасуының бастапқы кезеңінде-ақ Н.Назарбаев өзінің саяси кредосын белгілеп берді: “...қантөгіс пен бүліншілікке алып келетін демократияның бізге қажеті жоқ. Біздің демократияның негізі – саяси, әлеуметтік және ұлтаралық тұрақтылық. Өзге елдер бізді демократиялық спринт үшін қолпаштайды екен деп, біз туған халқымызға эксперимент жасай алмаймыз”. Бұл әрбір мемлекетшіл, патриот азаматтың қаперінде жүретін, қағидасы етіп ұстайтын сөздер екені айдан анық.
Қазақстандағы демократиялық институттардың қалыптасуы ТМД елдеріндегі осы тектес процестермен арагідік ұқсас болғаны белгілі. Және бұл жолда бірде-бір посткеңестік мемлекет әлеуметтік-саяси қайшылықтар мен дүрбелеңдерді айналып өте алған жоқ. Әрине, Қазақстан да “күркіреген 90-жылдардағы” жағымсыз трендтерді айналып өткен жоқ. Солай бола тұра бүгінгі күні жаңғыру, жаңару жолындағы біздің қол жеткізген табыстарымыз өзін-өзі толықтай ақтап шыққанын көріп отырмыз.
Ал әу баста экономикалық реформалар саяси өзгерістердің алдын орады деп Президентке “айып таққысы” келгендер модернизациялық процестердің өзегі болған осы екі шарттың тамырластығын, байланысын сезінгісі келмеді яки сезіне алмады.
Орта таптың қалыптасуы мен кең ауқымдағы жекешелендіру, нарықтық экономика тетіктерінің қарқынды дамуы бәсекелестікке қабілетті нарықты қалыптастырып қана қоймай, саяси оң өзгерістерге де кеңінен жол ашты. Бұл Елбасының, елдің саналы таңдауы болатын.
Жаңарудың президенттік стратегиясының аясында экономикалық реформалар мен қоғамның жаңа әлеуметтік түзілімін құру, елдің саяси мәдениетін қалыптастыру, радикализм мен әлеуметтік масылдықтан арылу, уақыты келгенде кең көлемді саяси өзгерістерге жол ашу мақсаты тұрды.
Нарықтық экономика мен орта таптың пайда болуы онсыз да саяси бәсекелестікке алып келеді. Бірақ ол тәуелсіздіктің бас кезеңінде, кеңестік жүйе ыдырап жатқан кездегі беймәлім, бей-берекет “ойын ережесі” емес, экономикалық, әлеуметтік жағынан жетілген, тұрақты саяси-партиялық кеңістікке айналуы тиіс болатын. Ал дағдарыстың толқынында туған саяси партиялар 90-жылдардың басында-ақ оңай ыдырап, бөлшектеліп кетті. Себебі, олар қоғамның көңіл-күйін тап басып, тани алмады. “Уақыт – төреші” деген нақыл осындайдан туған шығар.
Жоғарыда айтқандай, экономикалық және әлеуметтік реформалардың табысты жүруі қоғамдық институттардың да жетілуіне, тұрақталуына мұрындық болды. Партиялық-саяси кеңістіктің кескін-келбеті, ара салмағы өзгерді. Ең бастысы, Қазақстандағы саяси-партиялық құрылыстың іргетасын билік партиясы қалады. Осы ретте өзге де қоғамдық топтар өздерінің саяси ортадағы партиялық жобаларын жасауға мүмкіндік алды.
Кейіннен, жаңа саяси мәдениет пен қоғамдық сананың қалыптасуы туралы айтқанда Н.Назарбаев “Біз құқықтық мемлекет пен соған сәйкес саяси жүйені құра отырып, мемлекет пен қоғамның өміріне демократиялық қағидаларды өз ретімен енгіземіз. Бірақ маған бөтен тәжірибені көзсіз көшіру мен теориялық догмаларға сөзсіз ере беру қоғамның толысуынан, оның экономикалық ахуалы мен демократиялық қалпынан маңызды деп ешкім де дәлелдей алмайды. Біз қандай жақсы заңдар жазсақ та, бәрін өмірдің өзі айқындайды” деп атап көрсетті.
Қазақта “қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ” дейтін мәтел бар. Кейде кертартпа, Елбасымен бой салыстырғысы келетіндер Қазақстан бұдан да жылдамырақ дами алар еді деп санайды. Тіпті, жұрттың да сол ойдың жетегімен жүруін қалайтынын қайтерсіз?!. Бірақ олар мемлекет өзінің қалыптасу кезеңінде дамудың белгілі бір сатыларынан өтуі тиіс екенін, бұл бәрінен бұрын халықтың дүниетанымындағы өзгерістер арқылы көрінетінін қаперге алмайды. Мемлекеттік институттарды жаңарту қарқыны тым тез немесе тым баяу бола алмайды ғой. Шын кемел саясаткер қоғамның өзгеру жылдамдығына қарай халықтың бейімделу қабілетін де сезіне білуі тиіс. Қазақстан Президентінде осы қасиет терең орныққан.
Жаңғыру үрдісінің қарқыны туралы мәселе түбегейлі өзгерістер барысында пайда болатын міндеттердің ерекшелігіне де байланысты. Қоғамдық маңызды жобаларды жүзеге асыруды тездету ісін көптеген жағдайда Ұлт көсемінің өзі мойнына алады. Н.Назарбаевтың бас қаланы Алматыдан Астанаға ауыстыруы мұның айқын мысалы.
Бұл тарихи жоба іске асырылған кезде Қазақстан мемлекет ретінде қалыптасудың бастапқы кезеңінде ғана тұрған еді. Астананы ауыстыру туралы кең көлемді әрі шығыны мол идеяға сол уақта оппозиция өкілдері ғана емес, Президентке жақын кейбір адамдардың да наразы болғаны белгілі. Олардың бәрі де жаңа Астананы сомдауға бөлінетін қаржыны әлдеқайда қарабайыр жобаларға жұмсауға болар еді деп ұқты.
Тап осы мезетте Елбасы факторы бірден үш тұрғыда, айрықша жарқырап көрінді.
Бірінші деңгей – ішкі-сыртқы себептерден тұратын факторлардың барлығын ескере отырып, шешім қабылдау. Н.Назарбаевты шешім қабылдауға итермелеген негізгі себеп жаңа Қазақстанның, ұлттық жаңғыртылған жобаның, болашаққа ұмтылған елдің бейнесін жасау мұраты еді. Бұл – Қазақстан халқының, қазақтың көкірегіндегі ұлы мұрат болатын.
Екінші деңгей – қоғамды қабылданған шешімнің дұрыстығы мен қажеттігіне сендіру болды. Н.Назарбаевқа, Ұлт көшбасшысы ретінде, саяси практика тұрғысынан диктаторлық тәсіл мүлдем жат. Оның қолтаңбасы – табандылық, сонымен бірге істің дұрыстығына қарсыластардың көзін жеткізу, тіпті қарсыласты өзінің одақтасы мен пікірлесіне айналдыра білу. Рас, бұл маңызды саяси шешім үшін ымыраласу деген сөз емес, әрдайым оң нәтижеге ұмтылу ниеті ғана. Елбасы осы ниетіне жетті әрі осы жолда алдымен ел-жұртының қолдауы мен түсіністігіне, артынан құрметі мен алғысына ие болды.
Үшінші деңгей – бастаған істі аяғына дейін жеткізу. “Астана жобасы” тек астана ауыстыру мақсаты емес, тек жаңа қаланың символына айналған таңғажайып ғимараттар салу емес, бұл – Астананы Қазақстанның, қала берді құрлықтың нағыз қаржылық, экономикалық, саяси, мәдени орталығына айналдырудың күн сайынғы қауырт жұмысы, тірлігі.
Жаңа елорда бүгінде қазақстандық жаңғыру мен жаңарудың бастауы, мемлекеттің табыстарының көрмесі тәрізді. Қазақстандағы ғана емес, күллі еуразиялық кеңістіктегі ең бір маңызды, мақтан тұтарлық жоба. Мұның бәрінің артында саясаткердің ауыр да ғажап еңбегі тұр.
Астана ауыстыру тәжірибесі, Н.Назарбаевтың терең сенімі бойынша, ТМД-ның өзге елдеріне де өзекті мысал болып қалады. Шын мәнінде, Елбасы ұсынған “Астананы дамыту арқылы мемлекетті дамыту” тезисі тоталитарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшіп жатқан елдер үшін ерекше көкейкесті ұғым. Өнеге аларлық дүние.
Ұлт көсемінің рөлі қиын-қыстау, күрделі уақытта ғана емес, елдің ертеңін, болашағын айқындайтын “тарихи жылдарда” да өзекті бола түседі. Жаңа Қазақстан тарихы үшін Елбасының рөлі дәл сондай. Тұрақтылық кезеңінде командалық жұмыстың күшеюі байқалады. Халықтың да бірлігі, ынтымағы нығайды. Бүгінге деген сенімі күшейді. Келер күнге деген үміті зорайды. Бүгінгі таңда ұлттық элитаның жауапкершілігі барынша артып отыр. Бұл да Н.Назарбаев құрған саяси жүйенің артықшылығын көрсетеді.
Бірақ дағдарысты кезеңде, ел тағдыры сынға түскен шақтарда, қабылданған шешімнің жүйелігі мен жеделдігіне тәуелді болатын тұстарда, әрдайым жауапкершіліктің бар жүгін Президент өз мойнына артумен келеді. Мемлекет пен қоғамды ары қарай дамытудың іргетасы, міне, осы жауапкершілікпен біте қайнасып, бірге қаланған. Қазіргі заманғы тарихтың ең бір күрделі кезеңдерінде, әлемдік қаржы дағдарысы зардаптарын еңсеру ісінде халық осы жауапкершілік пен қамқорлықты шынайы сезінді. Біз Президентті Елбасы, ұлттық стратег ретінде ғана емес, ғаламдық деңгейдегі жолбасшы ретінде тағы да таныдық.
Әлемдік қаржы дағдарысының себебін көптеген сарапшылар әлемдік валюта және қор нарықтарының әлсіздігінен көреді. Егер дағдарысты бағалауға оның сыртқы көріністері тұрғысынан келсек, мұнда шындықтың үзігі бар.
Қазақстан Президенті әлемде болып жатқан келеңсіз өзгерістерге мүлдем басқа, соны көзқарас білдірді. Оның пікірлері жалпы теориялық толғаныс түрінде емес, нақты ұсыныстар түрінде берілді.
Нұрсұлтан Әбішұлы дағдарыстың келбетін тек заттық белгілер деп емес, өркениеттің шынайы көріністерімен терең байланыстырады. Мысалы, адами өлшемнің жоғала бастауы, саясаттың өзінде “бизнес-ойлаудың”, яғни сауда-саттықтың дендеп енуі, негізгі ережелерді ұмыту – осының бәрі қазіргі заманғы экономикалық үлгінің сетінеуіне алып келді.
Қазіргі заман мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам арасындағы саналы серіктестік қарым-қатынастардың болуын талап етеді. Егер мұндай қарым-қатынастар болмаса немесе әлем тепе-теңдік негізде дами алмаса, онда алақол, ұяты жоқ топтың ісі үшін мемлекеттің тәуекелге баруына тура келеді. АҚШ өкіметінің, сондай-ақ бірқатар еуропалық мемлекеттердің ірі банктік құрылымдар мен инвестициялық компаниялардың “тесіктерін” жамап-жасқауы осыған ұқсас жайт. Н.Назарбаевтың пікірінше, мұндай амалды халықаралық деңгей түгілі ұлттық деңгейде қолдануға болмайды. Мұндай жағдайды бизнестің өзімшіл өкілдеріне қарсы қатаң шаралар қолдану арқылы да, “мемлекет – бизнес – қоғам” үштігіндегі өзара қарым-қатынастағы мінез-құлықты терең өзгерту арқылы да түзеуге болады. Бұл жетілудің, жетілдірудің өзекті факторына айналуы тиіс. Өйткені, жаңа қоғамға “ескі жүкті” арқалап барғаннан ешкім де ұтпасы анық.
Сондықтан, Н.Назарбаевтың “дағда-рыс сабақтары”, бәрінен бұрын, жүріп өткен жолды терең зерделеуге, жүйелік тазару мүмкіндігін мейлінше пайдалануға үйретеді. “Бұрынғы адам капиталындағы жаңа технологиялар” нұсқасы кез келген реформатор үшін жеңіліске бастайды. Тек жетілу, жетілдіру жобасын қабылдайтын психология ғана жағымды өзгерістер жасай алады, орасан табысқа жеткізеді.
Бұл стратегияның әдістемесі – Елбасының өмірлік тәжірибесінен туындайды. Біз, 90-жылдардың соңында, “Қазақстан Малайзия немесе Сингапур сияқты елдердің тәжірибесін пайдаланады” дейтінбіз. Ал қазір әлемдік орталықтардың өзі қазақстандық бастамаларға ықыласпен қарайтын болды.
Біздің көзқарас пен ұстаным өзін-өзі толық ақтады. Қазақстан дағдарыстан айрықша қысқа мерзімде шықты. Бір ғана мысал, 2007 жылдың тамыз айында ұлттық банк жүйесінің жалпы сыртқы қарызы 33 млрд. долларды құраған. Ипотекалық несие беру саласында тоқырау құбылыстары белең алған болатын. Тұрғын үйдің нарығы 10 пайызға төмендеді.
2009 жылдың ортасына таман қазақстандық банктердің сыртқы қарыздануы мәселесі біршама шешілді. Алтын-валюта қорлары жедел өсті. Ипотекалық несие төңірегіндегі шиеленісті басудың оңтайы келді. Қазақстан экономикасын сауықтырудағы негізгі рөл “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорына берілді. Осы қор жүзеге асырған дағдарысқа қарсы тұрақтылық шаралары мен модернизациялық жобаларды жүзеге асырудың арқасында Қазақстан экономикасы аяғынан тұрды.
Қазақстандық үлгіні табысқа кенелткен маңызды фактордың бірі – ішкі жаңарудың құрамдас бөлігі ретінде қаралған сыртқы саясат болғаны айқын. Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың сыртқы саясаттағы орасан еңбегі ел ішінде ғана емес, әлемдік қауымдастық деңгейінде лайықты мойындалды. Әлемдегі негізгі, беделді саяси күштер тарапынан Қазақстанға қатысты әрдайым реформаны тұрақты қолдайтын шешімдер қабылданып келеді.
ҚР Президентінің ядролық қарудан бас тарту туралы аса маңызды шешімі – стратегиялық, көреген қадам. Соның арқасында біз өркениетті, таңдаулы мемлекеттердің қатарынан ойып орын алдық. Әлемдік беделді мемлекеттер мен Қазақстанның арасындағы қарым-қатынасқа мүлдем жаңа мазмұн берілді. Қауіпсіздіктің тиімді кепілдіктерін алып, күллі мүмкіндіктерді ішкі құрылымды дамытуға шоғырландырдық.
Н.Назарбаевтың сыртқы саясаттағы ұстанымы ұдайы ұлттық жобалауды жүзеге асыруға, қазақстандық қоғамды жүйелі түрде жетілдіруге бағытталған. Осындай көзқарастың тағы бір айқын мысалы – “Еуропаға жол” бағдарламасы. “Еуропаға жол” бағдарламасында ұлттық экономиканың жаңару стратегиясы да, саяси өзгерістердің нақты міндеттері де көрініс тапты. Өкініштісі, кейбір сарапшылар бұл бағдарламаны қарадүрсін түсіндіреді. Оны Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуімен байланыстырып қана қарастырады. Болмаса, тіпті бір өлшеммен – “қор көздерінің технологияға айырбасы” сияқтандырып қарайды. Әрине, бұл – қате ұстаным.
Кез келген өркениетті қатынас, Шығыспен немесе Батыспен түйісу – бұл қашанда өзара пайдалы іс. Дамудың еуропалық тәсілі қоғамдық қызметтің барлық саласына, өмір сүру сапасына, тұрмыстық қалыпқа еркін таралып жатыр. Ең бастысы, Қазақстан үшін “Еуропаға жол” айқын да нақты тұжырымдалуы шарт. Бұл жаһандық міндеттер тұрғысынан да, қарапайым адамдар үшін де түсінікті әрі тартымды болуға тиіс. Бұл идеялардың барлығы да Н.Назарбаевтың стратегиялық жоспарларынан туындап жатыр.
Маңызды мәселенің бірі – қазақстандық жаңғыру мен жаңарудың айқын идеологиясы. Ол қазіргі күннің өзінде жан-жақты сипат алған. Ол тек Қазақстан халқына арналмаған, біздің жақын серіктес-одақтастарымызға да арналған.
Он алты жыл бұрын М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік универ-ситетінде сөйлеген сөзінде Президент Н.Назарбаев алғаш рет Еуразиялық одақтың идеясын айтты. Бұл жаңа, тәуелсіз мемлекеттердің экономикалық әлеуетін біріктіру жолындағы алғашқы қадам болатын. Н.Назарбаев қисындаған еуразиялық тұжырым өзінің өмірге қабілетті екенін дәлелдеді. Жаңа жақтаушылар тапты. Ізденіс пен дамудың, интегра-циялық үрдістердің идеологиясына айналды.
Әрине, ТМД елдерінің базбір саяси топтары еуразиялық ықпалдастық идеясын бірден қабылдаған жоқ. Жақын одақтастар мен серіктестердің өзін өзара іс-қимыл үшін басқа баламаның жоқтығына сендіруге көп күш жұмсауға тура келді. Осы бір пайдалы да өткір идеяның іс жүзіне асуы үшін табандылық пен беріктік танытқан біздің Президент болды. “Еуразиялық экономикалық одақ: теория мен нақтылық” атты өз мақаласында Н. Назарбаев “теңдік, еріктілік және прагматикалық мүддеге негізделген еуразиялық қауымдастық XXІ ғасырдың әлемдік экономикасы мен саясатында жаhандық фактор бола алады” деп атап көрсетті.
Бұл әлдеқандай дерексіз концептке деген жай сенім емес, есті, парасатты саяси есептің қисыны болатын. Біз ХХІ ғасырдың басында-ақ халықаралық қарым-қатынастардағы бей-берекетсіз үрдістің, жаһандық диалогтағы сенімсіз-діктің, дау-шардың куәсі болдық. Ал Қазақстан Президенті бастамашы болған халықаралық ынтымақтастық тетіктері Еуразиядағы “кетістірудің емес, бітістірудің” құралына айналды. Осы ретте Еуразия идеясы орныққан “үш кит” – Еуразиялық қауымдастықтың, Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенім шаралары бойынша кеңестің, және Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымының – еуразиялық ортақ идеяның шынайы көрінісі, маңызды ықпалдастық құрылымдар болып табылады.
Президент Н.Назарбаевтың олардың қалыптасуы мен дамуындағы рөлін екі ауыз сөзбен бағалау мүмкін емес. Осы бір ықпалдастық жобаларын алға жылжытуда Елбасының көсемдік әлеуеті анағұрлым айқын көрінді.
Қазақстан Президентінің жеке беделі, сұңғыла саясаткерлігі мен әлемдік негізгі күштер орталықтарының арасындағы диалогты шебер ұйымдастыру қабілеті жоғарыдағы ұйымдардың да мәртебесін барынша өсірді. Көптеген сарапшылардың, мысалы, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымын “ХХІ ғасырдың, болашақтың ықпалдастық одағы” деп атайтыны кездейсоқ емес.
Еуразиялық ықпалдастықтың тағы бір маңызды бағыты – Еуразиялық Экономикалық Қауымдастық. Бұл да Мәскеу мемлекеттік университетінің қабыр-ғасында ҚР Президенті айтқан идеяның жүзеге асуының көрінісі. ЕурАзЭҚ-ты сомдаудың әдістемесі, оның бүгінгі қызметінің толығуы, даму болашағы мұның бәрі, қалай айтсақ та, Нұрсұлтан Әбішұлының бастамаларымен тікелей байланысты. Мұнда еуразиялық эконо-микалық ынтымақтастықтың үш негізгі басымдығы талданған. Біріншіден, еуразиялық кеңістікті мекендеген халықтардың тарихи экономикалық байланыстарының жаңғыруы. Екіншіден, мүше мемлекеттердің қазіргі заманғы әлеуетін тиімді үйлестіріп, ресурстық мүмкіндіктерін өзара толықтыру. Сондай-ақ, бұл еуразиялык мемлекеттердің дағдарыстан кейінгі кезеңге алған тиімді “билеті”, жаңа жаңғыру, жаңару жоба-сының іргетасы болмақ.
Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттері арасындағы келісіммен құрылған Кеден одағы да жоғарыдағы ойларымыз-дың жарқын мысалы. Бұл ұйымның Қазақстанға беретін пайдасы зор екенін озық, сарапшы экономистердің өзі мойындап отыр.
Еуразиялық экономикалық жобаның жалпы бағыты Н.Назарбаевтың соңғы жұмыстарында нақты сызылған. Қазір бұл тиімді және экономикалық негізді құрылымға айналып қана қойған жоқ, әр деңгейдегі және әр түрлі жылдамдықтағы дамуды үйлестіріп, қамтамасыз етіп отыр.
Сондықтан еуразиялық кеңістіктегі елдердің саяси, экономикалық, мәдени ынтымағы, ұлтаралық келісім мен түсіністік, өзара жәрдем мен сыйластық осы кеңістіктегі мемлекеттердің еркін дамуына, бейбіт келешегіне кепілдік жасайды.
Жалпы, Н.Назарбаев тұжырымдап берген ықпалдастық арқылы даму идеологиясы осынау жаhандық идеяның түп негізі болып табылады. Назарбаевтың халықаралық бастамаларының көрегендігі мен өміршеңдігін бүгінде дүниежүзі танып, мойындап отыр. Мұны үлкенді-кішілі мемлекеттер басшыларының, саяси, қоғам қайраткерлерінің біздің Президент туралы білдірген жылы лебіздері мен құрметтерінен-ақ аңғаруға болады. Басқасын айтпай-ақ қоялық, күні кеше ғана Түркия Президенті Абдулла Гүлдің Қазақстан Президентін “түркі дүниесінің көшбасшысы” деп танимыз деуінің өзі Қазақстан мен оның Көшбасшысының орасан халықаралық беделінен хабар берсе керек.
Дау жоқ, бүгінгі күнге дейін Қазақстан саяси және экономикалық жаңғыру жолында көп нәрсеге қол жеткізді. Алайда, біз тек жолдың бір бөлігін ғана жүріп өттік. Әлемдік қаржы дағдарысын еңсеріп, дамудың даңғыл жолына түсу үшін елдің алдында жаңа мақсат-міндеттер тұр. Егер қазіргі заманғы жаңғыртылған мәтінді ең ықшам түрде белгілесек, оны үш негізгі бөлікке бөлуге болатындай: адам капиталының ең жоғарғы деңгейі; өндірістік-инновациялық стратегияны басшылыққа алу; экономикалық, саяси өзгерістердің бір мезгілде үйлестірілуі.
Н.Назарбаев атап өткендей, жаңа даму жобасы бәрін тегіс қамтиды. Бұл міндеттер “Қазақстан-2030” Стратегиясы аясында әбден пысықталып, тұжырым-далған. Еліміздің стратегиялық даму бағыттарымен үндес. Алайда, осы бағдарлама жүзеге аса бастаған мезгілден бері жаңғыру, жаңару жобасының әр бөлігінде, ішкі-сыртқы мағынасында маңызды өзгерістер болды. Жаңа қарсылықтарды еңсеруге, жаңа тәуекелдерге баруға тура келеді. Оларға балама жауап табуымыз керек.
Бүгінгі таңда Қазақстан басшылығы алдында тұрған басымдықтардың бірегейі инновациялық экономиканың іргетасын орнықтырып, жаңа технологияларды дамыту болып табылады. Осыған орай Президент былай деп мәлімдеді: “Әлемдік шаруашылық байланыстары жүйесіне белсенді кіріккен бүгінгі табысты елдер “ақылды экономикаға” бет бұрды. Ал оны жасау үшін ең алдымен өзіңнің жеке адам капиталыңды дамыту керек. Бұл енді біздің ортақ қазақстандық жобаның барлық қатысушыларының жауапкершілігі. Инновация – бұл еңбек өнімділігін айтарлықтай өсіретін нәрсе. Еңбек өнімділігі артса, біздің халықтың әл-ауқаты қоса өседі. Тұтастыра жұмыс істеу керек; ғылым, ғылымнан соң – тәжірибе, өндірістік-тәжірибелік нұсқау және өндіріске енгізу. Бұл бізде болған емес. “Самұрық-Қазына” корпорациясын құрғаннан кейін осындай мүмкіндік пайда болады”.
Осылайша, жаңғырудың жаңа сапалық деңгейіне өту “2020 Стратегиясымен” тығыз байланысты, осы жоба аясында өндірістік-инновациялық дамудың бес жылдығы жүзеге асатын болады. Бұл жерде әңгіме жаңа технология туралы ғана емес. Біз алға қойған мақсатымызға мемлекетті, бизнесті, азаматтық қоғамды жұмылдыру арқылы ғана қол жеткіземіз. Мемлекет бизнес таңдаған технологияның трансфертін қолдайды, ал ғылыми қауымдастық жетілдірілген жобалардың жүзеге асырылуын, сапасын қадағалайтын болады.
Қазақстан Президенті инновация саласындағы бүгінгі ахуалдың мемлекетке де, қоғамға да қолайсыз екендігін жасырмайды. Осы уақытқа дейін толыққанды жүзеге аспаған әртараптандырудың – диверсификацияның жайы да сондай. Сондықтан Н. Назарбаев ұлттық экономиканың технологиялық тұрғыда дамуына назарымызды аударып отыр.
Н. Назарбаев үшін экономикалық жаңғыруды технологиялық жағынан қамтамасыз ету – еңбек өнімділігін арттыру немесе макроэкономикалық көрсеткіштерді сан жағынан өзгерту мәселесі ғана емес. Міндеттердің шынайы жиынтығы әлдеқайда ауқымды және маңызды болып көрінеді. Оның негізінде “жаңа экономиканы” қалыптастырудағы темірқазық фактор –инновация идеясы жатыр.
Таңдаудың бәсі жоғары. Не жақын жылдарда біздің ел жоғарғы технологиялы және бәсекеге қабілетті экономикасы бар мемлекетке айналады. Болмаса күллі жұмсалған күш-қуатқа қарамастан Қазақстан шикізат өндіруге бейімделген ел ғана болып қала бермек.
Ұлттық көшбасшы үшін ондай дилемма болмайды. Ендеше, соңғы Жолдауда айтылған міндеттерді (“Тек инновациялар ғана еңбек өнімділігін шұғыл арттыра алады”) басшылыққа алып, нақты іс-қимылға көшетін кез жетті.
Қазақстан Президенті адам капиталының бәсекеге қабілеттілігін көтеру үшін қаржы аямау керектігін (ең бірінші кезекте білім саласына); мемлекеттік – жеке серіктестік тетігін нығайтуды; аймақтарға қаржы құю саясатын мұқият пысықтауды және осы ретте аймақ басшыларының жауапкершілігін арттыруды сан мәрте айтты. Расында, жаңғырту, жетілдіру жобасының ең маңызды бөлігі адам капиталы болып табылады. Мұнсыз XXІ ғасыр экономикасына – білім экономикасына өту мүмкін емес.
Қазақстанды қазіргі заманғы бәсекеге қабілетті, гүлденген мемлекетке айналдыруда негізгі рөлді әрдайым “бірінші адам” факторы – Елбасымыз, Президент Н.Ә.Назарбаев атқарады. Қазақстанның тәуелсіздігі, елдің бақуатты, бейбіт тұрмысы Президентпен тікелей байланысты. Мұны халық та, Елбасының тілеулестері де, қарсыластары да мойындайды.
Күні кеше ғана қабылданған “Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы” Конституциялық заң да туған халқының, тарих пен уақыттың Нұрсұлтан Әбішұлына берген әділ бағасы, көрсеткен құрметі мен алғысы екені даусыз. Қазақ мемлекетінің негізін қалаушы, ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы – елдің жасампаз бүгіні мен жарқын болашағының кепілі. Біздің міндетіміз – Елдің, Елбасының амандығын тілеп, қолымыздан келгенше қолдау, көмек көрсету болуы тиіс.
Дархан КӘЛЕТАЕВ, “Нұр Отан” ХДП Саяси Кеңесінің Бюро мүшесі, “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ басқарушы директоры.