Жадыраған жаз айы еді. Ине-жіптен жаңа шыққандай қызмет киімін киген құқық қорғау қызметкерлері жергілікті әкімшілікте өтетін салтанатты жиынға бет алған. Әлден уақытта учаскелік инспектор Руслан Кравцуновтың қалта телефоны шыр ете түсті. Хабарласып тұрған жедел жәрдем фельдшері екен. Русланның учаскесіндегі кейуанаға көмек қажет. Жедел жәрдем қызметкерлері пәтеріне кіре алар емес. Темір есікті ашудың мүмкіндігі тағы жоқ. Оқиға орнына жедел жеткен Руслан кілт саңылауынан пәтер ішін барлады. Бұл үйде көптен бері сырқаттанып жүрген әжей тұратын. Көз салып қараса, жүзі таныс әжей еденде сұлық түсіп жатыр, тіпті, тіршілік белгісі де білінбейді. Жығылғалы да қанша уақыт өткені белгісіз. Ойланып-толғанатын уақыт та жоқ. Енді не істеу керек? Учаскелік инспектор үшінші қабаттағы көрші пәтердің балконы арқылы кейуананың терезесіне жетті. Онсыз да қаусап тұрған жақтауды сәл итеріп, әйнекті босатып ішке енді. Жалма-жан есікті ашып жіберсе, жедел жәрдем қызметкерлері табалдырықты аттағалы тұр екен. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, ес-түссіз жатқан кейуанаға уақтылы жедел көмек көрсетіліп, аман қалды. Қысылтаяң сәтте тапқырлық танытқан учаскелік инспекторы Алғыс хатпен марапатталды. Әйтсе де, ең қымбаты кейуананың туыстары жаудырған ақ тілек еді.
2023 жылдың қазан айының 28-і күні әкімшілік учаскені аралап келе жатқан болатын. Қас қарайып, ымырт үйірілген сәт. Қызмет көлігіне орнатылған рация арқылы тағы бір суыт хабар түсті. Жалғызілікті кейуана талма ауырымен ауырады екен. Өз бетінше есік ашуға дәрмені жоқ. Руслан мекенжайын бірден анықтап, жедел жетті. Бұл жолы да есікті ашу мүмкін болмағандықтан, терезенің әйнегін шынтағымен ұрып сындырып, ішке енді. Есік алдында тұрған жедел жәрдем қызметкерлері кейуананы іле ала жөнелді. Дер кезінде медициналық қызмет көрсетілгендіктен, дәрменсіз кейуана ажал аузынан аман қалды.
Өткен жылдың ақпан айында учаскелік инспектор жергілікті тұрғындарға соңғы уақытта алаяқтық оқиғалардың көбейіп кеткені туралы айтып, бейтаныс адамдарға өздері жайындағы мәліметтерді бермеуі керектігі туралы ескертіп жүрген еді. Кезекті бір тұрғын үйге енген кезде іргедегі пәтерден әлдебір әйел адамның деректерді айтып жатқанын құлағы шалып қалды. Ішкі түйсік алдамапты. Алаяқтар аңқау әйелді алдап, 8 млн теңгеге несие рәсімдемекші екен. Мән-жайды білгеннен кейін бірден банкпен хабарласып, несие рәсімдеуді тоқтатты.
– Кейінгі кезде алаяқтық істер туралы көпшілік хабардар болғанымен, алды-артын ойлай бермейтін аңғал адамдар да кездесіп қалады, – дейді учаскелік инспектор Руслан Викторович.
Еңбегі ел аузына ілініп жүрген полиция қызметкерімен тілдесе келе, оның бала кезінен-ақ осы қызметті аңсағаны, армандағаны көрініп тұрды. Оған полиция қызметкерлері туралы көркем фильмдер әсер етсе керек. Мамандық таңдауда мүлт кетпеуіне анасы Елена Викторовна да ықпал етіпті. Жасөспірім кезінде полиция қызметкерлерінің ерлікке толы іс-қимылы сипатталатын әдеби кітаптарды көп оқыпты. Өзі де сондай биікке көтерілгісі, адалдық пен шындықты қорғағысы келген. Ол үшін, әрине, полиция қызметкері күшті болуы керек деп түйсінген. Сабақты жақсы оқуымен қатар спортты да жанына серік еткен. Ауыр атлетика мен грек-рим күресіне қатысқан. Әлденеше мәрте жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілген. 2013 жылы Атбасар қаласындағы колледжге оқуға түскен. Заңгер мамандығы бойынша. 2016 жылы ерте көктемде Атбасар қаласын қызыл су басып қалғанда еріктілер қатарында табылған. «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін» медалімен марапатталыпты. Атбасар аудандық полиция бөлімшесінде өндірістік тәжірибеден өткен кезде криминалистикаға көңілі ауған. Жас жігіттің бойындағы табиғи бейімді шыңдауға полиция майорлары К.Дауылбаев пен А.Жәкішевтер ықпал еткен. Тәжірибе жұмысы аяқталған соң өз бетінше білімін жетілдіруге күш салған. Осы бөлімде төрт жыл табан аудармастан еңбек еткен. 2016 жылы Руслан Ресейдің Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетіне оқуға түскен. Университет қабырғасында толымды теориялық білім алды.
Руслан Викторович Атбасар қаласында учаскелік инспектор ретінде 2018 жылдан бері қызмет етеді. Мінсіз қызметі үшін бірнеше мәрте марапатқа ие болған. Өткен жылдың наурыз айында Омбы қаласындағы бір кезде өзі оқыған университеттің магистратурасына түсіпті. Ендігі арманы – қызметін ғылыммен ұштастыру. Несі бар, «Талаптыға нұр жауар» дегендей, алдына қойған мақсатына жетпей тынбайтын Р.Кравцуновтың бұл биікке де шығарына сенім мол.
Ақмола облысы,
Атбасар ауданы