Қоғам • Бүгін, 08:32

Ең қымбаты – көптің алғысы

22 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қатардағы учаскелік инспектор – қызмет барысын­дағы іс-қимылы арқылы ел алғысын арқалап жүрген абзал азаматтың бірі. Әуел баста осы қызметті жан-тәнімен қалағандықтан ба екен, нар тәуекелді тілейтін қауіп-қатер көп тұста тізгін тартып көрмепті.

Ең қымбаты – көптің алғысы

Жадыраған жаз айы еді. Ине-жіп­тен жаңа шық­қан­дай қызмет киімін киген құ­қық қорғау қызметкерлері жергілікті әкімшілікте өтетін салтанатты жиынға бет алған. Әлден уақытта учаскелік инспектор Руслан Кравцунов­тың қалта телефоны шыр ете түсті. Хабарласып тұрған жедел жәрдем фельдшері екен. Русланның учаскесіндегі кейуанаға көмек қажет. Жедел жәрдем қызметкерлері пәте­ріне кіре алар емес. Темір есікті ашудың мүмкіндігі тағы жоқ. Оқиға орнына жедел жеткен Руслан кілт саңылауынан пәтер ішін барлады. Бұл үйде көптен бері сырқаттанып жүрген әжей тұратын. Көз салып қараса, жүзі таныс әжей еденде сұлық түсіп жатыр, тіпті, тіршілік белгісі де білінбейді. Жығылғалы да қанша уақыт өткені белгісіз. Ойланып-толғанатын уақыт та жоқ. Енді не істеу керек? Учас­келік инспектор үшінші қабаттағы көрші пәтердің балконы арқылы кейуананың терезесіне жетті. Онсыз да қаусап тұрған жақтауды сәл итеріп, әйнекті босатып ішке енді. Жалма-жан есікті ашып жіберсе, жедел жәрдем қыз­меткерлері табалдырықты ат­тағалы тұр екен. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, ес-түссіз жатқан кейуанаға уақтылы жедел көмек көрсетіліп, аман қалды. Қысылтаяң сәтте тап­қырлық танытқан учаскелік инс­пекторы Алғыс хатпен мара­патталды. Әйтсе де, ең қым­баты кейуананың туыстары жаудырған ақ тілек еді.

2023 жылдың қазан айының 28-і күні әкімшілік учаскені аралап келе жатқан болатын. Қас қарайып, ымырт үйірілген сәт. Қызмет көлігіне орнатылған рация арқылы тағы бір суыт хабар түсті. Жалғызілікті кейуана талма ауырымен ауырады екен. Өз бетінше есік ашуға дәрмені жоқ. Руслан мекенжайын бірден анықтап, жедел жетті. Бұл жолы да есікті ашу мүмкін болмағандықтан, терезенің әйнегін шынтағымен ұрып сындырып, ішке енді. Есік алдында тұрған жедел жәр­дем қызметкерлері кейуананы іле ала жөнелді. Дер кезін­де медициналық қызмет көрсе­тілгендіктен, дәрменсіз кейуана ажал аузынан аман қалды.

Өткен жылдың ақпан айында учаскелік инспектор жергілікті тұрғындарға соңғы уақытта алаяқтық оқиғалардың көбейіп кеткені туралы айтып, бейтаныс адамдарға өздері жайындағы мәліметтерді бермеуі керектігі туралы ескертіп жүрген еді. Кезекті бір тұрғын үйге енген кезде іргедегі пәтерден әлдебір әйел адамның деректерді айтып жатқанын құлағы шалып қалды. Ішкі түйсік алдамапты. Алаяқтар аңқау әйелді алдап, ­8 млн теңгеге несие рәсімде­мек­ші екен. Мән-жайды білгеннен кейін бірден банкпен хабарласып, несие рәсімдеуді тоқтатты.

– Кейінгі кезде алаяқтық істер туралы көпшілік хабардар болғанымен, алды-артын ойлай бермейтін аңғал адамдар да кездесіп қалады, – дейді учаскелік инспектор Руслан Викторович.

Еңбегі ел аузына ілініп жүр­ген полиция қызметкерімен тілдесе келе, оның бала кезінен-ақ осы қызметті аңсағаны, армандағаны көрініп тұрды. Оған полиция қызметкерлері туралы көркем фильмдер әсер етсе керек. Мамандық таңдауда мүлт кетпеуіне анасы Елена Викторовна да ықпал етіпті. Жасөспірім кезінде полиция қызметкерлерінің ерлікке толы іс-қимылы сипатталатын әдеби кітаптарды көп оқыпты. Өзі де сондай биікке көтерілгісі, адалдық пен шындықты қорғағысы келген. Ол үшін, әрине, поли­ция қызметкері күшті болуы керек деп түйсінген. Сабақты жақсы оқуымен қатар спортты да жанына серік еткен. Ауыр атлетика мен грек-рим күре­сіне қатысқан. Әлденеше мәрте жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілген. 2013 жылы Атбасар қаласындағы кол­леджге оқуға түскен. Заң­гер мамандығы бо­йынша. 2016 жылы ерте көктем­де Атба­сар қала­сын қызыл су басып қал­ғанда еріктілер қатарында та­былған. «Құтқару операция­ларына белсенді қатысқаны үшін» медалімен марапатталыпты. Атбасар аудандық полиция бөлімшесінде өндіріс­тік тәжірибеден өткен кезде криминалистикаға көңілі ауған. Жас жігіттің бойындағы табиғи бейімді шыңдауға полиция майорлары К.Дауылбаев пен А.Жәкішевтер ықпал еткен. Тәжірибе жұмысы аяқталған ­соң өз бетінше білімін жетілді­ру­ге күш салған. Осы бөлімде төрт жыл табан аудармастан ең­бек еткен. 2016 жылы Руслан Ресейдің Ф.М.Достоевский атын­дағы Омбы мемлекеттік уни­верситетіне оқуға түскен. Университет қабырғасында толымды теориялық білім алды.

Руслан Викторович Атба­сар қаласында учаскелік инс­пектор ретінде 2018 жылдан бері қызмет етеді. Мінсіз қыз­меті үшін бірнеше мәрте ма­рапатқа ие болған. Өткен жыл­дың наурыз айында Омбы қала­сындағы бір кезде өзі оқыған университеттің магистратурасына түсіпті. Ендігі арманы – қызметін ғылыммен ұштасты­ру. Несі бар, «Талаптыға нұр жауар» дегендей, алдына қойған мақсатына жетпей тынбайтын Р.Кравцуновтың бұл биікке де шығарына сенім мол.

 

Ақмола облысы,

Атбасар ауданы