Экономика • Бүгін, 09:25

Экономикалық өсудің қозғаушы күші – электрондық сауда

23 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төраға­лығымен өткен Үкімет отырысында электрондық сауданы дамыту мәселесі қаралды. Сонымен қатар отырыста қысқы IX Азия ойындарына дайындық барысы пысықталды.

Экономикалық өсудің қозғаушы күші – электрондық сауда

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Сауда нарығында сұрақ көп

Елдегі электрондық сауда на­рығының көлемі 3,2 трлн теңгеге жетті. Үкіметте осы саладағы тұты­нушылар мен өндірушілер құқығын қорғау деңгейін арттыру шараларына қатысты Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев баяндама жасады. «Қазпошта» компаниясы басқарма төрағасы Әсел Жанасова, «Халық банкі» төрағасы Үміт Шаяхметова, «Цифрлық Қазақстан» қауымдас­тығы кеңесінің төрағасы Денис Степанцевтар да сөз кезегін ал­ды. Былтыр электрондық сауда нарығының көлемі 3,2 трлн теңгені құрады, ал бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі үлесі 14,5%-ға жетті. Отырыста электрондық сауданың экономикалық өсудің қозғаушы күші ретіндегі маңызы айтылды. Сала 300 мыңнан аса жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Ал еңбек өнімділігінің өсуі дүкен мен нарықтық сатылымға қарағанда 30%-дан асып кетті.

Премьер-министр электрон­дық сауда нарығының дамуын ескере отырып, сапасыз тауар сатып алған тұтынушылармен қа­тар, бәсекенің заңсыз тәсілдеріне тап болған өндірушілер үшін де қауіпті азайту қажет екеніне назар аударды.

«Біздегі нарықтың ауқымды бөлігін шетелдік интернет-алаңдар алып жатыр. Оларды отандық та­уар экспортын арттыру үшін тиімді пайдалануға болады. Екінші жа­ғынан, тұтынушылардың құқығы мен зияткерлік меншікті және аза­маттардың дербес дерегін қор­­ғау­­ға байланысты мәселе туын­­дайды. Маркетплейстердегі тауар­­лар сапасына қатысты да сұрақ­тар бар. Шетелдік алаңдар түгілі, отандық маркетплейстер де сапа­ға кепілдік бере алмайды. Өнімнің түпнұсқалығы туралы ақпа­рат кө­біне көрсетілмейді», деді О.Бектенов. Осыған байланыс­ты Сау­да және интеграция министр­лігіне бірқатар тапсырма берді.

Үкімет басшысы елдегі бүкіл сауда қызметін, оның қатарында базар мен үй маңындағы шағын дүкендер қызметін цифрланды­ру бойынша нақты шаралар әзір­леу міндетін қойды. Әділет және Цифрлық даму, инновация­лар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрліктері электрондық саудадағы тұтынушы құқығын қорғау деңгейін арттыру бойынша нақты шаралар әзірлеу қажет. О.Бектенов ақпан айының соңына дейін тиісті ұсыныстар енгізуді тапсырды. Сонымен қатар мүдделі мемлекеттік органдар мен «Цифрлық Қазақстан» қауымдастығына электрондық коммер­цияны дамытуды мемле­кет­тік қолдаудың қосымша шараларын әзірлеу жөнінде тапсырма жүктеді. Электрондық сауданы дамытудың 2027 жылға дейінгі бұрын қабылданған жоспарын, отандық бизнес-қоғамдастықтың ұсыныстарын және маркетплейс­термен жұмыс тәжірибесін ескере отырып, құжаттың ережелерін биылғы наурыз айының соңына дейін өзектендіру ләзім.

Мүдделі мемлекеттік органдар және бизнес-қоғамдастықпен бірге, наурыз айының соңына дейін ел ішінде де, халықаралық деңгейде де тауар жеткізудің тиімді тізбегін қалыптастыру міндетін алға шығарды. Сондай-ақ «Қазпоштаның» қазіргі әлеуетін күшейтуді тапсырды. Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі, Сауда және ин­тег­рация министрліктеріне ұлт­тық пошта операторының даму жоспарын әзірлеуді тапсырды.

 

Күш-жігерді жұмылдыру керек

Үкімет отырысында қысқы IX Азия ойындарына дайындық барысы талқыланды. Туризм және спорт министрі Ербол Мыр­­за­босынов баяндама жаса­ды. Қысқы IX Азия ойындары 2025 жылдың 7-14 ақпаны аралығында Қытайдың Харбин қаласында өтеді. Ел құрамасы 10 бағдарлама бойынша 6 спорт түрінен бақ сынайды. Бүгінде спортшылар саны бекітіліп, 138 спортшы қатысатыны белгілі болды. Алдағы қысқы Азия ойындары 2026 жылы Миланда өтетін Олимпиада ойындарына сапалы дайындық жұмыстарын күшейтуге мүмкіндік береді. Ірі спорттық іс-шаралар өткізу халықтың қысқы спорт түрлерімен айналысуға деген қызығушылығын арттыра түсетіні, сондай-ақ туризмге тың серпін беретіні мәлім. Бұл ретте елдегі азаматтар үшін спорт инфрақұрылымының қол­жетімділігі маңызды екені баса айтылды.

«Барлық спорт нысаны қалың көпшілікке қолжетімді болып қалуға тиіс. Бұл спортпен шұғыл­данушылар санын арттырып, осы нысандар айналасында бизнестің дамуына жол ашады. Әкімдіктер мен кәсіпкерлер аталған бағытта белсенді жұмыс істеуі керек. Тек сонда ғана халық­ты қысқы спортқа көптеп тартуға мүмкіндік туады. Бұл бизнес пен спорт-туристік нысандар айна­ласындағы елді мекендерге мультипликативті әсер береді», деді О.Бектенов.

Премьер-министр Туризм және спорт министрлігіне әкім­діктермен бірге инвестор тартып, спорт инфрақұрылымын салу үшін қолайлы жағдай жасап, оның қата­рында Алматы мен Алматы облысында, Шығыс Қазақстанда және басқа аймақтарда жаңадан тау шаңғысы трассаларын жасау жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Бүгінде ең танымал қысқы демалыс орындарының бірі – Шымбұлақтың тәуліктік жүк­темесі жобалық қуатынан асып түсті. Өткен жылы келушілер саны 1,5 млн-нан асты.

Мемлекет басшысы тапсырмасымен салауатты өмір салтын да­мытып, халықты дене шынық­тырумен айналысуға тарту үшін кешенді шаралар қабылданып жатыр. Республика бойынша 5 жыл ішінде 215 дене шынықтыру кешені, 17 жүзу бассейні, 57 спорт манежі және 1,5 мыңнан астам спорт алаңы салынды. Жеке инвесторлар есебінен 92 жоба іске асырылды. Премьер-министр олимпиадалық стандарттарға бағдарланған тиімді дайындық бағдарламаларын құру бойын­ша қарқынды жұмыс қажет еке­нін айтты. Бүгінде спортшылар даярлаудың нақты жүйесінің жоқ­тығы, жаттықтырушы құ­рам­ның жетіспеушілігі, спорт түр­лері бойынша өңірлер арасын­дағы бә­секелестіктің төмендігі байқалады.

«Спорт түрлерін таңдау ғылы­ми тұрғыда негізделіп, елімізге тән ерекшеліктерге сүйене отырып жасалуы керек. Аталған мәселенің шешімі спорт федерацияларының қызметін, олардың халықаралық, республикалық және жергілікті деңгейлердегі жұмысын да реттеу­ге тиіс. Сондай-ақ Туризм және спорт министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту, спорт мектептері мен секцияларын құру және қолдау жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Спорттық медицинаны дамыту жұмысын жандандыру керек. Бәріміз қазақ спортының бәсекеге қабілетті болуы үшін күш-жігерімізді жұмылдыруға тиіспіз», деді О.Бектенов.

Туризм және спорт министрлігі мен әкімдіктерге, барлық мүдде­лі ұйым мен компанияларға – Қазақстан құрамасының Қытайда сәтті нәтиже көрсетуі үшін спорт­шыларға барлық жағдайды жасауды тапсырды. Сыртқы істер министрлігіне ұлттық құрамаға дипломатиялық желі бойынша тиісті қолдау көрсету міндеті жүктелді. Мәдениет және ақпарат министрлігіне спортшыларымыз қатысатын Азия ойындарының үздіксіз әрі сапалы көрсетілімін қамтамасыз ету тапсырылды. Сонымен қатар Туризм және спорт министрлігіне, әкімдіктер және Ұлттық Олимпиада комитет­тері, сондай-ақ федерациялармен бірге 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына сапалы дайындық жұмыстарын барынша күшейтуге қатысты тапсырма берді. Отырыс соңында Премьер-министр әйгілі спортшылар – олимпиада жеңімпаздары Вла­ди­мир Смирнов, Людмила Прокашева, Елена Хрусталева, Денис Тен, Юлия Галышеваның қазақ спортындағы еңбегі мен жетістіктерін атап өтті. Сөйтіп, спортшыларға Харбинде өтетін қысқы IX Азия ойындарында сәтті өнер көрсетулеріне тілектестік білдірді.