Қоғам • Бүгін, 13:37

Жолаушыларды тасымалдау жүйесі сақтандыру талаптарына сәйкес келмейді - депутат

11 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Парламенті депутаты Екатерина Смышляева Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдап, жолаушылар тасымалының қауіпсіздігіне қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды Egemen.kz

Жолаушыларды тасымалдау жүйесі сақтандыру талаптарына сәйкес келмейді - депутат

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы жол-көлік оқиғалары мен олардан зардап шеккен азаматтардың саны 2023 жылмен салыстырғанда екі есе артқан. Жолдарда 2579 адам қаза тапты. Оның үштен бірі - балалар.

Зардап шеккендер арасында Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай және басқа да облыстардағы тас жолдарда апатқа ұшыраған таксилердің жолаушылары бар. Өкінішке қарай, олар бойынша жеке статистика жүргізілмейді. Өйткені бүгінгі нарықтың 95%-ы ретсіз бағыттар мен бейресми қызметтерден тұрады.

Сонымен қатар нарықта әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жұмыс істейтін тасымалдаушылар бар. Мұндай қызметтер бақыланбайды.

«Қысқаша айтқанда, жолаушыларды тасымалдау жүйесі тасымалдаушының жолаушылар алдындағы жауапкершілігін сақтандыру талаптарына сәйкес келмейді, қызметті тасымалдаушы ретінде анықтауға мүмкіндік беретін билет жүйесі жоқ. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасылары бұл сапардың коммерциялық болғанын дәлелдеуге мәжбүр, жүргiзушiлердi медициналық тексеру және жолға алдын ала бақылау жүргiзiлмеген. Ал көлік құралының техникалық жағдайы сапарға шығар алдында тексерілмейді. Көлік жүргізушілері жұмыс немесе демалыс кестесін сақтамайды және демаламастан ұзақ жол жүреді», деп атап өтті депутат. 

Бұл нормалардың барлығы жаңа емес. Олар «Автомобиль көлігі туралы» қолданыстағы заңның 26-бабының 2-тармағында көзделген. Бірақ тапсырысты алу кезеңінде де, оны орындау сәтінде де олардың сақталуы бақыланбайды. Өйткені, тасымалдаушы көліктерде көбінесе жол полициясының немесе көлік инспекциясының сәйкестендіру  белгілері болмайды.

«Сонымен қатар қазіргі заманғы платформалар тұрақты маршруттар мен классикалық диспетчерлік қызметтерді біржола ұмыттырғанын мойындау керек. Такси қызметтері қолжетімді болды. Бұл өте ыңғайлы, бірақ әзірге жайлылық үшін біз өз денсаулығымыз бен өмірімізді тәуекелге қоямыз. Сондықтан жолаушылар тасымалының қауіпсіздігі мәселелерін шешу кейінге қалдырылмайды. Қолданыстағы заңнама талаптарының орындалуын қамтамасыз ету қажет», дейді депутат.